АТА-АНАЛАРҒА КЕҢЕС БЕРУ ОРТАЛЫҒЫ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ

Уақыты: 10.08.2020
Оқылды: 1580
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Індет таралуына орай төтенше жағдай жарияланып, карантин тәртібі енгізілгелі отбасылық кикілжіңдер, тұрмыстық зорлық-зомбылық көбейе бастады. Тіпті, мүмкіндігі шектеулі жандар мен олардың қамқоршылары арасында түрлі келеңсіздік орын алуда. Осындай жағдайдың алдын алу және оны болдырмау үшін 10 тамыздан республика аумағында «Ата-аналарға арналған кеңес беру орталығы» ресми жұмыс бастады. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Аталған орталық тамыз бен қараша айы аралығында Нұр-Сұлтан, Алматы қаласы мен облысы, Ақтау, Ақтөбе, Павлодар, Қызылорда қалаларында мүмкіндігі шектеулі балаларға және олардың отбасыларына арналған психологиялық көмек көрсету бағытындағы жұмыстармен айналысады. Игілікті шара «Ассоциация Қазақстан әйелдері» ҚБ ұйымдастыруы және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асады.

Осы орайда семинар-тренингтер ұйымдастырылып, ата-анарға арналған психологиялық көмек көрсету, баланың бейімделуіне орай психологиялық диагностика, стресс және депрессияға байланысты тренингтер, отбасындағы кекілжіңге байланысты психологиялық кеңестер тегін көрсетіледі.

Айта кетерлігі, орталық жұмыс тәртібі тамыз-қараша айының аралығына жоспарланған. Егер жоғарыда көрсетілген жағдайларға байланысты қандай да бір сұрағы, құқықтық көмекке зәру азаматтар болса, 8 701 559 42 22 телефон нөмері бойынша семинарға тіркеліп немесе 8 702 529 09 27 телефон нөмері бойынша тегін психологиялық кеңес алуға болады.

Әрине, адам құқығы мәселесі жиі талқыланып жатқан бүгінгі таңда осындай шаралар ауадай қажет. Өйткені, ол тек қана азаматтардың құқығын қорғауды мақсат етпейді. Сондай-ақ, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға да септігін тигізеді.

Қажет АНДАС

Алматы облысы