"ЖЕТІСУ" ГАЗЕТІНІҢ АРҚАСЫНДА АУЫЛДАҒЫ ТӨРТ ҮЙГЕ АУЫЗСУ ТАРТЫЛДЫ

Уақыты: 19.09.2020
Оқылды: 1012
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

«Расында да сусыз тіршілік жоқ. Ал тіршілік нәрін тасымалдап ішудің азабы мен қиындығын басынан өткерген жан ғана түсінеді». Тереңқара ауылында тұратын, сексеннің сеңгіріне шыққан Б.Шөпшекова апамыз осылай деп облыстық «Жетісу» газетіне мұңын шаға хат жазып, ол хат шілде айында «Ауызсудың азабы» атты тақырыппен жарияланды.

Онда тереңқаралық тұрғындар түгелдей ауызсумен қамтамасыз етілгенде бұл жақсылықтан 4 үйдің тысқары қалып қойғаны жазылған болатын. Содан бері де еш хабар жоғын айтып, қызы Марита Мұқатайқызы редакцияға телефон шалған еді.

– Газетке халық үнін естісе екен деп жазады. Бірақ мақала жарияланғалы жаз бітіп, күз келгенмен анамыз әлі сусыз отыр. Қолында мүгедек баласы бар. Кәрі кісінің күніге көрші-қолаңнан су сұрап, тасымалдауы жанымызға батып жүр. Жазылған жайтқа журналистер араласып, өтініштің аяқсыз қалмай, толық шешімін табуына атсалыссаңыздар, – деген өтінішін білдірген болатын.

Орталықтандырылған ауызсудан жырақ қалған кейуананың проблемасын тиісті орындарға айтып, мәселенің мән-жайын жеткізген едік. Жазылған жайтқа бірден назар аударған аудандық «Талғар су» мекемесінің мамандары мақалаға қатысты нақты жауап қайтарумен қатар кешіктірместен 4 үйді түгел ауызсу құбырына қосып, қуанышқа кенелтті. Жылдан аса су тасымалдаудан шаршаған 80-дегі Бәтен апа да шаруасының шешім тапқанына дән риза болып, аналық алғысын жаудырды.

– 2019 жылы «НСК «МВМ CONSTRUCTION» ЖШС мер­дігерлік ұйымы Тереңқара ауылына су құбырын жүргізген. Биылғы жылы су құбырлары «Талғар су» мекемесінің теңгеріміне берілді. Ауылдағы суға қарайтын учаске басшысы ауыл тұрғындарымен кездесіп, су құбырларын толығымен қосып берді. Айтылған төрт үй 2019 жылы салынған жобада қарастырылмаған. Қажетті құжаттары (техникалық шарт) алынған соң су құбырларын қосып беруге мекемемен келісілді. Аталған мекеме бүгінгі таңда Тереңқара ауылындағы 95 үйді, яғни, 344 адамды сумен қамтамасыз етіп отыр. Сөйтіп, «Талғар ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» ММ тапсырысы бойынша «Алматы облысы Талғар ауданы Тереңқара ауылы су құбыры желісін қайта құрылымдау және салу» жобасымен құрылыс жұмыстары аяқталды, – дейді аталған мекеменің өндірістік бөлімінің басшысы Эльмира Теберікова.

Бүгінде Тереңқара ауылын ауызсумен қамтамасыз ету жобасы бойынша 2 ұңғыма қазылып, екінші сатылы су сорғы стансысы орнатылған.

Ұлбосын ИСАБЕК

Тереңқара ауылы,

Талғар ауданы

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды