АМАНДЫҚ БАТАЛОВ АЗАМАТТЫҚ ФОРУМНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫНА ҚАТЫСТЫ

Уақыты: 27.11.2020
Оқылды: 1985
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Нұр-Сұлтан қаласында 23-27 қараша арасында «Қоғам және мемлекет: серіктестік пен дамудың 30 жылы «Birgemiz» атауымен өткен Қазақстанның ІХ азаматтық форумын қорытындылау салтанаты өтті. Оған ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева қатысып, жүрекжарды лебіздерімен бөлісті. Шараға Алматы облысының әкімі Амандық Баталов пен орынбасарлары, аймағымыздағы үкіметтік емес ұйым өкілдері онлайн режимде қатысып, ел өмірінде ерекше маңызы бар бастамалармен танысып, алдағы жұмыс бағыттарын айқындады. Бұл туралы "Жетісу" газеті мәлімдеді.

Бес күнге жалғасқан ІХ азаматтық форум онлайн форматта өткенімен талай тақырып қаузалыпты. Әсіресе, шалғай елді мекендердегі үкіметтік емес ұйым өкілдерінің қатысуына мүмкіндік көп болды. Форум аясындағы тренинг, семинар, пікірсайыстардың тақырыбын қоғамдық ұйым өкілдері қамтамасыз еткен.  40-қа жуық пікірсайыс алаңы ұйымдастырылса, қоғамдық ұйым басшыларының 12 кездесуі өткен. Азаматтық қоғам мен мемлекеттік ұйымдардың қарым-қатынасын нығайтуға бағытталған 650-ден астам ұсыныс түсіпті.

– Жергілікті жерлерде балалар мен жасөспірімдер мәселесіне қаражат бөлуге ерекше мән берілуі керек. Балалардың құқығы мен қажеттілігінің бірдей екендігін ескеруіміз керек. Сондықтан ауыл мен қала балаларының аражігін алшақтатпай, бәріне бірдей көңіл бөлген жөн. Әрине, еліміз кең-байтақ, әр жердің даму мүмкіндігі, әлеуметтік жағдайы да әртүрлі. Десе де, бірінші кезекте ауылдық мәдениет және демалыс орындарын, спорт үйірмелерін дамытуға күш салуымыз керек. Тұрғылықты халық пен жергілікті бюджеттің мүмкіндігін саралай отырып, мемлекеттің немесе демеушілердің есебімен балаларды түрлі спорттық ойын түріне жаттықтыратын бапкерлерді қызметке тарту керек, – деген ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, тарихшылар мен өлкетанушылардың еңбектеріне де ерекше көңіл бөлудің керектігін алға тартты.

Келесі кезекте сөз алған ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева:

– Азаматтық қоғам, құқықтық мемлекет, әлеуметтік саясат, бәрі – 30 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазығын қаққан тәуелсіз елдігіміздің егемендік туралы декларациясында халқымыздың саналы түрде таңдап алған дара жолы, қайталанбас құндылықтары. Бүгін, міне, сіз бен біз осы қағиданы іс жүзінде көріп, нәтижесін түйіндеп отырмыз. Бүгінде Президенттің тапсырмасымен құрылған Ұлттық қоғамдық кеңестер табысты қызмет етсе, қоғам белсенділері заңнамалық процеске белсене жұмылдырылып отыр. Бұл реткі форум келесі форумдардың сәтті жүргізілуіне жол ашады деп сенемін, – дей келе, Қазақстанның азаматтық Альянсына, белсенді қатысушыларға, қажетті ақпаратты дер кезінде таратып отырған БАҚ өкілдеріне ризашылығын білдірді.

Осындай келелі істер шешімін тауып, келесі қадамдарға жол ашқан шара аясында жыл бойы жемісті еңбек еткен үкіметтік емес ұйым өкілдері марапатталды.

Осы орайда облыс әкімі Амандық Баталов та аймағымыздағы елдің береке-бірлігі үшін тынымсыз еңбектеніп жүрген «Жігер-М» мүгедек спортшылар федерациясы қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Тәжіғали Хаджамұратов, «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің «Талдықорған» корпоративтік қоры басшысы Арман Махатов, «Ұйғыр ауданындағы қимыл қозғалысы кем мүгедектердің» қоғамдық бірлестігінің басшысы Жамал Оқаева, облыстық балқар этномәдени бірлестігі қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Исмаил Тылов, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық қорының жетекшісі Дарья Ярополоваларға Алғыс хат пен сертификат табыстап, алдағы істеріне сәттілік тіледі.

Қажет АНДАС

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ

Алматы облысы