КӨКСУ АУДАНЫНДА МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАМЕН 400-ГЕ ЖУЫҚ АДАМ ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСАДЫ

Уақыты: 05.06.2020
Оқылды: 1011
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Айнабұлақ ауылында Рамазанов көшесінің жолы жаңартылып, Мәдениет үйінің жанынан су жаңа фельдшерлі-акушерлі пункт бой көтереді. Бұл жайында Көксу ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аудан басшысы Алмас Әділ жұмыс бабымен "Жұмыспен қамтудың Жол картасы" мемлекеттік бағдарламасы аясында қаражат бөлініп, жұмыстары жүргізіліп жатқан нысандарды аралады.

Теміржолшылар бекетіндегі Рамазанов көшесінің орташа жөндеу жұмыстарына 19 миллион теңге бөлінген. Мердігер компания - "Жетісу жол құрылыс" ЖШС. Компания өкілдері нысанды белгіленген 1 ай мерзімінде толығымен аяқтап, сапалы жұмыс атқаратынын жеткізді. Ал күніне 20 адамды қабылдауға қауқарлы медициналық пункт жұмыстарына 181 миллион теңге қаражат қарастырылған. Жұмыстарын бастағандарына бірнеше күн болған "Golden City DS" компания өкілдері аудан басшысына жұмыс барысының қалай болатынын толығымен баяндап, мерзімінен кешікпей, 3 ай уақыт ішінде аяқтауға барынша тырысатынын айтты.

Бағдарлама аясында іске асып жатқан жұмыспен жете танысқан Көксу ауданының әкімі Алмас Әділ бірінші кезекте ауылдағы жұмыссыз азаматтардың жұмыспен қамтамасыз етілуін және құрылыстың сапалы, бекітілген мерзімде жүргізілуін тапсырды. Сонымен қатар, 5 білім нысанында аталған мемлекеттік бағдарлама аясында жұмыстар жүргізілетін болады.

Олардың ішінде Жамбыл орта мектебін, З.Тамшыбай ауылындағы спорт алаңын аббаттандыру, Ақын Қабан Жырау атындағы орта мектептің спорт алаңын ағымды жөндеуден өткізу және 10 жылдық Қазақстан ауылындағы шағын футбол, волейбол алаңын жайластыру мен Алғабас ауылындағы 1989 жылы салынған орта мектепті орташа жөндеуден өткізу бар. Мектепте 2009 жылы ішінара жөндеу жасалған. Аталған нысан 420 орынға лайықталып салынған.

Аудан басшысы Алмас Әділдің айтуынша жұмыссыз азаматтар санының өсуіне жол бермеуге, халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған мемлекеттік бағдарлама аясында 83 миллион теңге бөлінген.

Аудан басшысы объектілерді мұқият тексеру барысында: "Орын алған кемшіліктерді тез арада түзетіңіздер. Қысқа уақыт ішінде. Өзім бақылаймын. Ешқандай жұмысты назарымнан тыс қалдырмаймын", - деді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Көксу ауданы,

Алматы облысы