ҚАПШАҒАЙ ҚАЛАСЫНДА ЖҮЗДЕГЕН АДАМҒА ТҰРАҚТЫ ЖҰМЫС ОРНЫ АШЫЛДЫ

Уақыты: 25.01.2021
Оқылды: 1299
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жұмыспен қамту бойынша Қапшағай қаласында ілкімді істер көп. Қаланың тыныс-тіршілігі мен әлеуеті артып келеді. Бұл туралы "Жетісу" газеті Қапшағай қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Өңірдің өркендеуіне үлкен үлес қосып отырған негізгі жетекші салалар жетерлік. Солардың бірі - өндіріс орындары көбейіп, бірнеше жүздеген адамға тұрақты жұмыс орындарының ашылуы.

Республикамызда маңызы бар қалада ірілі-ұсақты «Қапшағай КНАУФ», «МАРЕВЕН ФУД», «ПЕНОПЛЭКС», «ХЕНКЕЛЬ», «АлЭС Қапшағай ГЭС», «Технобазальт» секілді 54 кәсіпорын жұмыс жасап, мемлекетіміздің және сырт елдердің нарығын өз отандық өнімдерімен қамтамасыз етіп келеді. Олардың шығарған өндіріс көлемі 74 пайызды құрайды. Ондағы еңбек етіп жатқан адам саны да жыл өткен сайын артып та келеді.

Мәселен, «Қапшағай КНАУФ» зауытында бүгінде 260 адам жұмыс жасаса, «Маревен Фуд» кәсіпорнында тұрақты 600 орын қарастырылған. Жыл басынан бері өнеркәсіп саласында 350 жұмыс орны құрылды. Сол секілді «Бизнес Бастау» мен «Жас кәсіпкер» жобасы аясында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында 135 адам кәсіпкерлік негіздері бойынша оқытудан өтті. Ал нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша 13 кәсіпкер шағын несие алды.

Жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін 80 өтініш берушіге гранттар берілді. Одан басқа, Қапшағай қаласының жұмыспен қамту орталығы арқылы түрлі салада оқып, мамандық алып, қоғамдық, әлеуметтік жұмыстарға орналасып, өз кәсіптерін ашып, дөңгелетіп жатқан адамдар қаншама?! Оның ішінде, грант алған адамдар шаштараз, тігін ісі, кондитер цехын ашып, жаңа жұмыс орындарын құруда.

Аз қамтылған 271 отбасына атаулы әлеуметтік көмектер берілді. Сондай-ақ, «Жол картасы - 2020» бағдарламасы іске асырылып, Қапшағай қаласында 23 нысан бойынша 252 адам жұмыспен қамтылды. Жалпы, кез келген жұмыссыз азамат үйден шықпай-ақ жұмыс ізденуші ретінде электронды еңбек биржасына тіркеліп, бос жұмыс орнын қарастыруына болады және egov.kz порталы арқылы мемлекеттік қызметтерді алуына да мүмкіндіктер бар.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан