"СЫРТТАЙ КУӘЛАНДЫРАДЫ": МҮГЕДЕКТІКТІ РАСТАУ РӘСІМІНЕ ЕНГІЗІЛГЕН ӨЗГЕРІСТЕР

Уақыты: 21.09.2020
Оқылды: 1065
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Журналистер үйінде медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу тәртібі және департамент қызметіндегі сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарының алдын алу тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті.

Онда Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Алматы облысы бойынша департамент басшысы Зайда Ілімжанова медициналық ұйымдар, толық диагностикалық емдеу және оңалту шараларын жүргізудің заңдылықтары жайлы айтты. Оның айтуынша, мүгедектік белгілеу рәсімінде науқасқа емдеу жүргізген мекеме жауапты. Ем жүргізгеннен кейін төрт ай ішінде дәрігерлік кеңес комиссиясы шешім шығаруы тиіс. Жыл сайын облыстық департаментке 25 мыңнан аса сырқат тіркеуге алынады.

Спикердің айтуынша, ағымдағы жылдың басынан қағидаларға біраз өзгерістер мен толықтыру енгізілген. Мәселен, медициналық-әлеуметтік сараптама мамандарының консультативтік көмегі алынып тасталды. Яғни, емдеуші мекеменің қорытындысы қорытынды шығаруға жарай береді. Он сегіз жасқа толған адамдарға мүгедектік 5 жылға белгіленеді. Мүгедектікті растау рәсімі емделушінің денсаулығы нашарлаған жағдайда ғана емес, жақсарған кезде де жасалады. Сондай-ақ, карантин жағдайында мамандар сырқатқа сырттай куәландыру жүргізеді. Сараптама жүргізушілердің аудио-бейне жазбасы 4 айға дейін сақталады.

Биыл 1013 науқас сырттай куәландырылған. Керек жағдайда дәрігерлік қызмет көрсетудің қолжетімділігін арттыру үшін бөлімдер аудан орталықтарында көшпелі отырыс жүргізеді. Мысалы, биылғы бастапқы алты айда аудандарда 129 көшпелі отырыс өткізілген.

Брифингте мәлім болғандай, жаңа қағидалар мүгедектікті анықтауды айтарлықтай жеңілдеткен. Аталған департаментте сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу үшін барлық қадағалау шаралары ұйымдастырылған. Құқықбұзушылыққа жол бермеу үшін техникалық құралдар да жан-жақты пайдаланылады.

Гүлжан МҰҚАШҚЫЗЫ

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан