Нью-йорк музейінің жауһарлары

Уақыты: 15.06.2017
Оқылды: 1378
Бөлім: РУХАНИЯТ

Орыс суретшісі Николай Рерихқа арналған Құрама Штаттардағы жалғыз мұражай аты аңызға айналған суретші, философ, саяхатшы, археологтың жұмыстарын Қазақстанда алғаш рет көрермен назарына ұсынады. Бұл жаңалық Астанадағы халықаралық көрмелер жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясы барысында айтылды.

Николай Рерихтің «Нью-Йорктегі музейінен алынған жауһарлар» көрмесі шебердің шығармашылық ауқымын көрсетіп, жасөспірім шағында, сондай-ақ, 1920-40 жылдары жарыққа шыққан 37 жұмысын қамтиды. 
 Талантты суретші Қытай Түркістанында, Моңғолияда, Үнді, Тибет және Алтайда мыңдаған жұмыстар жазған. 1926 жылдың көктемінде Рерихтардың экспедициясы Шығыс Қазақстандағы Зайсан көлінің маңында болды, Өскемен, Семей, Павлодар және Омбыны басып өтті.
Рерих мәдени құндылықтарды таратудағы керуен жолдарының маңыздылығын терең түсінді. Ұлы Жібек жолының айтарлықтай бөлігін жүріп өткен Рерихтар отбасының зерттеулері өте құнды.
Көрме Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен, БҰҰ-ның Қазақстан Республикасындағы Миссиясының  және Қазақстан мен АҚШ Елшіліктерінің ресми қолдауымен өткізілді. 
Қазақстан жағы логистикалық және сақтандыру шығындарын көтерсе, көрмені ұйымдастыруға байланысты басқа шығындарды американдық «Son Mar Group» компаниясы мен АҚШ-тың жеке қорлары өтейді. 
Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Астанадағы ЭКСПО – 2017 халықаралық көрмесінің жылдың басты оқиғасы екендігін атап өтті. Астанадағы ғаламат іс-шара ғылым мен техниканың үздік әлемдік жетістіктерімен ғана емес, сондай-ақ, Қазақстанды бүкіл әлемге танытып, есте қалатын мәдени шараларымен де ерекшеленбек.
Көрме аясында «Мәдениеттің динамикалық моделі: Қазақстан және әлемдік қауымдастық» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жоспарланған.

СУРЕТТЕ: Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Қазақ ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Андрей Хазбулатов, Орыс-американдық қордың президенті, американдық «Son Mar Group» компаниясының негізін қалаушы, Мемлекеттік Бруклин мұражайының экс-кураторы Марина Ковалева, американдық «Son Mar Group  компаниясының және TondoArt арт-платформасының негізін қалаушы, «Сотбис» аукциондық үйінің экс-аға вице-президенті Соня Беккерман.

Қажет АНДАС