Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"БАСПАНА - БАСТЫ МӘСЕЛЕМ", - ДЕЙДІ 28 ЖАСТАҒЫ КӨПБАЛАЛЫ АНА

Уақыты: 21.06.2020
Оқылды: 645
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Бала – отбасының мызғымас тірегі, ертеңге деген сенімінің кепілі. «Ұрпақ ұлттың жалғасы» деп қараған бабаларымыз өзге жұрттан ұрпақ тәрбиесіне деген ынта-ықыласы мен ниеті арқылы оқ бойы озық тұр. Қасиетті қазақтың қара шаңырағында дүниеге келген сәбиін бесік жырымен жұбатып, әнімен әлдилеп, ертегімен елітіп, жыр-дастанмен құлақ құрышын қандырған. Міне, осындай мейірім мен даналықты бойына сіңірген қазақтың қай ұрпағы болмасын ұлттық намысты жоғары қоятын, көрегенді, көпшіл болып өскен. Бала тәрбиесіне жауапкершілік пен асқан төзімділікті ту еткен ата-ананың еңбегі міндетті түрде ақталатыны ақиқат. Ұлықты ұлдары мен қылықты қыздарына тәрбие беруді талбесіктен бастап, үлкендердің ақыл-кеңесіне көп құлақ асатын Мәмбет ауылындағы АРЫНБЕКОВТЕР отбасын ерекше атап өтсек болады.

ЖЕТІ КЕРЕМЕТ

Отбасының берік, шаңырақтың шаттыққа толып шайқалмай тұруы отбасындағы отағасы мен отанасына тікелей байланысты. Біздің бүгінгі кейіпкерлеріміздің шаңырақ көтеруінің өзі үлкен сыйластықтан бастау алған. Оған себеп – ерлі-зайыптының жас айырмашылығы.

Телефон арқылы танысып, үш рет кездескен 1980 жылғы Ержан Арынбеков пен 1992 жылғы Гүлзира Нұрланқызы екеуі бас қосып, үлкендердің ақ батасын алып, өздерінің шағын мемлекетінің шаңырағын көтереді. Сыйластық пен құрметтен құрылған шаңырақтың шаттығы күн өткен сайын еселенеді. Жасы үлкен азаматы Гүлзираға үнемі қамқорлық танытудан шаршаған емес. Осыдан он жыл бұрын бас қосқан екеуі бүгінде берекесі мен бірлігі жарасқан көпбалалы отбасы.

Малайсары ауылының тумасы Гүлзира Нұрланқызы келіндік міндетін де мінсіз атқаруға үйренген. Әр ісіне асқан тиянақтылықпен, ұқыптылықпен қарайтын ол отбасындағы береке тікелей әйел адамға байланысты дейді. Үлкен өмір жолында үнемі қолдау білдіріп, жол көрсетіп, қажет жерде ақыл-кеңесін айтып отыратын енесі Рысхан Арынбековаға айтар алғысы шексіз. Үш қыз бен төрт ұлға тәлім-тәрбие беріп отырған отбасының бар байлығы – балалары.

– Көпбалалы отбасы болу бала күнгі арманым еді. Жеті балам мен үшін әлемнің жеті кереметімен пара-пар. Бұйыртса, сегізінші кереметті тағатсыздана тосып жүрміз. Біздің өміріміздің мәні – балаларымыз. Тұңғышым 10 жаста. Балалардың есімін әкесі өзі қояды. Ол өте балажан. Әр баласына ерекше мән беріп, бәрін өзгеше еркелетіп отырады. Бала толық отбасында өмір сүруі тиіс екенін үнемі айтып жүреміз. Себебі, қазір ажырасу көп болып кетті. Соған алаңдаймын. Баланың асыр салып қуанып жүргенін, ойнағанын көру арқылы олардан күш аламын. Ата-ана деген баласы үшін өмір сүреді екен ғой. Өзіміз әке-шеше атанған соң өз ата-анамыздың қадірін терең түсіндік. Жолдасым Ержан да үлкен отбасын жақсы көреді. Әрине, мына заманда бала қарау, тәрбиелеу оңай емес. Мені танитындар үнемі: «Неге бала туа бересің? Бала тума болды. Көзге көрінгенін жеткізіп алсаңшы» деп ақыл айтады. Егер Жаратқан маған көпбалалы ана болуды нәсіп етіп тұрса, ол байлықтан қалайша бас тартамын? Балаларымның несібесі Алладан. Ең бастысы, көзге көрінген балаларым аман болса екен. Қазіргі басты тілегім осы, – дейді Гүлзира Нұрланқызы.

Иә, Жаратқан қалаған пендесіне ұлды да, қызды да береді. Сондықтан да Тәңірдің бере салған тәтті сыйлары Ержан мен Гүлзираға тек қызығын көрсетуді нәсіп етсін.

Мәмбет ауылының тумасы Төлеген НАЗАРҚҰЛҰЛЫ:

– Дос деген киелі сезімге дақ түсірмейтін сыныптасымды үнемі мақтан тұтамын. Өзін емес, өзгені бірінші ойлайтын ол көпке жақсылық жасауға асығып жүреді. Тай-құлындай тебісіп өскен біздер Ержанның берекелі отбасын үлгі тұтамыз. Қатарымыздың соңынан үйленсе де бәрімізден озды. Көпбалалы отбасы атанды. Қаланы қойғанда қазір ауылды жерде де көпбалалы отбасылар саны азайып кетті. Жаратқан құрдасыма бар бақытты да, байлықты да берді. Балалардың несібесіне орай баспаналы болса деймін. Бұл отбасыға қандай марапат берілсе де лайықты. Олар өте еңбекқор.  Ержан досым ауылдағы ұсақ малды жекеге шығарып бағады. Шаңырақтың шаттығын еселеп отырған Гүлзира сегізінші перзентін күтіп жүрсе де, қазір егістікте еңбек етіп жүр. Нәзік жанды болса да жұмыстың ауыры мен жеңілін, қиыны мен оңайын таңдап көрген емес. Адал еңбекпен нан тауып жүрген отбасын қуантуға асығайықшы, - деп лебізін білдірді.

ҚАНАҒАТ

Отбасы деген мемлекеттің құрылып, тәй-тәйлап аяқ басқан жолында кездескен қыратты, таулы, жазық жолдардан бірге өткен біздің кейіпкерлер өмірдің бар сынын бірге көтеруге дайын. Ал біз сөз еткен үлкен әулеттің отанасы тар құрсақты кеңейтіп, тас емшекті жібітіп, жеті баланы өмірге алып келгені үшін Президент Жарлығымен «Алтын алқа» алқасын жарқыратып жүрек тұсына қадаған нағыз БАТЫР АНА.

Қанағатшыл адамның қарны тоқ. Қолында барына шүкір етіп, жоққа сабыр еткен Ержан мен Гүлзира мемлекеттің қамқорлығына дән риза. Тіпті, жеті баламен атаулы әлеуметтік көмектің тізіміне ілінбегеніне де еш ренжімейді. Себебі, өз баспанасы болмаған соң қайнағасының үйін паналауға мәжбүр. Сол үйде тіркелген. Қайын ағасының басқа да жері болғандықтан, сол үйде тіркелген адамның көптігінен табыс көзі шектеулі сомадан асып, атаулы әлеуметтік көмекті ала алмай қалған. Қазір тек мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақыға күн көруде.

Қаражат бәріне жетіп, артылмайтыны анық. Десе де, күнделікті шай-пайды ақтайды. Оның үстіне күн санап өсіп келе жатқан балалардың сұранысы да артқан. Елдегі жағдайға байланысты жұмыс болмай, аздап қысылып та қалған. «Шықпа жаным, шықпа» деп жандарын шүберекке түйіп, барды қанағат тұтып жүрген отағасы да біраз уақыт жұмыссыз қалған-ды. Бірді бірге жалғап күнелткен отбасы үшін қиын болса да олардың аузынан Алласы түскен емес. Олар осы күндеріне дән риза.

«Қариясы бар үйдің – қазынасы бар» демекші, бәрінің ақылшысы, жанашыры болып отырған балалардың әжесі Рысхан ана Ержан мен Гүлзираға барынша қолдау білдіруге дайын. Олар жұмысқа кеткенде бала-шағаға ие болып, ұлы мен келінінің бір жағына шығысып жүр.

Ержан балалары үшін еш аянып қалмайды. Жеті баласын бауырына басып, Тәңірдің осындай бақытқа бөлеген бақытты пендесі екеніне шүкір етеді. Ана көріп тон пішіп, әке көріп оқ жонған балалардың арманы асқақ, мақсаты айқын. Бәрінің тілегі – ата-анасының амандығы. Кішкентай ғана жүрек иелерінің таудай тілегі қабыл болса екен дейміз.

– Бұл – өмір. Таң атып, күн бататыны секілді өмірдің өз ақ және қара жолағы бар. Егер әр сәтіміз ақ жолақтан тұрса біз бардың қадірін түсінбес едік. Қиындық әркімнің басында болады. Төзе білу үшін шыдам мен қанағат керек. Өмірдің мәні ақшада емес.  Қанағат жасап, шүкір етсек бес тиынның өзі мол берекесімен келеді. Балаларды дүниеге алып келген соң дұрыс тәрбие беріп, қоғамның бір-бір мүшесі етіп тәрбиелеу біздің міндетіміз. Мемлекетке қол жаймаймыз. Үкімет тарапынан берілуі тиіс көмекті алып отырмыз. Біздер үшін барлық жағдайды жасаған азаматтарға алғыс айтамыз. Кезінде мұндай қаражат алмаған күнде де өмір сүргенбіз. Одан жаман болмадық. Ең бастысы – ел аман, ірге бүтін, заман тыныш болсын, – дейді Ержан Арынбеков.

Иә, өмірдің адамдарға арнаған өз сынағы бар. Одан сүрінбей өту үшін сабыр, жігер, төзім керек. Ең бастысы, Ержан мен Гүлзираны алға жетелейтін, қуанышқа бөлейтін, өмірін жалғайтын ұлықты ұлдары мен қылықты қыздары бар.

ҮЙІ ЖОҚТЫҢ...

«Өз үйім, өлең төсегім». Бұл отбасы осы бірауыз сөзді айтуды армандап жүр. Себебі, көпбалалы отбасының өз үйі жоқ. Самайын қырау шалған асыл ана, жеті бала, қысқасы, бір үйдің он жаны өзгенің табалдырығын тоздыруда. Үйі жоқ отбасының күйі қайдан болсын? Ойын балалары тойып ас ішкенге, бүтін киім кигенге риза. Бала көңіл баспананың жоқтығына алаңдамайды. Бұл мәселе үлкендердің жанына батуындай-ақ батып келеді. Бірақ қолдан келер шара жоқ. Тапқан табыс ішіп-жемнен артылмайды. Мемлекетіміздің қамқорлығын сезінгендеріне риза болған отбасының қуанышы еселеніп, қоныстой жасайтын күн туар ма екен? Ағасының шаңырағын паналаған олардың арманы – баспаналы болу.

– Өз үйің болмаса күйің де болмай кетеді екен. Біздің қазіргі бар арман, мақсатымыз – баспаналы болу. Бір бөлмелі болса да үйіміз болса екен дейміз. Көпшілік: «Үйі жоқ болса шиеттей бала-шағаны неге туды? Қарай алмаса, жағдайы болмаса туып не керек. Мемлекет үшін туып па екен?» дегендей пікір айтатынын да білемін. Бірақ бізді осындай қиындыққа жасытпай отырған осы балаларымыз. Ертең не боларын ешкім білмейді. Бірақ мен көмек сұрап көпшілікке алақан жайған емеспін. Отбасымызға келген қаражат аз да болса үлкен берекемен келеді. Мұның өзі Құдайдың бізге берген берекесі деп білемін. Барлығы адамның пейіліне байланысты. Біздің үйсіз жүргенімізді жергілікті басшылар жақсы біледі. Аудан әкімі де құлағдар. Ол кісілерге бірнеше рет барып, жағдайымды түсіндіргенмін. Қазір тұрып жатқан үйіміз қауіпті болып тұр. Оны суретке де түсіріп алып кетті. Енді тек күтудеміз. Бір жақсы жаңалық болып қалар. Үмітімді үзбеймін. Баспанадан басқа мәселем жоқ. Алла денімізге саулық берсе, кез келген жұмысты істеп, бала-шағамызды елден кем қылмаймыз. Алланың берері таусылмасын, – деді БАТЫР АНА Гүлзира.

Қасиетті қара шаңырақтың жылуынан асқан жылулық жоқ. Өз баспанаң – берекең. Алайда, баспаналы болуға бәрінің де қолы жете бермесі анық. Бір басында қаншама ауыр мәселе төрттағандап тұрса да қолда барын дастарқанға жайып,  үйдің берекесін еселеп, күнде енесінің ақ батасын алып отырған Гүлзираның ерлігі ерен. Кеудесінде бүлкілдеген жұдырықтый жүрек қанша қуанып, қанша мұңайса да  олар еш сыр бермейді. Жаратқаннан үміт үзбейді.

ТІЛШІ ТҮЙІНІ: ЗАМАН ӨЗГЕРГЕН САЙЫН АДАМ ДА ӨЗГЕРДІ. ӨЗГЕ ТҰРМАҚ, ТУҒАНЫМЫЗ ҚИЫН КҮЙДЕ ОТЫРСА ДА ҚАЛ СҰРАУҒА ЖАРАМАЙМЫЗ. АЛ АУЫЛДАСЫМЫЗДЫҢ МЫНАДАЙ ЖАҒДАЙЫНА ТІПТІ БАС ҚАТЫРМАЙМЫЗ. СЕБЕБІ, АУЫЛДАСПЕН ҚАУЫМДАСЫП, БАРЫНА ҚУАНЫП, ЖОҒЫНА ҚАЙҒЫРЫП ӨМІР СҮРІП ЖАТҚАН ЖОҚПЫЗ. ӨКІНІШТІ-АҚ... МӘМБЕТ АУЫЛЫНАН ШЫҚҚАН МЫҚТЫ АЗАМАТТАР КӨП. ШИЕТТЕЙ БАЛА-ШАҒАЛЫ ОТБАСЫНЫҢ ОСЫ МҰҢЫНА ҚҰЛАҚ АСАР БІР ЖАН ТАБЫЛСА, ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚТЫҢ ТӨРЕСІ СОЛ БОЛАР ЕДІ, ӘРИНЕ. «НЕМЕНЕГЕ КӨМЕКТЕСЕМІН? ОЛАРҒА ҮЙ АЛЫП БЕРУ - МЕНІҢ МІНДЕТІМ ЕМЕС» ДЕМЕЙ, ҚОЛТЫҒЫНАН ДЕМЕП ЖІБЕРЕТІН ЖАНДАР БАР ҒОЙ. БӘЛКІМ, БҰЛ ЖАҒДАЙҒА АСА МӘН БЕРМЕЙ ЖҮРГЕН ШЫҒАР?! ОСЫ МАҚАЛАНЫ ОҚЫСА, ҚАЛТАЛЫ АЗАМАТТАР ОЙЛАНАР ДЕГЕН ҮМІТТЕМІН. ҚАЗАҚТА АСАРЛАТУ, ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ, ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАУ АРҚЫЛЫ АҚШАДАН ДА ҚЫМБАТ БАТА, АЛҒЫС АРҚАЛАУМЕН ӨСУ, ӨНУ ДЕГЕН БАР. ТҰТАСТАЙ БІР АУЫЛ БІРІГІП, БІР ОТБАСЫН ҚУАНТА АЛМАСА, БІР ОТБАСЫНА ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАЙ АЛМАСА, КӨЗДЕРІ МӨЛДІРЕГЕН БАЛАЛАРДЫҢ БОЛАШАҒЫНА АҚ ЖОЛ АША АЛМАСА, БІЗДІҢ АУЫЛ, ТУЫС, АҒАЙЫН БОЛҒАНЫМЫЗДАН НЕ ПАЙДА?! НЕБӘРІ 28 ЖАСТАҒЫ ҚАЗАҚТЫҢ БАТЫР АНАСЫНА ҚУАНЫШ СЫЙЛАЙ АЛМАСАҚ, ҚАЗАҚТЫҒЫМЫЗҒА СЫН ЕМЕС ПЕ, АҒАЙЫН?!

Еңлік КЕНЕБАЙ

Көксу ауданы

Алматы облысы