ҚАЗАҚСТАНДА СОҢҒЫ БЕС АЙДА ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖИНАҒЫ КӨБЕЙДІ

Уақыты: 09.08.2020
Оқылды: 1449
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

2020 жылдың бес айының қорытындысы бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жеке зейнетақы шоттарының саны 1 миллион бірлікке ұлғайды. Ағымдағы жылдың бірінші қаңтарында ЖЗШ саны 10 672 567 бірлікті құраса, 1 маусымда бұл көрсеткіш 11,6 миллионға (11 682 546) жетті.

Шоттардың ең көп саны міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) бойынша ашылды. Олардың саны он бір миллионнан асты. Одан кейінгі орынды иеленген міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен қалыптасқан шоттардың саны 515 837-ге жетті. Ерікті зейнетақы жарналарының (ЕЗЖ) да саны арта түсті, БЖЗҚ-дағы мұндай шоттардың саны – 55 320.

Жалпы шоттарда 11,7 триллион теңге зейнетақы жинақтары шоғырланған. Жыл басынан бері сома 866 миллиард теңгеге немесе 8 пайызға ұлғайды.

Зейнетақы жинақтарының негізгі сомасы МЗЖ есебінен қалыптасты және 11,4 триллион теңгені құрады. МКЗЖ бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы 275,6 миллиард теңге болды. ЕЗЖ бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы 2,1 миллиард теңгеден асты.

Салымшылардың шоттарына 2020 жылдың басынан бастап 428,2 миллиард теңге көлемінде зейнетақы жарналары аударылған. Бұл 2019 жылдың алғашқы 5 айындағы көрсеткіштерден 12 пайызға артық. Жарналардың жалпы көлемінің 95 пайыздан астамы БЖЗҚ-ға МЗЖ түрінде аударылған түсімдердің үлесінде, оның сомасы – 408 миллиард теңге, ал МКЗЖ – 20 миллиард теңгеден астам, ЕЗЖ – 134 миллион теңгені құрайды.

Төлемдер 62,4 миллиард теңге болды. Оның басым бөлігі жасы бойынша төлемдерге ҚР-дан тыс жерлерге ТТЖ-ға кету бойынша, сақтандыру ұйымдарына аударымдар, мұрагерлерге, жерлеуге тиесілі.

2020 жылдың басынан бастап 1 маусымына дейінгі жағдай бойынша БЖЗҚ салымшыларының шоттарында 499 миллиард теңгеден астам таза инвестициялық табыс есептелді. Бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 272,4 миллиард теңгеге артық. Соңғы 12 айда зейнетақы активтерінің кірістілігі инфляция 6,7 пайыз болғанда 8,9 пайызды құрады. Яғни, зейнетақы активтері бойынша нақты кірістілік оң көрсеткішке ие.

«БЖЗҚ» АҚ баспасөз орталығы

Сурет ғаламтордан алынды