Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ТАЛДЫҚОРҒАНДА МҰҚАҒАЛИҒА ЖЫР АРНАҒАН ҚАРИЯЛАР МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 03.03.2021
Оқылды: 362
Бөлім: РУХАНИЯТ

Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай Тіл сарайында ардагерлер бірлестігінің Талдықорған қалалық филиалының ұйымдастыруымен «Қазақтың қара өлеңі – құдіретім» атты қалалық онлайн форматтағы байқау кеші болып өтті. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Кешті ақын Жұматай Оспанұлы Мұқағалидың әдемі өлеңімен ашты. Байқауға қала бойынша он бір адам қатысты. Әрбір қатысушы Мұқағали өлеңдерін жатқа оқып, ақынға арнауын көрерменге ұсынды. Ақын поэзиясынан сыр шерткен әрбір қатысушы шараға мұқият дайындалғанын байқатты. Кеш барысында белгілі өнерпаздар Абылай Қожақов пен Эльмира Дәуренбекова ән шырқап, қатысушыларға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Кеш қорытындысы бойынша жеңімпаздарды анықтауға ақын, журналист Нүсіпбай Әбдірахым, ардагер-ұстаз Ханшайым Сыдықова және Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Жангелді Немеребай төрелік етті. Салтанатты іс-шараның жеңімпаздарына арнайы сертификаттар мен ақшалай сыйлықтар табысталды.

Жеңімпаздарға келсек, үшінші орынды Жылқайдарова Роза, екінші орынды Балақаранова Жұмабала апаларымыз, ал бірінші орынды Аңсабаев Дүйсен ағамыз иеленді. Бас жүлдені Құлжабеков Мұратбек ағамыз қанжығасына байлады. Ал қалған байқау қатысушыларына арнайы сыйлықтар мен Алғыс хаттар табыс етілді. Мұзбалақ ақын Мұқағалидың мерейтойына арналған кеш жоғары деңгейде өткізіліп, келген қонақтар ұйымдастырушыларға өз алғысын білдірді.

Арай ОРАЗҒАЛИ,

І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің студенті