"ҚУАНЫШЫМДА ШЕК ЖОҚ": ТАЛДЫҚОРҒАНДА 150-ГЕ ЖУЫҚ ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

Уақыты: 10.10.2020
Оқылды: 2009
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Талдықорғанда Қала күніне орай баспаналы болу бақыты 150-ге жуық отбасына бұйырды. Коттеджді қалашықтан 71, «Көктем» шағынауданынан 60 пәтерлі үй пайдалануға берілді. Сондай-ақ, 16 медицина қызметкері пәтер кілтін алды. Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам ӘЛИ мен Талдықорған қаласының әкімі Ғалымжан ӘБДІРАЙЫМОВ пәтер кілттерін салтанатты түрде табыстады.

8,5 миллиард теңгеге 620 үйдің құрылысы жүріп жатқан коттеджі қалашық Талықорғанның сәнін ғана келтірмей, талай жылдан бері үйсіз-күйсіз жүрген жандарға қуаныш сыйлауда. Жылдың аяғына дейін барлық үйдің құрылысы аяқталып, халықтың қуанышы еселене түспек.

Талдықорғандықтарды мерейлі мерекемен құттықтаған қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымов:

- Жылдағы дәстүр бойынша алтын күзде біз қала күнін өткіземіз. Жаңа нысандар ашамыз, пәтер кілтін табыстаймыз. Сол дәстүрдің сіздер куәсі болып отырсыздар. Коттедж қалашығында 620 үй салынып жатыр. Осы уақытқа дейін 157 коттеджді тапсырдық. Қазір 71 кілтті табыстадық. Желтоқсан айында тағы 48 үйді береміз, – деп, осы жерде 1200 орынды мектептің құрылысы басталғанын, сондай-ақ, үлкен сауда үйі салынатынын айтты. – Жақында заманауи балалар ойнайтын алаң, аллея да ашамыз. Қала күнін жылда саябақтарда ауқымды түрде өткізетінбіз. Биыл індетке байланысты оның бәрін тоқтаттық. Осы сыннан аман-есен шығайық. Қала күні құтты болсын!

Көптен күткен қуанышты сәт те орын алып, көпбалалы және толық емес отбасы, жетімдер, мүмкіндігі шектеулі жандар мен зейнеткерлер коттедж кілтін иеленді. Қуаныштары қойындарына сыймаған тұрғындар бірінен кейін бірі сөз алып, ақ алғыстарын ақтарды. Солардың бірі - көпбалалы ана Рабиға Алекеева:

- Қуанышымызда шек жоқ. Әмбе бүгін менің туған күнім. Бұл қуанышты сәт туған күніме тура келді. Алдымен Алла, сосын ел басқарған басшыларға алғыс айтамын. Барлықтарыңыздың денсаулықтарыңыз мықты болып, Алла-Тағала жақсылық бұйыртсын. Жұмыстарың жемісті болсын. Жақсылық тілеймін. Жас келіндерім мен қыздарыма айтарым – қазақтың санын көбейте беріңдер, – деді.

Әрмен қарай ел ағалары қазақы салтқа сай су жаңа үйлерге шашу шашып, әр шаңыраққа шаттық тіледі.

Келесі кезекте «Көктем» шағынауданындағы №8 60 пәтерлі үйдің кілті салтанатты түрде табысталды. Бұдан бөлек, 16 медицина қызметкері пәтер кілтіне ие болды.

Жаңа пәтер иелеріне ізгі тілегін арнаған Ғалымжан Райылұлы Талдықорғанның қарқынды дамуын, жаңа нысандар салынып, ел игілігіне қызмет етіп жатқанын қуанышпен жеткізді. Өз кезегінде баспана бақыты бұйырған жандар жүрекжарды лебіздерін арнап, қуаныштан көздеріне жас алды.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Фото - Дмитрий ЕРОФЕЕВ

Алматы облысы