ҚЫС БОЙЫ ОҚУШЫЛАРДЫ ТОҢДЫРҒАН МЕКТЕПКЕ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ БАСТАЛДЫ

Уақыты: 20.06.2020
Оқылды: 1321
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Үштөбедегі А.Пушкин атын­дағы орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Аталмыш жоба «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асуда.

А.Пушкин атындағы орта мектеп он жылдан астам уақыт жөндеу көрмеген еді. Іргетасы 1983 жылы қаланған білім ошағына 2007 жылы жөндеу жүргізіліп, терезелері ауыстырылған болатын.

Енді, міне, еңселі, үш қабатты ғимаратқа бүгінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіле бастады. Кеңес өкіметі кезінде кірпіштен салынған мектептің төбесі жұқа, жылу жүйесі ескі болғандықтан қыста суық болды. Кәріз жүйесінің де тозығы жетіп, жерден сыз тартып тұратын. Осыған байланысты оқушылардың басым бөлігі басқа мектепке ауысуға мәжбүр болған.

Мектеп 1176 оқушыға арналған, алайда биылғы оқу жылында 1-11-сынып аралығында небәрі 260 оқушы, бір мектепалды даярлық тобында 25 бала білім алуда.

Қазіргі таңда қомақты қаражат бөлініп, нысанға құрылыс жұмыстарын бас мердігер «ПСК Грандцентр» ЖШС жүргізуде. Құрылыс жұмыстарының сапасын техникалық бақылауды «УКС» ЖШС, ал авторлық бақылауды «Бахыт АБК» ЖШС мекемесі жүзеге асырады. Тапсырыс беруші – «Қаратал ауданының білім бөлімі» мемлекеттік мекемесі.

– Құрылыс жұмыстары мамыр айының 13-інен басталды. Мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Білім ордасының шатыры ауыстырылады, жаңа қасбет (фасад) жасалып, қабырғалар жылу сақтайтын материалмен қапталады. Ағаш едендері ауыстырылып, ішкі қабырғалар әктеледі. Мектептің сырты абаттандырылып, от жағатын жаңа қазандық салынады. Балалар алаңы болады. Шағын футбол, волейбол, баскетбол алаңына резеңке жабын салынады. Мектеп ауласына жарық шамдары орнатылады, – дейді өндіріс жұмысына жауапты маман Жарылқасын Қисықбасов.

Қазіргі таңда білім ордасының ішкі жұмыстары жасалып жатыр. Нақтырақ айтқанда, қабырға сылағын түсіру, ескі еденді алу секілді жұмыстар атқарылуда.

– Аудан бойынша Жұмыспен қамтудың жол картасы шеңберінде А.Пушкин атындағы орта мектептің ғимаратына күрделі жұмыс жүргізуге және Үштөбе қаласы бойынша су құбырлары мен кәріз нысандарын күрделі жөндеуге және қайта құруға жұмыс күштері қажет. А.Пушкин орта мектебінің құрылыс жұмысына ауданнан 116 адам алынады. Бұдан бөлек, су құбырын қайта жөндеуге 65 адам, кәріздерді қайта жөндеуге 51 адам қажет. Қазіргі таңда адамдарды жұмыспен қамту жүргізіліп жатыр, – дейді аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Ақжайық Кілтбаева.

Құрылыс жұмыстары биыл қараша айында толық аяқталады деп жоспарланып отыр. Күзде ұстаздар мен оқушылар оқу жылын жарық, жылы әрі жаңарған мектепте қарсы алмақ. 

Асхат ӨМІРБАЕВ

Қаратал ауданы

Алматы облысы