"НЕ ӨЗІ ИГЕРМЕЙДІ, НЕ ХАЛЫҚҚА БЕРМЕЙДІ": ҚЫЗЫЛАҒАШТАҒЫ ЖЕР ДАУЫ

Уақыты: 19.01.2021
Оқылды: 1129
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Осыдан 10 жыл бұрын топан судан зардап шеккен Қызылағаш ауылының бүтін халқы наразылыққа шығып жатыр. Себебі, ауыл халқының сөзінше, ең шұрайлы, суармалы жерлері сатылып кеткен. 1420 гектар жердің сатылып кеткенін Ақсу ауданының әкімдігі де растап отыр. Бұл туралы "Жетісу" газеті 31-телеарнаға сілтеме жасап хабарлады.

Үкімет қызылағаштықтар егін ексін, күн көрсін деп платинаға 5,6 млрд теңге бөліп, салып берді. Құрылысы енді ғана біткен. Енді қызылағаштықтар мал бағып, егін егу үшін жер алайын десе, жер жоқ. Ал жердің сатылғана 7 жылдан асса да, кәсіпкер инвестициясын әлі құймаған көрінеді.

- Мына тоспаны бәленбай миллиард ақшаға тұрғызды. Ол тоспаны тұрғызған соң біз жер егуіміз керек. Ауылдың халқы қызығын көру керек. Ол жерді алады екен де, бірақ кәсіпкер келіп не игермейді, не өзі екпейді, не халыққа бермейді, - дейді Қызылағаш ауылының тұрғыны Сарқыт Салханов. Ал ауылдың тағы бір тұрғыны Тұрдыбек Батай: "Енді ауылдың кішкентай жеріне жабысатын жөні жоқ қой", - деп ашынды.

Соңғы санақ бойынша  Қызылағаш ауылында 2492 адам тұрады. 498  үй түтінін түтетіп отыр. Ал мал басына келетін болсақ, ірі қараның саны - 3235. Қой-ешкі - 16173. Ал жылқының саны - 555. "Биыл ауылда бір "телешка" шөп 70-80 мыңға дейін барды", - дейді ауыл тұрғындары. 

Жалпы 20 мыңға жуық малы бар ауыл халқы егер суармалы жерді халыққа берсе, малдың азығы жоңышқаны сол жерге егетін едік дейді. Ал халық сұрап отырған ауылдың іргесіндегі 1420 гектар суармалы жер осыдан жеті жыл бұрын жеке серіктестікке берілгенін шенеуніктер де растап отыр. Ал қазір олардың салына басталған кеңсесінен басқа ештеңе жоқ.

Аталған мәселеге қатысты Ақсу ауданы әкімінің орынбасары Серік Құсмолдин пікір білдірді. «Агрохолдинг Ақсу» деген 2018 жылдан бері қазір учредительдері ауысты ғой. 2013 жылдан бері 1420 гектар "орошаемое пашня" дейді, сол кісілердің пайдалануында. Осы Қызылағаш ауылында 650 басқа сүт тауарлы фермасын саламыз деп инвестор ретінде келді. Жоба құны 2,5 миллиард, жергілікті 30 адамға жұмыс беріледі. Зауытты сәуір айында бастайды, аманшылық болса, бір жылдың ішінде салып бітетін шығар", - деді әкім орынбасары.

Әкімдік жеті жыл бойы кәсіпкерлер жерді су болмаған соң игере алмады дейді. Бөгет енді ғана салынып бітті әрі жерді алған серіктестік құрылтайшысы ауысты деп отыр. Ал қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан заң бойынша игерілмеген жер мемлекет меншігіне берілуі керек дейді. "Мемлекет меншігіне баяғыда қайтарылуы керек еді. Өйткені заң сондай. Екі жыл игерілмей тұр ма, қайтарылуы керек. Біз тіпті сол мерзімді бір жылға дейін қысқарттық. Қазір бір жыл игерілмей тұрса, мемлекет меншігіне қайтарылуы керек", - дейді қоғам белсендісі М.Тайжан.

Мұхтар Тайжан ауыл белсенділерімен бірге осы мәселені көтеріп, Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың қабылдауында болды. Бірақ белсенділер зауыттың салынатынын, ал бізге басқа жер берілетінін айтты дейді. Дегенмен, олар бұл шешіммен келіспейміз деп отыр. Себебі, жұмыспен қамтылатын халықтың саны 30, ұзаса 70 адам, ал қалған халық қайтіп күн көреді деген сұрақ алаңдатады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"