ТҰРАҚТЫ САЛЫМ - ҚОМАҚТЫ ЗЕЙНЕТАҚЫ КЕПІЛІ: ФИЛИАЛ ДИРЕКТОРЫМЕН СҰХБАТ

Уақыты: 14.11.2020
Оқылды: 1163
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Зейнетақымен қамсыздандыру қазіргі зейнеткерлерді ғана емес, жалпы халықтың белсенді түрде жұмыс істеп жүрген бөлігін де қызықтыратын өзекті мәселе. Бүгінгі таңда көпшілік өз болашағын жоспарлауға сауатты қарай бастады. Берекелі болашаққа, қазыналы қарттыққа деген талпыныс та күшейді. Жалпы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жұмысы, халыққа ұсынған қызметі жайлы «БЖЗҚ» АҚ Алматы облыстық филиалының директоры Қанат ИСАЕВПЕН сұхбаттасқан едік.

– Әлемді жайлаған коронавирус індеті филиалдың жұмысына қалай әсер етуде? Карантин кезінде салымшылар мен алушыларға қалай қызмет көрсете алдыңыздар?

– Наурыз-сәуір айларында коронавирус індетінің тарауына байланысты қалыптас- қан жағдайды ескере отырып, «БЖЗҚ» АҚ азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында бірқатар шектеу шараларын алғашқылардың бірі болып енгізді. Осыған байланысты Қордың барлық бөлімшесі қызмет көрсетудің жаңартылған режиміне көшті. Кейбір бөлімшелер қашықтан жұмыс істесе, қалған бөлімшелерде алдын ала жазылу бойынша құжаттарды байланыссыз қабылдауды жүргізген кезекші қызметкерлер жұмыс атқарды. Құжаттарды байланыссыз қабылдау зейнетақы қызметтерінің қашықтан алу мүмкін емес басым (кейінге қалдырылмайтын) түрлері бойынша жүзеге асырылды.

Салымшының я болмаса алушының қайтыс болуына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініштерді ресімдеу (жерлеу және мұра); Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кетуіне байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініштерді ресімдеу және басқа да қызметтер сапалы көрсетілді. Қордың өзге қызмет түрлерін біз ENPF ұялы қосымшасы және Қордың www.enpf.kz корпоративтік сайтындағы Жеке кабинет арқылы онлайн режимінде алуға табанды түрде талап қойып, ұсыныс жасадық.

Алайда эпидемиологиялық жағдай біршама жақсарған тамыз-қыркүйек айларында барлық филиал әлеуметтік қашықтық шараларын сақтай отырып, салымшылар үшін есігін айқара ашты. Олардың көпшілігінің бізге үнемі қоңырау шалып, қашан ашылатынымыз туралы біліп отырғаны қуантты. Індеттің өршуіне байланысты шектеу шараларын қатаң сақтаған біздің филиал 1 қаңтар мен 1 қазан аралығында халыққа 14 мың 600  қызмет түрін көрсетті. Бұл өте жақсы нәтиже.  

– Қордың бүгінгі күндегі негізгі көрсеткіштері туралы айтып берсеңіз?

– 2020 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының шоттарында 12,5 триллион теңге мөлшерінде зейнетақы жинақтары қалыптасты. Мұны былтырғы жылмен салыстырғанда, яғни, 01.10.2019 жылдан 01.10.2020 жылға дейінгі бір жыл ішінде бұл сома шамамен 1,9 триллион теңгеге немесе 20 пайызға артты. 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 598,6 миллиард теңгеге артық өсімге БЖЗҚ салымшыларының шоттарына 1,08 триллион теңгеден астам таза инвестициялық табыс есептелгеннің арқасында қол жеткізілді.

Зейнетақы жинақтарының негізгі сомасы міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен қалыптасып, 12,2 триллион теңгені құрады. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы 301,9 миллиард теңге, ал ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы 2,14 миллиард теңгеге жетті. 2020 жылдың 1 қазандағы жағдайы бойынша БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоттарының саны 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,2 миллионға жуық бірлікке көбейді.

Шоттардың ең көп саны міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) бойынша ашылған. Олар шамамен 11 миллион. Дәлірек  айтқанда 10 982 963 (жыл басынан бергі өсім – 11 пайыз). Одан әрі міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен қалыптасқан шоттар –  521 681 (өсім – 2 пайыз), ерікті зейнетақы жарналарының (ЕЗЖ) саны да біртіндеп өсуде. Қазір БЖЗҚ-дағы осындай шоттар саны – 56 517 (өсім – 4 пайыз). Алматы облысында 2020 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша жеке зейнетақы шоттарының жалпы саны – 720 000. Осы шоттарда жинақталған зейнетақы жинақтарының сомасы – 475 миллиард теңгені құрайды.

– Көпшілік БЖЗҚ-да шотты қалай ашуға болатыны жайлы біле бермейді. Осы жайлы айтсаңыз.

– Қазір БЖЗҚ-да міндетті зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша жеке зейнетақы шотын ашу үшін жеке тұлғаға өтінішті ресімдеу мақсатында Қорға келудің қажеті жоқ. Алғашқы жарна келіп түскен кезде шот БЖЗҚ ақпараттық жүйесінде автоматты түрде ашылады. Бұл ретте жеке тұлғаны сәйкестендіру зейнет- ақы жарнасын аудару кезіндегі (сіздің жұмыс берушіңіз жіберген) төлем тапсырмасының электрондық форматында көрсетілген дербес деректер бойынша жүзеге асырылады. БЖЗҚ салымшының қолданыстағы құжатының деректемелері туралы барлық қажетті мәліметтерді Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алады.

– Зейнетақы жинақтарының жай-күйін қалай тексеруге болады?

Жинақтарыңыздың жай-күйі туралы ақпаратты бірнеше тәсілмен біле аласыз. Электрондық тәсілдер:
– БЖЗҚ-ға ұсынылған электрондық пошта арқылы;
– электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) немесе логин мен парольді пайдалана отырып, БЖЗҚ Жеке кабинеті (сайтта немесе мобильді қосымшада) арқылы;
– ЭЦҚ пайдалана отырып, электрондық үкімет порталындағы Жеке кабинет арқылы немесе мобильді азаматтар базасында тіркелген салымшының ұялы телефон нөміріне келетін бір реттік sms-пароль арқылы;
∙ БЖЗҚ-ға тікелей хабарласқан кезде;
∙ пошта байланысы қызметтері арқылы (пошта хабарларын ақпарат алудың осы тәсілін таңдаған және БЖЗҚ дерекқорындағы пошта мекенжайы өзекті болып қала беретін салымшылар алады).

Әрине, ең жедел тәсіл – БЖЗҚ-ның жеке кабинеті арқылы ақпарат алу. Сондай-ақ, БЖЗҚ-ның смартфондар мен планшеттерге арналған жаңартылған ұялы қосымшасын да пайдалануға болады.

– Смартфон арқылы зейнетақы шотының жай-күйін қалай қадағалауға болады? БЖЗҚ ұялы қосымшасына тіркелу үшін не істеу керек?

– ENPF ұялы қосымшасы – Қордың өзі әзірлеген жоба. Оның көмегімен жеке зейнетақы шотыңыздан үзінді көшірме ғана алып қоймай, зейнетақы активтері бойынша ағымдағы көрсеткіштерді, шарттардың деректемелерін, жаңалықтарды, барлық филиалдар мен қызмет көрсету орталықтарының мекенжайлары мен байланыс нөмірлерін де көруге болады. Сондай-ақ, бұл жерде сіздерге арналған зейнетақы калькуляторы да орналастырылған. Оның көмегімен өзіңіздің болашақ зейнетақыңызды есептей аласыз.

Онлайн-бот ең көп қойылатын сұрақтарға жауап береді. Ал халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын тұлғалар мұнда өтініш жолдау және басқа да көптеген мәселесін шешу мүмкіндігіне ие. БЖЗҚ-ның ұялы қосымшасын өз телефоныңызға Google Play немесе AppStore арқылы тегін жүктеп аласыз. Ұялы қосымшаға тіркелу үшін сіздің ұялы телефоныңызға sms-хабарламамен жіберілетін біржолғы парольді пайдаланасыз.  Өз парақшаңызға кіру үшін қосымшада авторланудың да екі тәсілі бар. ЖСН және пароль енгізу немесе электрондық цифрлық қолтаңбаңызды пайдалану. Сондай-ақ, ұялы құрылғысында бар болса, пайдаланушы Android үшін Touch ID және IOS үшін Face ID арқылы кіре алады.

ЖСН-ді логин ретінде пайдалану зейнетақы жинақтары туралы ақпарат алу тәсілі ретінде міндетті түрде интернет-ақпараттандыруды таңдауды көздейді. Ол үшін жеке басын куәландыратын құжатпен БЖЗҚ кеңсесіне бір рет барып, қосымша келісімге қол қойып, enpf.kz сайтында тіркеуден өту қажет. Сондай-ақ, ENPF ұялы қосымшасында Push хабарламалар бар. Бұл қызметті пайдалану үшін Сіз қосымшаға кіріп, баптаулардағы «push хабарландыруларын қосу/өшіру» қызметін қосуыңыз керек. Осының бәрін жасаған соң смартфоныңыздың экранында қысқа хабарламалар пайда болады. Олар  міндетті және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының түсуі туралы хабарламаны уақытылы еске салып отырады.

– Салымшыларға өз болашағын жоспарлау бойынша қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?

– «БЖЗҚ» АҚ салымшылары үшін қамсыз қарттықты жоспарлау құралдары ретінде пайдалана алатын тәсілдер алуан түрлі. Бірінші кезекте, әрине, тұрақты зейнетақы аударымдары болуы шарт. Себебі, ол – қомақты зейнетақы кепілі. Екінші кеңес – еңбек қызметін бастай отырып, өзінің еңбек қатынас- тарын ресми түрде, яғни, еңбек шарты бойынша (егер ол тұрақты жұмыс болса) немесе азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша (егер жұмыс уақытша болса, мысалы, жобалық режим, штаттан тыс) рәсімдеу. Бірінші жағдайда жұмыс беруші (заңды тұлға, жарналарды аудару жөніндегі агент) қызметкердің табысынан 10 пайыз мөлшерінде зейнетақы жарналарын аударуға міндетті.

Екінші жағдайда, егер сіз АҚС шарты бойынша жұмыс істесеңіз, жұмыс беруші биылғы жылғы табысыңыздың 5 пайызын  аударуы тиіс. Бұл жарналардың түсуін ұдайы бақылап отыру керек. Оның үстіне БЖЗҚ осы тұрғыда барлық мүмкіндіктерді жасап отыр. Атап айтар болсақ, электрондық жіберілім, enpf.kz сайтындағы жеке кабинет, үнемі жаңартылып отыратын ұялы қосымша, оған дәлел, тағы да қайталап өткім келіп отыр – жақында жарналардың түскені туралы push-хабарлама қажетті функциясы іске қосылды. Сонымен қатар, Қорда ЖЗШ ашып, өзіңізге ыңғайлы соманы белгілеп, ерікті зейнетақы жарналарын ай сайын өз шотыңызға салып отыруға да жағдай жасалған. Бұл жерде аударымдардың мөлшері соншалықты маңызды емес, өйткені, түптеп келгенде, сіздің зейнетақы қоржыныңыздың қаншалықты толық екендігі олардың тұрақты аударылуына байланысты болады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан - Еңлік КЕНЕБАЙ

Алматы облысы