ТАЛДЫҚОРҒАН КІТАПХАНАСЫНДА АҚЫНМЕН ОНЛАЙН КЕЗДЕСУ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Уақыты: 03.03.2021
Оқылды: 1065
Бөлім: РУХАНИЯТ

Талдықорған қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты 3-ші бөлімшедегі №7 кітапхана филиалында қашықтан түрлі мәдени іс-шара өткізіліп тұрады. Соның бірі – ақын Амандос Елтайұлымен өткен онлайн жүздесу.

«Поэзия әлемінде» деп аталған шарада ақын Амандос Елтайұлының өмірі мен шығармашылығы сөз болды. Facebook парақшасы арқылы өткен онлайн жүздесу «Туған жерге тағзым» жобасы аясында ұйымдастырылды. Кездесу барысында оқырмандар тарапынан көптеген сұрақ қойылды. Ақын барлық сұраққа жауап беріп, өзінің шығармашылығынан сыр шертті.

Көпшілікке ақындығымен бірге әнші, сазгерлігімен де кеңінен таныс Амандос Елтайұлы поэзия, өлең, сөз құдіреті, ән, әсемдік, елжандылық, тәрбие, Отанға деген сүйіспеншілік, ән әлемінің сырын ашу тақырыптарында ой өрбітті.

Бүгінде ақын балалар мен қарттар үйінде, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған орталықтарда түрлі мерекелік іс-шара ұйымдастырады. Сонымен бірге, кеш кейіпкері көптеген ресупбликалық байқауларда топ жарған талант иесі, бірнеше ән жазған сазгер. Облыс әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен жарық көрген «Амандос және Мен» атты жыр жинағының авторы. "Дүние таланттылары Одағы" ұйымдастырған ақындар айтысында 1-орын алған. Оның сыртында, "Дүние таланттылары Одағының" мүшесі.

Амандос Елтайұлы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының "кинотеледраматургия" мамандығы бойынша білім алған. Оның қаламынан туған киносценарийлер, пьесалар, прозалық шығармалар оқырман тарапынан жоғары бағаға ие болған.

Күміс ТАБЫЛДИНОВА,

3-нші бөлімшедегі №7 кітапхана филиалының меңгерушісі

Талдықорған қаласы