БАСПАНА БАҚЫТЫ: 15 ОТБАСЫ ҮЙЛІ БОЛДЫ

Уақыты: 06.07.2020
Оқылды: 1445
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Алматы облысының Кеген ауданында көп балалы, аз қамтылған отбасыларға үйдің кілті табысталды. Елорда күнінде тарту етілген үйлер "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында салынған.

Тұрғын үй кілтін кезекте тұрған отбасылар мен қатар Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген ардагер ана Рысалды Малдыбекова да иеленді. Салтанатты шарада құқық саласының бір-бір қызметкері де үйлі болып, мерейлері тасыды. Баспана кілтін табыстаған Кеген ауданының әкімі Талғат Байеділов мереке күні шаттыққа кенелген отбасыларға жақсылық тілеп, жылы лебізін арнады. Мұндай игілікті іс алдағы уақытта да жалғасатынын айтты.

Аудан орталығынан алдағы уақытта 36 тұрғын үй салынбақ. Есте қалар сәтте тұрғын үйлерді салумен айналысқан "СЕМ ШОҒЫ" құрылыс сервис" ЖШС-нің директоры Серік Жазықбаев сөз алып, аудан әкіміне естелік кілтті тапсырды. Баспаналы болу бақытына кенелген Тимур Айтжанов осындай қолдау мен қамқорлық үшін Мемлекет басшысына, облыс, аудан әкіміне жүрекжарды алғысын арнады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"