Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ЖУЫРДА 100 МЫҢНАН АСТАМ АЗАМАТ БІРЖОЛҒЫ ҚАРЖЫЛАЙ КӨМЕКПЕН ҚАМТЫЛАДЫ

Уақыты: 13.10.2020
Оқылды: 562
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

"Birgemiz" қорының қаржылай көмегі бұрын алмаған отбасыларға берілетін болды. Осы мақсатта Елбасы қорынан 5 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлініп, біржолғы материалдық көмекке бағытталады. Елбасы тапсырмасы бойынша Нұрсұлтан Назарбаев Қорының қолдауымен қаражат бүгінгі таңда аталмыш "Birge" қорының шотына түсіп қойды.

Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл ел бойынша тағы 100 мың әлеуметтік аз қамтылған отбасына 50 мың теңге көлемінде қосымша атаулы төлем ұйымдастыруды тапсырған болатын.

«Birgemiz» қорының төрағасы Руслан Сәкеевтің айтуынша, 100 мыңнан астам азамат біржолғы материалдық көмекпен қамтылады. Қаржылай көмекті алушылардың 7 санаты бекітілген. Олардың қатарында тұрмысы төмен көпбалалы отбасылар, мұқтаж мүгедектер, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасылар, ең төменгі зейнетақы алатын және халықтың әлеуметтік әлсіз тобына жататын зейнеткерлер, жетім балалар (тұл жетім балалар мен асыраушысының бірінен айырылған балалар), Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектер және соларға теңестірілгендер, тыл еңбеккерлері бар.

- Көмек алушылардың тізімін бұрынғыдай әкімдер ұсынады. Бұл ретте біз бұрын көмек көрсетілмеген азаматтардың алуын қадағалаймыз, - деді қор төрағасы. Сондай-ақ, Р.Сәкеев қазіргі таңда осы бағытта өңірлермен қарқынды жұмыс жүргізіліп жатқанын және азаматтарға біржолғы көмек жақын күндері берілетінін атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, «Birgemiz» қоры осы жылдың наурыз айында Тұңғыш Президент, «Nur Otan» партиясының лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен коронавируспен күрес жағдайында халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау үшін құрылған болатын. Осы уақыт ішінде қор қаражатынан 550 мыңнан астам мұқтаж отбасы 50 мың теңгеден алды.

Пандемиямен күресте алдыңғы шепте болған елорда мен Алматы қаласының 2112 медицина қызметкеріне біржолғы төлем жасалды. Пандемия басталған кезеңде Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларындағы әлеуметтік әлсіз 100 мың отбасыға 5 миллион бетперде таратылған болатын. Сонымен қатар, қор есебінен Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы Мырзакент ауылында 20 үйдің құрылысы аяқталды. Қазіргі уақытта онда 12 үйдің құрылысы жалғасуда.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан