КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМЫ ЖҮЗ ЖАСҚА КЕЛГЕН ҚАРТ ҰСТАЗДЫ ҚҰТТЫҚТАДЫ

Уақыты: 25.11.2020
Оқылды: 1307
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде мұғалімдердің еңбегі зор.  Осы салада жұмыс істеп, ғасыр жасаған ұстаздарымыз саусақпен санарлық. Солардың қатарында Анна Шевелева есімді ұлағатты жан бар.

Талдықорған қаласының тұрғыны жүз жасқа толды. Мерейтой иесін құттықтау үшін Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Мэлс Төлепбергенов, төраға орынбасары Болат Тұрысбеков, педагогикалық еңбек ардагерлері кеңесі төрағасының орынбасары Мықтыбек Рахымбек арнайы үйіне барып, хал-жағдайымен танысты.

Алакөл ауданының тумасы Анна Тимофейқызы еңбек жолын білім беру мекемесінде мұғалім болып бастап, түрлі лауазымда ұстаздық қызметті абыроймен атқарды. Еңбегі еленіп, аудандық, қалалық және облыстық деңгейдегі марапаттарды иеленген. Ұлағатты ұстаз екі қызды тәрбиелеп, олардан 4 немере, 5 шөбере көрген. Бүгінгі күні абыз ананың қыздары мен немерелері ізін жалғап, ұстаздық жолда аянбай еңбек етіп келеді.

Кейуананы құттықтаған кәсіподақ өкілдері жылы лебіздерін білдіріп, бағалы сыйлықтарын табыс етті. Әжей де өз кезегінде ғұмырының мәнді де, мағыналы шақтарын айтып, көрсетіліп жатқан құрметке алғысын білдірді. Еңбегін елеп ғасырлық мерекесімен құттықтаған азаматтарға ақ батасын да берді.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Алматы облысы