ҚОБЫЗШЫ ҰСТАЗ: "ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДА ДАРЫНДЫ БУЫН ӨСІП КЕЛЕДІ"

Уақыты: 08.03.2021
Оқылды: 1354
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ұлтымыздың ұлы мұрасына айналған саз аспаптары - қобыз бен домбыраның қос ішегінде он саусағы еркін ойнайтын таланттардың өнерін ұштап, өрісін кеңейтуге өмірін арнап келе жатқан ұлағатты ұстаздардың бірі Талғар аудандық балалар музыка мектебінің мұғалімі Гаухар Асқарбекова дер едік.

Өнер саласында 30 жылға жуық табандылық танытып, зор еңбек сіңірген ұстаздың талантты шәкірттері де жетістіктер биігінен көріне білуде. Нәтижесінде, жас өскінді өнерге баулудағы ерен еңбегі еленіп, «Дарынды ұстаз» медалінің иегері атанған Гаухар Мысабекқызы бұған қоса облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен және Алғыс хаттармен марапатталған. Сондай-ақ, бақ сынасқан байқауларда ортасынан оза шауып, аудандық музыка пәні мұғалімдері арасында өткен баян аспабында орындау сайысының бас жүлдегері атануы да өнерге деген сүйіспеншілігінің асқар шыңындай көрінеді.

Қобыз бен домбыра тартуға ықыласты мектеп оқушыларынан құрылған аудандық «Желмая" қобызшылар ансамблі мен «Балауса» домбырашылар ансамбіліне жетекшіліп жасап, жас өнерпаздардың биік белестерді бағындыруына бар күш-қайратын жұмылдырған еңбегі зая болмады. Күй сандық боп ақтарылған қос ансамбль республикалық, облыстық байқаулардың жүлдегерлері атанып, атақтарын аспандатты.

Талантты жетекші, музыка пәнінің білікті мұғалімі Г.Асқарбекова ұлттық аспапты меңгертуде «Қобыз пәні бойынша үлгілі деңгейлік оқу бағдарламасы» атты еңбек жазып, ғылымға өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Ұлттық аспаптар домбыра, қобыз, сазсырнай, балалайка, шаңқобыз, фортепиано, баян аспаптарын еркін меңгерген дарынды ұстаз бұл өнерін жас жеткіншектердің бойына сіңіріп, өнер көгінде еркін самғауына бұл күнде еселі еңбек сіңіруде.

Алатаудың баурайынан әуезді әуен қалықтатып, күй күмбірлететін қос ансамбльден бөлек, жеке орындаушылардың да жеткен жетістіктері жіпке тізерлік. Атап айтсақ, асқан шеберлігімен танылған жас қобызшы Анель Талғат 2017 жылы Астана қаласында өткен ХІ халықаралық  «Ақ көгершін»  байқауында бас жүлдені иеленсе, Түркияда өткен байқауда да алдына жан салмағаны белгілі. Сондай-ақ, жас қобызшылар Сұңғыла Амантай сол жылғы республикалық «Самға самұрық» байқауынан Гран-приді иеленіп, мерейін өсірген. Білікті ұстаздан үйренгені көп Ақбота Сатаева, Қуаныш Оразхан, Раушан Үмбетова, Жания Шұғаева, Дана Қайратова, Алуа Әбдісаматова, домбырашылар Әсем Тұрсынжан, Аяулы Сәрсенбі сынды дарынды шәкірттері жас өнерпаздар көшін бастап келеді.

Концертмейстер Елена Короткова мен Гаухар Мысабекқызы бірлесе баптаған талғарлық таланттар жуырда тағы бір биіктерді бағындырып, аудан абыройын асырды. Ол «Astana Folk Music» атты І халықаралық халықтық музыка және әндер байқауында 11-13 жас аралығындағы қобыз өнері бойынша Сұңғыла Амантайдың Гран-приді иеленуі және Дана Жолдыбайдың 1-дәрежелі дипломмен марапатталуы екендігін ерекше атамақпыз.

- Қос өнерпазымыздың бұл жеңісін ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына тартуымыз деп білеміз. Қазақ даласында дарынды да талантты буын өсіп келеді. Біздің міндет – соны дер шағында танып, талабын ұштау, – дейді ұлағатты ұстаз Гаухар Асқарбекова.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы

Алматы облысы