Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМ ЖЕТЕКШІЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 20.11.2020
Оқылды: 469
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Алматы облысында консалтинг орталығы ашылғалы 3 жыл өтті. Орталықта әр жыл сайын әлеуметтік маңызы бар 10 жоба іске асқан. Бұл туралы үкіметтік емес ұйымдардың ІХ форумында белгілі болды.

Еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты онлайн форматта өткен форумға облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ғалиасқар Сарыбаев, аудандық ішкі саясат бөлімдері мен үкіметтік емес ұйымдардың басшылары қатысты.

Модератор, облыстық Азаматтық Альянсінің президенті Жанар Нұрмұқанова жылды қорытындылап, биыл атқарылған жұмыстарды баяндады. Оның айтуынша, үкіметтік емес ұйымдар жыл сайын әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесіне қатысып, үздік жобалар қолдау тапқан. Жоба аясында мүмкіндігі шектеулі жандар да жұмысқа тартылды.

Айта кетерлігі, бүгінде аймақта 1000-нан аса ҮЕҰ тіркелген. Соның тек 375-і ғана белсенді жұмыс атқарып отыр. Сондықтан, ұйымдастырушылар қоғамдық бірлестік жұмыстарын жандандырып, санын арттыруды көздейді.

Шара аясында Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет баяндама жасады. Одан бөлек, өз ұйымының жұмысымен "Асар" оңалту орталығының жетекшісі Елдос Баялышбаев, "Кәусәр" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Нәйля Үмбетова, "Қос қанат Жетісу" ҚБ жетекшісі Елена Радионова, "Елім-ай" қандастарды ақпараттық қолдау орталығының жетекшісі Жанатбек Айдарәлі таныстырды.

Форум соңында жетісулық ең үздік ҮЕҰ жетекшілері марапатталды. Оларға облыстық ішкі саясат басқармасының тарапынан 200 мың теңгенің сертификаты табысталды.

Еңлік АРЫҚБАЙ

Алматы облысы