КЕГЕН АУДАНЫНДА МҮГЕДЕК БАЛАЛАРДЫ ОҢАЛТАТЫН ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ

Уақыты: 19.01.2021
Оқылды: 1298
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Аудан орталығында "Үміт сәулесі" атты 18 жасқа дейінгі балаларға арналған оңалту орталығы ашылды. Салтанатты шараға облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Маржан Мұрат қатысты. Бұл туралы "Жетісу" газеті мәлімдеді.

«Үміт сәулесі» атты орталық Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті Жолдауына сәйкес облыс әкімі Амандық Баталовтың «Қамқорлық» атты жоспары аясында ашылып отыр. Орталық 25 балаға арналған. Мүмкіндігі шектеулі балалар осы орталықта таңғы сағат 8-ден кешкі 6-ға дейін болады.

– Орталықта арнайы мамандар жұмыс істейді. Балалар массаж алып, түрлі емдік дене шынықтыру жаттығуларын жасайды. Бұл орталық тегін. Бар шығыны басқарма тарапынан төленеді. Балапандардың қатарға қосылып кетуіне шарапаты тисін, – деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Маржан Мұрат орталықтың салтанатты ашылу рәсімінде.

Бұдан соң аудан әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков сөз алып, ыстық лебізін білдіріп, жаңадан ашылған орталыққа аудан әкімдігі атынан сый-сияпат тарту етті. Аудандағы шаруа қожалығының жетекшісі, белгілі кәсіпкер Жұмабек Бірімтаев ақ батасымен бірге қаржылай қолдау көрсетті. Кеген ауылының тұрғыны, зейнеткер ана Күміс Қашағанова осындай орталықтың ашылуына негіз қалаған аудандағы, облыстағы жандарға ата-аналар атынан жүрекжарды алғысын айтты.

Салтанатты сәтте жаңадан ашылған оңалту орталығының жетекшісі Шолпан Жанбабаева мекеме жұмысымен таныстырды. Кеген ауданында 763 мүмкіндігі шектеулі жан бар. Оның ішінде 87 бала бар. 29 балаға үйден арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіледі. 

Қанат БІРЖАНСАЛ

Кеген ауданы

Алматы облысы