Соғады мәңгі жүрегім...

Уақыты: 29.05.2017
Оқылды: 1640
Бөлім: РУХАНИЯТ

Биыл талантына талайларды тәнті еткен, қазақта маңдайалды әнші болған  Нұрғали Нүсіпжанов сексеннің сеңгіріне шығып отыр. Қазақ ән өнерінің майталманы, ерекше дауыс иесі шыр етіп өмірге келгеннен жан тебірентер әсем әндерді халық жүрегіне жеткізе білді. Өнер әлемінде асқақ үнімен танылып, халық әнін сынын бұзбай сахнада шырқап жүрген жан Жетісу жұртшылығының көңілін көкке көтерді.

І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өткен «Өз елім» атты кеш нағыз әнді сағынғандардың құлақ құрышын қандырды. 
Нұрғали Нүсіпжанов – халықтың абыройына бөленген әнші. Тумысынан қазақтың төл өнерін сүйген әншінің бойына біткен, ешкімге ұқсамайтын ерекше үн тыңдармандардың тамырына қан жүгіртіп, өнер құдіретін сезіндіре түседі.    
Иә, Нұрғали Нүсіпжанов ең алдымен ұшып шыққан ошағынан алған тектілігімен ерекше. Болмысынан қарапайымдылықтың төрі көрініп, бойынан ерекше мінез сезіліп тұратындықтан оны халқы құрметтейді. Ал сол тектілік талантпен үйлескенде жүрекке жетіп, санада жатталып қалатын шығармалар туындайды. Қазақтың жанымен бірге бітіп, қанына сіңген қасиетті әндердің барлығы осы әншінің репертуарында. Сонау «Сарыжайлаудан» бастап, өнердің биік шыңына көтерілген шығармалардың бәрі нар тұлғалы таланттың бойтұмары. Дара дарын, ерекше дауыс иесінің әндері жұртшылықты ешқашан жалықтырмаған, жабықтырмаған. Керісінше, уақыт өткен сайын құдіретті әндердің құны артып, күміскөмей әншіге деген халық құрметі күшейе түскен. Жетісулықтардың қазақы қалыптағы дауыс пен сұлулықтан құралған сазды сағынып қалғандығына аталмыш кеш куәлік етті. 
Сан ғасыр бойы қазақ көгінде қалықтап, даусымен дүниені жаулап алған дүлдүлдің шығармашылық кеші ән әлеміндегі жүріп өткен жолын баяндаған бейнефильммен бастау алды. Артынша саз әлемінің саңлағын құрметтеген облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар сахнаға көтеріліп, мерейтой иесіне өңір басшысы Амандық Баталовтың құттықтауын жеткізді. Өлеңмен өсіп, өрлеген ұлттың бағына туған талантқа деген ақжарма тілегін жеткізген Жақсылық Мұқашұлы әншінің иығына шапан жауып, ат мінгізді. 
Көрсетіліп жатқан құрметке ризашылығын білдірген әнші өз сөзінде:
– Халықтың өнері – халықтың игілігі. Бізге, орындаушыларға Алла Тағаланың уақытша берген аманаты. Біз сол өнерді шашпай, төкпей алып жүріп, келесі ұрпаққа, жастарға жеткізуіміз керек, – деп өнер жүгінің салмағын жеткізді. Ауылда туып, тауда өскен талант қарапайым отбасында тәрбиеленген. Баласының бойынан бір жалынды байқаған ата-ана дарынын ұштап отырған. Киелі Күреңбелдің тумасы бұлбұлдай дауысының ерекшелігімен бүгінде қазақ биігінде тұр. Қазақы қоңыр дауысымен, жүректерді жаулаған үнімен шырайлы елден шыққан шын дарын шығармасынан халық ешқашан жалықпаған, жалықпайды да. Қазақтың бағына біткен Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов, Нұрғиса Тілендиев секілді композиторлардың алғаш шығарған әнін орындағандығы да әнші дарындылығының дәлелі. Сахнаға 10 жасында көтеріліп, 70 жыл бойы өнердің жауапкершілігін көтеріп, рухани таза жан дүниесімен орындаған әндері әлі де әйгілі. 
Аспанның аясында әуен қалықтатқан өнерпаз әндері халқы барда ешқашан өлмек емес. Көмекейін әнмен ашып, меруерт, маржандарды сауылдатқан өнер иесі кеш барысында жанды дауыста ән шырқап, қошеметке кенелді. Асқақ ән Жетісудың аспанына өрлеп, асқарын тербеп  кетті. Әнқұмар әлеумет те ардақты әншісін төбесіне көтеріп әкетті. Соғылған шапалақ әншіге деген махаббаттың биік белгісін көрсетті. Шарықтата, қыздыра, тамылжыта төгілген үнге қосылып отырған көпшілік сүйікті әндерімен мауқын басты. Міне, осылайша көңіл тербеп, жүрек жылытқан әдемі кеш әдемі әсермен аяқталды. Әншісін құрметтеген ел барда өнерді кірлетпеген жалынды дауыс иесі барда, қазақ мәдениеті мәңгі жасары хақ.

Құралбек СӘБИТОВ