АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ЖАМБЫЛДЫҢ 175 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫ БАСТАЛДЫ

Уақыты: 28.02.2021
Оқылды: 654
Бөлім: РУХАНИЯТ

Елімізде Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығын мерекелеу ресми түрде басталды. Жамбыл ауданында ақынның туған күніне орай салтанатты жиын болды. Аудандық Мәдениет үйінде өткен шараға алыс-жақыннан белгілі ақын-жазушылар, руханият саласындағы зиялы қауым өкілдері келді. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Алдымен облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли бастаған топ XX ғасырдың Гомері атанған жыр алыбының Ұзынағаштағы еңселі ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, құрмет көрсетті. Жамбыл ауылындағы ақын кесенесінде аруағына Құран бағыштап, тағзым етті.

Мерекелік кеш ақын атындағы ауданда түсірілген фильмді тамашалаумен басталды.Салтанатты шарада алғашқы сөз облыс әкімінің орынбасары Рустам Әлиге берілді.

– Мәңгілік еліміздің біртуар тұлғасы, жер жаннаты Жетісудың перзенті, қазақ руханиятының алтын діңгегіне айналған Жамбыл Жабаевтың мерейтойы құтты болсын, – деді ол.

– Тұңғыш Президентіміз, Елбасы: «Өркениетті ұлт ең алдымен тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлеспен мақтанады», – деген болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Жамбылдың 175 жылдығын өткізу жөнінде арнайы комиссия құрылып, кеше ғана Нұр-Сұлтан қаласында Жамбыл атамыздың ескерткішіне тағзым етіліп, мерекелік концерт өтті. Бұл шараға еліміздің зиялылары, облыс әкімі бастаған делегация қатысты. Ақын мұрасын насихаттаудың маңызы зор, – деген Рустам Әли ақын шығармашылығын тілге тиек етіп, мерейтойын өңірде атап өту жайына тоқталды. Жетісуда мерейтойлық шаралар басталғанын, жуырда Талдықорғанда Уәлихан Қалижанның «Жамбыл» кітабының тұсаукесері, онлайн түрде республикалық оқушылар айтысы өткендігін жеткізді. Одан әрі жыр дүлдүлінің мерейтойы облыс аумағында жыл бойы жалғасып, бай мұрасы ұрпақ жадында жаңғыратынын айтты.

– Жамбыл бабамыздың мерейтойына орай облыста 38 тармақтан тұратын арнайы жоспар жасалды. Бұл шараларға жергілікті бюджеттен 566 миллион, республикалық бюджеттен 175 миллион теңге қарастырылды. Ақын кесенесіне реставрация, аудан аумағын абаттандыру, ақын атындағы көше жолдарына жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Республика көлемінде Жамбыл музейінің жылжымалы көрмелерін ұйымдастыру, облыстық жыршы-термешілер байқауы, республикалық ақындар айтысы, халықаралық суретшілер көрмесі жоспарланып отыр. Белгілі отандық және шетелдік жамбылтанушы ғалымдар, әдебиет сыншылары мен ақын-жазушылардың қатысуымен Түркияның Кечиөрен ауданында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілмек. Адалдық пен адамгершіліктің, әділдік пен ізгіліктің алып жыршысы деген тарихи бағасын алған Жамбыл бабамыздың ұшан-теңіз шығармашылық мұрасы халқының тарихы мен шынайы өмірінің айнасы екендігі сөзсіз. Мерейтой аясында Жамбыл өмірі мен әдеби мұраларын кеңінен насихаттау бағытындағы бұдан өзге де жұмыстар жоспарлы түрде атқарылатын болады, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет:

– Батыры жоқ ел – бақытсыз. Ал ақыны жоқ ел екі есе бақытсыз. Біз батыры да, ақыны да бар елміз. Қазақтың мықтылығы да сонда. Әлемдегі ең биік таудың бірі Алатау болса, әлемдегі ең ұлы ақындардың бірі – Жамбыл Жабаев. Ғаламшардың аспанын Алатау қалай биіктетсе, адамзаттың аспанын Жамбыл ақын солай биіктеткен. Сондықтан біз Алатау десек Жамбыл бабамыз еске түседі, Жамбыл десек Алатау көзге елестейді. Маған Жамбыл атамыз Алатаудың алып та асқақ асқарлы шыңына айналғандай көрінеді. Ал шыңның ұшар басына қарасаң, тымағың түсердей биік. Мұндай ақынды тарихта адамзаттың алыбы деп атайды. Біз Жамбылды әлі терең зерттеп болған жоқпыз деп есептеймін. Қазақ халқының әлемдік өркениетке қосқан үлесінің ішіне жүз томдық «Бабалар сөзімен» қатар Жамбылдың да өлмес мұрасы – жыр-толғаулары мен айтыстары кіретіні анық. Егер біз бүгін жас буынның бойына Жамбыл жырларын сіңіре білсек, ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа ұрпақ болмысын қалыптастыру тұжырымдамасына да, Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басты бағытының бірі Ұлт болмысын түзетін идеясына да толық сай келеді. Жүз жасаған Жамбыл атамыздың ақындық абыройы жүз жылдыққа да сыймайды. Сондықтан мұндай феномендердің ғұмыры мыңжылдықтармен өлшеніп, мәңгілікпен астаса бермек. Жазушылар одағының тарапынан мемлекеттік комиссияға ұсынған біраз жоба-жоспарларымыз іске аса бастады. Соның бірі – Жамбылдың таңдамалы шығармаларының бір томдығы Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың қолдауымен жарыққа шығып жатыр. Қазіргі заманға сай Жамбылдың электрондық кітабын да осы Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен шығарудамыз. Біздің ұсынысымызбен Жамбылдың академиялық үш томдығын шығаруды да қала әкімдігі қаржыландыратын болды. Ал Жамбыл қорымен бірлесе дайындап отырған «Жамбыл ата» фотоальбомын шығаруға облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы қолдау көрсететінін айтты, – деп сөзін Жамбылға арнауымен аяқтады.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, жазушы Жұмабай Шаштайұлы өз сөзінде Жамбылдың асқан дарынымен қазақты әлемге алғаш танытқан құбылыс болғанына тоқталып, ұлттың әлемдік деңгейдегі осындай ұлы тұлғалары бүгінгі заманда да арамыздан шыға беруін тіледі.

Жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, ЮНЕСКО-ның Мәдениеттерді жақындастыру орталығының бас қызметкері Нағашыбек Қапалбекұлы осыдан ширек ғасыр бұрын Жамбылдың 125 жылдығына өзі куә болғанын, мерейтойға Қазақстанның басшысы Дінмұхамед Қонаевтың келгенін, одақтас елдердің басшылары мен жазушылары қатысқанын, Әбділдә Тәжібаевтың баяндама жасағанын еске алды. 

– Ал ақынның 150 жылдығының жоғары деңгейде өткенін көпшілігіңіз өздеріңіз көрдіңіздер. Сонда Алматыдағы Республика сарайында баяндама жасаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бір сөзі бар: «Бұқар жырауды, Өтеген мен Сұраншы батырларды, Абылай ханды сол кездегі Кеңес одағының халқына алғаш танытқан Жамбыл», – деген. Түркі әлемі биылғы жылды Жамбыл жылы деп атап, Қырғызстанда алғашқы мәжілісі өтті. ЮНЕСКО-ның Мәдениеттерді жақындастыру орталығы біраз шаралар атқаруда. ЮНЕСКО-да ұзақ жыл қызмет етіп, қазір де осы халықаралық ұйымның Алматыдағы бөлімінде басшылықта отырған Олжас Сүлейменов мырзаның тікелей ұйымдастыруымен бірнеше шаралар өткіздік. Ең бірінші, Жамбылдың ұстаздарына тағзым етіп, былтыр Сүйінбай Аронұлының 205 жылдығына орай оқымыстылар Тезек төре, Шоқан, Кенен аталардың ізімен арнайы экспедиция жасады. Жамбылды мәпелеп өсіріп, барлық жағдайын жасаған атақты Сарыбай бидің туғанына биыл 200 жыл толады. Осыған орай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен бірігіп үлкен конференция өтті. Жамбыл жөнінде екі халықаралық конференция ұйымдастырылды. Оның бірі аталған оқу орнында, екіншісі М.Әуе­зов атындағы Шымкент университетінде. Әрбір шараның артында із қалу керек. Баспасөзде жарияланып, кітап болып басылуы тиіс. Аталған конференциялардың материалдары жинақ болып жарыққа шықты. Қазір Жамбылдың библиографиялық көрсеткіштерін кітап етіп жинауды қолға алдық. Жазушылар одағының ұсынысымен біраз кітап шығару қолға алынғаны қуана құптарлық іс. Той дүркіреп өтер. Елдің мәңгі есінде қалатыны кітап. Әрине, ғаламтордың жөні басқа, дегенмен тасқа басылған осындай дүниелер қаз-қалпында сақталады. Абайтануда көптеген игілікті істер атқарылғаны белгілі. Сондай үлкен істер жамбылтануда да жалғасуы керек-ақ, – деді.

Жиыннан кейін аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары ұсынған сахналық қойылымда ақынның өлең-жырлары, өмірі мен шығармашылығы жатқа оқылып, әйгілі айтыстарынан үзінді орындалды. Жамбыл әндері мен күйлері шырқалды. Жергілікті әртістер өздерінің кәсіби шеберлігімен көрерменге тамаша әсер сыйлады.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы

Алматы облысы