АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА 56 МЫҢНАН АСА ЖАҢА ЖҰМЫС ОРНЫ ҚҰРЫЛДЫ

Уақыты: 21.10.2020
Оқылды: 1068
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

"Алматы облысында 2020 жылдың 1 қазанындағы мәлімет бойынша  56 мың 160 жұмыс орны ашылды, бұл ретте жоспар 48 999 болғанын айта кету керек, яғни, жоспар 114,6 пайызға артығымен орындалды. Соның 30101-і - тұрақты жұмыс орны," - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының хабарлауынша, биылғы жылы «Еңбек» бағдарламасын жүзеге асыруға 16,1 млрд.теңге бөлінген. Оның бірінші бағыты бойынша 4040 адамды кәсіби оқытуға  2297,4 млн.теңге бөлінген, соның ішінде 2505 адамды тегін кәсіби техникалық білім мен қысқа мерзімдік оқытуға 594,4 млн.теңге қарастырылған. Қазіргі кезде өңірдің 15 оқу орны мен 17 оқыту орталықтарында 45 мамандық бойынша қысқа мерзімдік оқытуға 2528 адам бағытталған. Соның 1396-сы оқуын аяқтады, 782 адам немесе 56 пайызы тұрақты жұмысқа орналастырылды.

Бағдарламаның екінші бағыты бойынша 6190,4 млн.теңге бөлінген. Оның ішінде 1094 потенциалды қатысушыларды шағын несиелендіру үшін 4791,3 млн.теңге, қалаларда және ауылда шағын несиелерді кепілдендуріге – 90,0 млн.теңге, микроқаржылық ұйымдардың операциялық шығындарын субсидиялауға – 10 млн.теңге бөлінген.

Бүгінгі күні ауылдық жерлерде 3512,0 млн.теңге сомасында 859 микрокредиттер берілді, қалаларда 13 адам 137,5 млн.теңге көлемінде микрокредит алды. Бұл ретте қалаларда 2019 жылғы қаражат есебінен 11 адам 106,5 млн.теңге көлемінде микрокредитке қол жеткізді. Сол сияқты «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқып үйренуге 3645 адам жіберілді. Жаңа бизнес-идеяларын дамыту үшін 2130 адамға 1299,2 млн.теңге сомасында мемлекеттік грант беру қарастырылған. Бүгінгі күні 920,3 млн.теңгеге 1795 грант берілді. Сонымен қатар үшінші бағыт аясында 7580,2 млн.теңге бөлінген. Үшінші бағыттың барлық көрсеткіштері артығымен орындалды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"