МҰҒАЛІМ МІНБЕРІ: ҮШ ТІЛДЕ БІЛІМ БЕРУДІҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘДІСІ ҚАНДАЙ?

Уақыты: 26.02.2021
Оқылды: 994
Бөлім: РУХАНИЯТ

Үш тілде білім беру – уақыт талабы. Осы тұрғыда жаратылыстану-математика бағытындағы пәндерді қашықтан үш тілде оқыту үшін қолдануға болатын тиімді әдістер мен онлайн платформалар туралы тәжірибемді бөліссем деймін.

Ең алдымен, үш тілде білім берудің ажырамас бөлігі ретінде халықаралық деңгейде танымал болған СLIL әдістемесін ұсынғым келеді. CLIL технологиялары басқа пәндерді шет тілінде оқытуда қажетті құрал болып табылады. Яғни, тілді үйрену кез келген пән саласы арқылы жүргізіледі.

Кіріктіріп оқытуды ұйымдастыру мұғалімнен әр сабақты ұқыпты жоспарлауды, дайындалуды, заманауи педагогикалық тәсілдерді қолдануды талап етеді. CLIL әдістемесін негізге ала отырып, қашықтан Nearpod платформасында ұйымдастыруға болатын жұмыстың қысқаша жоспарын атап өтейін. Ол үшін сабақта тілдесу әрекетінің барлық түрін дамытуға жағдай жасалуы тиіс. Қашықтан оқыту кезінде Zoom, Google Meet және Nearpod платформаларын өзара ұштастыра отырып қолданамыз.

Тыңдалым дағдысын дамытуда материалдың бір бөлігі аудиомәтін немесе бейнежазба түрінде оқушыларға сілтеме жіберіледі, сөйлесім дағдысын дамытуды диалог және әңгімелесу арқылы жүзеге асырамыз. Тыңдалымды жазумен байланыстыру үшін Quizlet платформасындағы жаттығу түрлерін қолданамыз. Ал, оқылым дағдыларын дамыту үшін оқушылардың жас ерекшеліктеріне және тілдік дайындық деңгейіне сәйкес келетін түрлі стильдегі түпнұсқалық мәтіндер іріктелініп алынады. Мәтіндер көлемі жағынан онша үлкен емес бөліктерге бөлініп және суреттермен, сызба-нұсқалармен, карталармен көркемделіп Nearpod-тағы слайд түрінде немесе қажетті сілтемені оқушыларға жіберу арқылы ұсынылады.

Сабақты жүргізу барысында оның мақсаты және күтілетін нәтижелер ағылшын тілінде нақты айтылады, слайдта жазылады және өзара талқыланады.  Жұмыстың бұл бөлімі де Nearpod слайды арқылы синхронды сабақта жүзеге асады.

Білім алушылардың сөздік қорын толықтыру және арнайы терминдермен таныстыру бойынша жұмыс үнемі жүргізіліп отыруы тиіс. Бұл орайда Quizlet платформасында арнайы терминологиямен жаттығу жұмыстары әзірленеді. Ал терминдермен жұмысты қаншалықты игергенін тексеру мақсатында қосымша Nearpod-тағы ойындарды қолдануға болады.

Осы аталған платформаларды толық меңгеріп, тиімді қолдана білсек, CLIL әдісі қарапайым диалог құрастыру, қысқа сөздік жазғызу, суретті әңгімелеу, ойындар ойнатуда тиімді нәтиже береді.

Айгерім ӘБУХАНОВА,

№17 орта мектептің информатика пәні мұғалімі

Талдықорған қаласы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан