Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ПАРЛАМЕНТ ДЕПУТАТЫ ЖЕТІСУЛЫҚ ҚЫЗ-КЕЛІНШЕКТЕРГЕ ЖЫР АРНАДЫ

Уақыты: 05.03.2021
Оқылды: 543
Бөлім: РУХАНИЯТ

Құдайға шүкір, күнтізбеде ресми мерекелер қатары аз емес. Әр мерекенің өзіндік тарихи салмағы, жаупкершілігі, перзенттерімізге берер тәлімі мол. Арыңның алдында есеп беріп, көңіл кардиограммасын ерсілі-қарсылы жөңкілтіп, өткен-кеткен дүниелерді еске алып, жан дүниеңді түрлі толқынысқа бөлейтін мереке, мен үшін – 8 наурыз.

Бәрі-бәрі, ой елегіңнен өтеді. Көзіңді тырнап ашып, қапыда Алатаудай Азаматынан айырыл қалып, жарым көңіл Анаңның шиеттей бала-шағасын жетелеп беткейге бет алып бара жатқаны... Аяқтанбаған он шақты ұл-қызын «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай», көлденең біреудің етегінен ұстап кетпей, жанын жалдап, жанұшырып жүрген Қаһарман Анаңның бүкіл тіршілігі көз алдыңда солығын басып, зорға тоқтаған составтардай тізіліп келеді.

Бауырларын қорғаштап, екі жастың біріне келмей Ананың бір жағына шығысып, бауырларын бауырына тыққан Әпкең келеді көл алдыңа. Менде қарындас болмады, үйде кенже болдым. Бірақ ағаларымның қыздары үшін қар-мұз бен жауын-шашынға жонымды қалқан еттім. Жалымды төсеп, жанын аялауға тырысып келем. Бұл мереке жақындаған сайын осылай көңілім толқиды.

Киелі Жетісу топырағында арғы-бергі тарихты небір сұрапыл Аналар болды. Кейінгі дәуірде де еңбек арқылы Алатаудың өріне көтерілген шешелеріміз болды. Құдай көп көрмесін, бүгінде солардың ізін басқан ардақты Аналарымыз, қадірлі әпке-қарындастарымыз жетерлік. Баршасын мерекесімен құттықтаймын!

Қабақтарына кірбің түспесін! Дүн-дүниенің тепе-теңдігін ұстап тұрған – өмірімізді гүлге ораған сол аяулыларымыз! Жер тұрғанша тұрсын, Олар!

Өзіміздің киелі «Жетісу» газеті арқылы құттықтау жолдап отырып экспромт жазылған мына жолдарды барша Аналар мен әпке-қарындастарға, жеңгелер мен келіндерге арнаймын:

АНАЛАРҒА

Алла өзі жаратқан Арын нұрдан,

Жанарларын жасын мен жалын буған.

Қайран біздің қазақтың Аналары –

Пайғамбардан басқаның бәрін туған!

 

Бәрін туған, патшаны, ақынды да,

Кеншіні де, ұстазды, батырды да.

Жамандықтың ауылын алыс етіп,

Жақсылықтың жалауын жақын қылған!

 

Мұңаясың, кей кезде түңілесің,

Жығыласың, тұрасың, бүгілесің.

Жау жаралап кеткенде жан Анаң ғой,

Табылатын жаныңнан ұлы есім.

... Дүниені сұлулық құтқармайды,

Құтқаратын – Ананың құдіреті!

 

Құлағыңда бір дауыс «баламдай ма?»

Дәл сол жандай өзгелер алаңдай ма?

«Кір шалмасын Арымды» десең егер,

Ей, адамдар, алдымен Анаңды ойла!

Жанарбек ӘШІМЖАН,

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері