КӨШПЕЛІ БРИФИНГ: ЖУРНАЛИСТЕР "АЛТЫН АДАМ" ШЫҚҚАН АУДАНҒА БАРДЫ

Уақыты: 17.11.2020
Оқылды: 1314
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Еңбекшіқазақ ауданында құрылыс қарқынды. Биылдың өзінде 109 нысанның құрылысы басталып, соның 88-і таяу арада толықтай аяқталып, халық игілігіне берілмек. Осындай жұмыстардың бірқатарын «Жетісу Медиа» ұйымдастырған көшпелі баспасөз турында журналистер көзбен көріп, көңілге түйіп қайтты. Аудан әкімі Қуанышбек Қашқымбаев және бөлім басшылары тілшілерді атқарылып жатқан игі істермен жан-жақты таныстырды.

Журналистер ең алдымен Есік қаласындағы аудандық Мәдениет үйіне ат басын бұрды. Мұнда үстіміздегі жылдың мамыр айынан бастап күрделі жөндеу қолға алыныпты. Қазіргі таңда ғимараттың ішкі құрылысы толық аяқталған. Құрылысшылар енді сыртын әрлеуге көшіп жатыр. Алдағы желтоқсан айында қайта жаңғырған мәдениет үйі жұртшылыққа өз есігін айқара ашатын болады.

– Мәдениет үйіндегі күрделі жөндеуді «Градцентр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі міндетіне алған. Бұл жұмыстар үшін бюджеттен 572 703 000 теңге қаражат бөлінді. Қазір жұмыстың 80 пайызы бітті. Әрине, пандемия салдары зиянын тигізбей қойған жоқ. Соған қарамастан белгіленген жоспардан кешікпеуге күш салдық, – дейді аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Әділжан Смағұлов.

Мәдениет үйінің іргетасы 1982 жылы қаланыпты. Содан бері мұнда ағымдағы жөндеу жұмыстары ғана жүргізілген. Осы күнге дейін ғимарат іші дұрыс жылымай келді. Ол жайында біраз шағымдар айтылғаны рас. Ендігі жерде бұл олқылықтар түбегейлі оң шешімін табады.

– Мәдениет үйі – өнер ошағы. Мұнда жас ұрпақ тәрбиеленеді, рухани құндылықтарды бойына дарытады. Осындағы 26 үйірме сол бағытта жұмыс істейді. Балалардың өнерге деген қызығушылығын оятып, жарқын болашағына жол ашады. Ғимарат ішінің заманауи үлгіде жаңарып жатқаны бәрімізді қуантады. Жылы жерде, жарқыраған бөлмелерде өнерпаздардың шабытқа бөленгенін көру бір ғанибет, – деп ағынан жарылды аудандық Мүйінің директоры Бауыржан Тұрлығазыұлы.

Келесі сапар Бөлек ауылдық округіне қарасты Әймен ауылында жалғасты. Аталған елдімекендегі орта мектеп күрделі жөндеуден өтіп, мұндағы жұмыс толықтай аяқталған. Бүгінгі таңда Еңбекшіқазақ ауданында 84 мектеп жұмыс істеп тұр. Биылғы оқу жылында 53790 оқушы білім алып жатыр. Оқушылар саны өткен жылмен салыстырғанда  2622-ге артқан. Сондықтан жаңа мектептер салу күн тәртібінде тұр.

Алыстан көркімен көз қуантатын білім ошағын біз жаңадан салынған ғимарат екен деп қалдық. Іші де, сырты да келісті. «Энерго Холдинг LTD» ЖШС-ның құрылысшылары аянбай тер төккені бірден көрініп тұр. Мектеп құрылысына 437 880 000 теңге қаражат бөлініпті. «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында аталған құрылысқа 250 адам тартылған.

Орта мектеп 420 орынға арналған. Қазіргі таңда елді мекенде 387 оқушы білім алуда. Қашықтан оқып жатқан балалар, әрине, мектебін сағынады. Коронавирус індеті ата-аналарды да әбден әбігерге салды. Уақыт бір орында тұрмайды. Ел басына туған ауыр кезең әлі-ақ артта қалады. Оқушылар жаңа мектепте білімдерін шыңдайтын күн де алыс емес деп тарқадық.

Бұдан кейін журналистер тобы Көктөбе ауылында салынып жатқан дәрігерлік амбулаторияның құрылысымен танысты. Оған бюджеттен 310775000 теңге бөлініп, жөндеу жұмыстарын  «Азамат-Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі міндетіне алыпты.

Күніне 50 адамға қызмет көрсететін медицина мекемесі қазіргі заманға сай құрылыс материалдарымен қамтамасыз етілген. Ақ халатты абзал жандардың заманауи ғимаратқа көшіп, халық денсаулығы жолында аянбай тер төгетініне сеніміміз кәміл.

Журналистердің сапары Есік қаласында салынып жатқан топтық су құбырының құрылысымен тамамдалды. Аталған құрылыс 2022 жылы аяқталады деп жоспарлануда. Алдағы уақытта оның қызығын 8 елді мекен көретін болады. Соның арқасында ауызсу мәселесі өз шешімін тауып, ел-жұрт риза болатыны анық.

Сапарды қорытындылаған аудан әкімі Қуанышбек Қашқымбаев журналистерге атқарылып жатқан игі істерді жан-жақты баяндады.

– «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша аудан өңірінде 109 нысанды салу және жөндеу жұмыстарына 8 972 522 мың теңге бөлінді. Соның 105 нысанына аудандық бюджет есебінен 7 092 257 мың теңге, ал қалған 4 нысанға облыстық бюджет арқылы 1 880 265 мың теңге қаражат жұмсалып отыр. Қазіргі таңда 88 нысандағы жұмыстар қарқын алуда. Оның ішінде 43 білім беру, 6 тұрғын үй- коммуналдық  нысаны. Сонымен қатар, 39 автомобиль жолы бар.

Есіктегі Мәдениет үйіндегі күрделі жөндеу жұмыстарын көрдіңіздер. Көлді ауылындағы Мәдениет үйі де дәл осылай қайта жаңғырып жатыр. Бижанов ауылындағы спорт кешенінің құрылысы да тоқтаусыз жүруде. Шелектегі аурухананың жөндеу жұмыстары да аяқталуға таяды. Осы елді мекендегі политехникалық колледж де жыл соңына дейін пайдалануға беріледі, – деді Қуанышбек Қалиұлы.

Ал қалған 21 нысан бойынша жұмыстар ойдағыдай жалғасуда. «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша жұмыс орындарының жоспары 2307 орынды құрап отыр. Жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналастыру жоспары 109,3 пайызға орындалған.

Болат МӘЖИТ

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Еңбекшіқазақ ауданы

Алматы облысы