ДАСТАРҚАНЫ ЖАЮЛЫ, ШАЙЫ ҚҰЮЛЫ: БІР ШАҢЫРАҚТА ТҰРАТЫН ҚОС КЕЛІН

Уақыты: 08.03.2021
Оқылды: 1280
Бөлім: РУХАНИЯТ

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарына дейін бір шаңырақ астында екі, кейде, тіпті, үш абысын сыйысып, бірге өмір сүретін. Әйелдер жағы тату болғандықтан  шаңырақта сүттей ұйыған келісім салтанат құрады. Ал қазір мұндай жарасымды шаңырақтың қарасы тым аз. Осындай бақытты ғұмыр кешу маңдайына бұйырған ауылының сыйлы азаматы, ағайын-туысының жанашыры кішішығандық Ерболат Исаевтың әулетін ерекше атап өткеніміз жөн. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Бұл әулеттің керегесін алтын етіп, ұрпақ жалғастырып отырған қос келін бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді. Олардың арманы – келген жерін бақытқа бөлеп, шаңырақтың шаттығын еселеп, ұлықты ұл, қылықты қыз тәрбиелеу. Армандары мақсатқа айналып, бүгінде көпшілік қызыға да қызғана қарайтын үлкен әулет болды. Бірлігі мен берекесі жарасқан отбасындағы тәтті балапандардың атасы Ерболат Белқожаұлы мен апасы Шынар Қалибекқызы өмірге Айбол, Нұрбол, Айбек есімді үш ұл алып келіп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, барынша жақсы тәрбие берген.

Бүгінде біреудің ала жібін аттамай, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсетіп өскен ұлдары бір әулеттің емес, тұтастай ауылдың мақтанышына айналды. Тұңғышы Айбол Аяулым Қалиахметовамен сезімдері жарасып, шаңырақ көтеріп, балдай тәтті төрт қыздың, екінші ұлы Нұрбол қос періштенің асқар таудай әкелері. Баланың былдыры мен ойыншықтың сылдыры ғана естілетін бұл шаңырақтың есігі кімге болса да үнемі ашық, дастарқаны жаюлы, шайы құюлы. Отбасындағы мұндай береке-бірлік әйел адамның отбасы, ошақ қасынан алыс еместігін білдіреді. Сондықтан, екі келіннің жақсысын асырып, жаманы болса жасырып, кем-кетігін түзеп отырған асыл ананы, кемеңгер енені, ардақты апаны қалай көреген кісі демеске?

– Келіннің енемен немесе ененің келінмен шығыспай жүргені туралы көп естимін. Сондай жағдайлардың алдын алу үшін ақыл-кеңесімді айтудан жалықпаймын. Атасы да ара-тұра өнегесін айтып отырады. Аяулым мен Гүлмарал осы шаңырақтың табалдырығын аттағалы бері артық әрекеттерін, бейәдеп қылықтарын байқамаппын. Абысындардың өзара тату болғаны жөн. Ыдыс-аяқты сылдырлатпай, бір-бірінің жаманын жасырып, жақсысын асырып отырады. Мен соған қуанамын. Біз ұл-қыздарымызға жақсы сөз айтып, аялап өсірдік. Олардың таңдаған жарларына да жылы сөзімізді аямаймыз. Ажырасудың алдын алу үшін қазақтың әрбір отбасы бір шаңырақ астында ауызбіршілікте, татулықта өмір сүруі тиіс. Сонда үлкен мәселелер де орын алмайды. Әр үйге менің қос келінімдей келін бұйырсын деп тілеймін, – дейді асыл ана.

Ақ босағаны оң аяқпен аттап, ақ некелі жарының туған-туысын жатсынбай өз туысындай көріп, үлкендердің ақ батасын алып, жас келін, ана келін, кейін дана келін атанған қазақтың ибалы да инаббатты келіндерінің ізін жалғап келе жатқан Аяулым мен Гүлмарал текті әулеттің туын биік ұстауды өмірлік ұстаным еткен. Үлкен келін Аяулым соңынан ерген абысынын туған сіңлісіндей көреді. Екеуі үй тірлігін де теңдей атқарып, балаларды да бірдей бағып-қағуда. Осындай тату-тәтті абысыннан үлгі алған балалардың да ауызбіршілігі мол болмақ.

Әйел адамның қандай екені істеген тірлігінен байқалады. Бір отбасындағы шаруаны ұршықша иіріп, түрлі дәмді ас даярлап, жайқалтып дастарқан жайған келіндердің ісінде мін жоқ. Олар өздеріне артылған жауапкершілік жүгін жақсы сезінеді. Үлкен әулеттің атына кір келтірмеуге барын салуда. Бірге тұрып, кез келген мәселені бірлесе шешіп үйренген, «сенікі, менікі» деп бөлінбей, қазан-ошақтың басындағы жұмысты ұршықша иіре жөнелетін абысындар отбасылық өмірдегі қиындықтарды да бірге еңсереді. Өйткені, олар бір үйдің қызындай болып кеткен. Ауызбіршілік бар, жанашырлық сезімі басым.

Ағайынның арасын біріктіріп, көңілді кіріктіретін де әйел екені анық. Бауырлар арасында дәнекер болып, татулықты дәріптейтін де осы – арулар. Әулеттің атағын әуелетіп, дәулетін кемерінен асырған осындай тату келіндер барша қазаққа үлгі.

Еңлік КЕНЕБАЙ

Алматы облысы