БӘРІН ЖҮРЕГІҢМЕН ӨЛШЕ! ӨЗІН-ӨЗІ ТАНУ ПӘНІНЕН ОНКҮНДІК ӨТКІЗІЛДІ

Уақыты: 22.02.2021
Оқылды: 1815
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қоғам қарқынды дамыған сайын адам баласына деген тәрбиенің мақсаты мен міндеті жаңаратыны мәлім. Ғылым мен білімнің жаңалығын игертумен қатар, рухани-адамгершілік құндылықтарды: мейіріміділікті, қайырымдылықты, адалдықты, әділдікті, махаббатты, сұлулықты, бақытты бағалай білуді бала бойына сіңіру – басты мақсаттардың бірі.

Бұл орайда «Бөбек» қорының президенті Сара Назарбаеваның «Өзін-өзі тану» авторлық бағдарламасы жас ұрпаққа рухани-адамгершілік тәрбие беруде басты идея саналады. Аталмыш пән оқушыны махаббатқа, шығармашылыққа, адамгершілікке баулиды.

2010 жылдың қыркүйек айынан бастап Қазақстанның барлық мектептеріне енген «Өзін-өзі тану» пәнінің мұғалімі ретінде оның балалардың бойындағы рухани адамгершілік құндылықтарды тәрбиелеуде өте құнды, пайдалы екенін айтқым келеді. Бұл қазіргі таңда қоғамға өте керекті пән. Аты айтып тұрғандай, адам өзгені тану үшін біріншіден өзін жақсы тани білуі шарт. Осыған орай М.Жұмабаев атындағы №19 орта мектеп-гимназиясы өзін-өзі тану пәні ұстаздарының ұйымдастыруымен «Өзін-өзі тану: «Махаббат пен шығармашылық педагогикасы» атты онкүндік қашықтан өткізілді.

Жалпы, онкүндіктің ең алғашқы күні «Бәрін жүрегіңмен өлше!» тақырыбында ашық сабақтар ұйымдастырылып, бейнесабақтар түсірілді. Өзін-өзі тану пәнінің мұғалімдері ZOOM платформасы арқылы «Махаббат жолындағы өмір» бірыңғай өзін-өзі тану сабағын ұйымдастырды.

Осы пән мұғалімі Жұлдыз Оразғалиқызы «Алтын жүрек» тақырыбында онлайн мерекелік концерт ұйымдастырып, 6-7-сынып оқушылары арасында «Алтын жүрек – анамыз» атты мәнерлеп оқу байқауын өткізді. Оқушылардың барлығы ат салыса қатысып, Сара Алпысқызына арнаған өлең жолдарын бейнежазбаға түсіріп жіберді. «Бақытты отбасы» тақырыбында 7-сынып оқушыларының арасында эссе байқауы өткізілді. «Өте жақсы» деп танылған эсселер мен өлеңді жатқа айтқан оқушылар Мақтау қағазымен  марапатталды.

Жоғары сынып оқушылары арасында өзін-өзі тану пәні мұғалімі Айжан Шаяхметова «Махаббатқа толы жүрек» атты эссе байқауын өткізді. 5-сыныптар арасында аталмыш пән мұғалімі Жанар Қожанова «Қайырымдылық – көңіл кеңдігі» тақырыбында қашықтан сурет байқауын ұйымдастырды. Бастауыш сынып мұғалімдері де бұл іс-шараға өз үлесін қосты. «Алтын жүрек» тақырыбында челлендж ұйымдастырып, құттықтау бейнежазбаларын дайындады. Оқушылар  іс-шараларға белсенділікпен қатысып, бұл пәннің орны ерекше  екенін  тағы да  дәлелдеді.

Онкүндік аясында өзін-өзі тану пәні мұғалімі Мейрамгүл Қабылбекова 2-сынып оқушылары арасында «Дос болайық бәріміз!» тақырыбында достық туралы өлеңдер байқауын өткізді. Жалпы бұл шаралар қашықтан өтсе де, оқушыларды қайырымдылыққа, мейірімділікке баулып, досқа адал болуға, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге шақырады.

Қорыта айтқанда, «Өзін-өзі тану» пәні баланы өз қадірін білуге, өзін сыйлауға, өзін-өзі жетілдіруге, рухани өмірде және қоршаған ортада, қоғамда өзінің бағыт-бағдарының болуына, өз бетінше шешім қабылдай алуына және өз сөзі мен әрекеттері үшін жауапкершілікті сезіне білуге тәрбиелей отырып, өзіндік «Менін», жолын табуға жетелейтін пән. Білім беру мекемелерінде жыл сайын өзін-өзі тану пәнінің онкүндік іс-шараларың өтілуі ұстаздар мен оқушыларға көп пайдасын тигізері сөзсіз.

Жұлдыз АТАЛЫҚОВА,

«М.Жұмабаев атындағы №19 орта мектеп-гимназиясы мектепке дейінгі шағын орталығымен» КММ өзін-өзі тану пәні мұғалімі

Талдықорған қаласы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан