Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

НАРЫНҚОЛДА ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕТІН СУ ЖАҢА ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ

Уақыты: 20.11.2020
Оқылды: 556
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Райымбек ауданында жаңа Халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды. Шараның ашылу салтанатына Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ қатысты.

Осыдан екі жыл бұрын қайта құрылған Райымбек ауданында тұрғындар мемлекеттік қызметтерді шағын сектордан алуға мәжбүр болған еді. Бүгін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мен Алматы облысының әкімдігі халыққа қолайлы жағдай жасау үшін аудан орталығы Нарынқолда толыққанды қызмет көрсететін орталық ашты.

Бұған дейін Райымбек ауданындағы мемлекеттік қызмет көрсету секторының мамандары 395 шаршы метрді құрайтын жалдамалы нысанда жұмыс істеген еді. Енді олар қажетті деңгейде жабдықталған, аумағы 1087 шаршы метр зәулім ғимаратта қызмет көрсететін болады.

- Бұл жерде қызмет алушылар үшін барлық жағдай жасалып, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін пандустар мен шақырту түймелері қарастырылған. Халықтың игілігі үшін осындай су жаңа ғимарат салуға мұрындық болған Алматы облысының әкімдігіне ризашылығымызды білдіреміз, - деді «Азаматтарға арналған үкіметтің» Алматы облыстық филиалының директоры Ермек Бекжүнісов.

Ашылу салтанатына қатысқан Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың айтуынша, 40 мыңнан астам халқы бар аудан үшін заманға сай жасақталған Халыққа қызмет көрсету орталығын ашу қажеттілігі бұрыннан туындаған.

- 2018 жылы облысымыздағы бір аудан Райымбек және Кеген аудандары болып екіге бөлінді. Нәтижесінде, аудан орталығы мәртебесіне ие болған Нарынқол жаңа серпінмен дамып, гүлденіп келеді. Соның бір көрінісі – халық игілігіне арналған осындай жаңа орталықтың ашылуы, - деді Амандық Ғаббасұлы.

Жаңа техника және жиһаздармен жабдықталған орталықтың операциялық залында 12 маман қызмет етеді, ал дайын құжаттарды беру секторында 10 жұмыс орны бар. Зейнеткерлерге, көпбалалы отбасыларға және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жеңілдік терезесі де ұйымдастырылған. Сондай-ақ, зәулім ғимаратта мемлекеттік корпорацияның фронт-офис мамандары ғана емес, жылжымайтын мүліктің техникалық сипаттамасы мен жер кадастрын, зейнетақылар мен жәрдемақыларды есептейтін бэк-офис бөлімдері де орналастырылған. Орталық ауласында қызмет алушыларға арналған автотұрақ та бар.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"