ТАЛДЫҚОРҒАНДА ТАНЫМАЛ ТОҒЫЗ АҚЫН ЖЫР ОҚЫП, ӘСЕРЛІ ЕСТЕЛІКТЕР АЙТТЫ

Уақыты: 24.02.2021
Оқылды: 1332
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақ поэзиясының көкжиегінен өзінің сәулесін себездеткен жетісулық болмысы бекзат ақындар жұртшылыққа жырдан алқа тақты. Ақпанның ақжайнақ таңындай тұла бойға қуаныш сыйлаған жыр кешінің де ауаны арналы үш бөлімнен тұрды. Алғашында өз жырларын тебірене оқыған кеш кейіпкерлері келесі бөлімде алдыңғы буынның өмірі мен шығармашылығынан есті естеліктер тарқатса, үшінші бөлімде әуелете ән салып, шағын қойылым көрсетіп, ақық жыр оқыды.

Күні бұрын күллі атырапқа сауын айтып сүйіншілеген «Ақпанда туған аппақ жыр» кеші жоғары дәрежеде шырай берді. Арқалы ақындар әуелі Журналистер үйіндегі Бейсен Құранбек музей-бұрышына гүл шоқтарын қойып, өмірден өткен айбынды азамат, жампоз журналистің рухына тағзым етті.

«Ақпанда туған аппақ жыр» кешінің шымылдығы туғанына 175 жыл толған жыр алыбы – Жамбыл Жабаевтың «Ақындарға сәлем» әнімен түрілді. Ағымдағы жылы құрылып, бүгінде тың жобаларымен елге таныла бастаған «Janr» Жетісу әдеби клубының жас ақындары кеш кейіпкерлерінің бір-бір шумақ жырын оқып, оларды таныстырып өтті.

Көкжиектің етегін көтерген күн сәулесіндей көңіл сазын аспанмен астастырған ақындар көшін халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының леуреаты, «Жетісу» газетінің бас редакторы, ақын Әміре Әрін бастады. Ақық жырлар ақтарылған осынау рухани шарада көрнекті ақындарымыз Нүсіпбай Әбдірақым, Жомарт Игіман, Кәмнұр Тәлімұлы, Рәтбек Терлікбаев, Қуат Қайранбаев, Берік Байлов пен қазақ поэзиясының арулары Роза Сейілхан, Торғын Тұрлыбаева жыр бұлағын ағызды.

Өмірдің әр сәтін, әр соқпағын рухты жырына арқау еткен осынау 9 ақын руханияттың бір-бір шырағданына айналды десек асыра айтпағанымыз. Әрқайсысының өзіндік үні, өзіндік қолтаңбасы, сыршыл сезімнен туған мөлдір жырлары қалың оқырманның көңіл түкпірінен әлдеқашан орын алып қойған. Шарада жетісулық жас қаламгерлердің көз тастар көкжиегіне айналған осынау шайырлар от жүрегінен өлең қотарды.

Шараның тізгінін ұстаған ҚР Мәдениет қайраткері, ақын, «Жетісу» газеті бас редекторының орынбасары Жұматай Оспанұлы «Жыр шашу» бөлімінде кеш кейіпкерлерінің өміршең өлеңіне кезек берді. «Сырласу» бөлімінде арқалы ақындар аға буын туралы алқаусыз ой, астарлы сыр, есті естелік тарқатты. Әбен Әуренбеков, Есенқұл Жақыпбек, Жұматай Жақыпбаев, Тұманбай Молдағалиев, Еркін Ібітанов, Тоқтасын Сүгірбеков, Дәркембай Шоқпарұлы, Қанипа Бұғыбаева, Марфуға Айтқожиналардың бекзат болмысы, ақындық әлемі әсерлі әңгіменің арқауы болса, «Көңіл пернесін бір басу» бөлімінде шара кейіпкерлері алдыңғы толқынның ақық жырын оқып, бірі әуелете ән салып, жалпы айтқанда, ақындық қырынан бөлек қабілеттерін көрсетті.

Өз кезегінде, сексеннің сеңгіріне табан тіреген жазушы, ақын, публицист Әли Ысқабай рухани іні-қарындастарына ақ батасын беріп, жан жадыратқан жыр кеші туралы тебіренісін жеткізді.

Шарада Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаев сөз алып, өткен жылдың қоңыр күзінде бастау алған әдеби кештің заңды жалғасы жоғары дәрежеде өткенін атады. «Жапырақ жауған күз» атты поэтикалық кеші «Ақпанда туған аппақ жырға» ұласқаны көңіл тоғайтатындығын әңгімелеп, Жетісу әдебиетінің алдыңғы буын өкілдеріне алғысын жеткізді. Сонымен қатар, «Janr» Жетісу әдеби клубының президенті Есболат Айдабосын мен Мәрлен Қапашұлы кеш кейіпкерлерінің иығына шапан мен камзол жауып, сый-сияпат көрсетті.

Жырға сусаған жетісулықтар ғажайып кештен ерекше әсермен тарқасты.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Алматы облысы