ҚОСАҒАШ МЕКТЕБІНДЕ "ЖАРАТЫЛЫСТАНУ ӘЛЕМІ" АТТЫ АПТАЛЫҚ ӨТТІ

Уақыты: 06.04.2021
Оқылды: 3531
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қосағаш орта мектебінде «Жаратылыстану әлемі» атты апталық өтті. Бұл апталықтың негізгі мақсаты - оқушылардың математика, физика, химия, биология, информатика және география пәндеріне қызығушылықтарын арттыру, пән бірлестігінің арқасында оқушылардың білімін шыңдай түсу.

Апталықта оқушыларды ғылыми жобалармен таныстырып, олардың бойына қоршаған ортаны қадірлеу жайында түсінік беріледі. Сонымен қоса қоршаған ортаны қорғауға, жауапкершілік сезімін оятуды мақсат етеміз. Осы бағыттарды негізге ала отырып алгебра пәнінің мұғалімі «Алғырлар және тапқырлар», информатика пәнінің мұғалімі Қ.Мусанов «Ойынның бастапқы бетін құру», география пәнінің мұғалімі Н.Хурметхан «Ерекше қорғалатын аумақтар», математика пәнінің мұғалімі Ә.Зулбхаар «Ақылды тақия - математикалық әдіс», Ш.Ерболатұлы «Қызықты физика» тақырыптарында сабақ өтті.

Сыныптарды топқа бөліп, жарыс күйінде түрінде сабақ өткізген ұстаздар қауымы әдістерді тиімді пайдала алды. Мысалға, «Миға шабуыл» әдісін алайық. Оқушы мұнда қандай да болмасын ақпарат (мәлімет, проблема, сұрақ) туралы бар білгендерін жазбаша немесе ауызша айтады. Оқушыға сұрақ қою, проблеманы зерттеу арқылы ой-өрісін дамытады, ойын еркін жеткізеді. Пікірлері еркін айтылады. Оқушылар ешқандай сынға ұшырамауы керек, ойлары қағазға түсіріліп, талқылау жұмысы болады.

Жаңа сабақ бастар алдында осы әдіс бойынша сұрақ қою арқылы сабақтың тақырыбын ашуға болады. «Шаттық шеңбері» сергіту сәтінде оқушылардың бойында идея немесе тілек білдіру, тыңдау дағдыларын дамытуға бағыттаймыз. Сондай-ақ, барлық оқушыларды қатыстыру арқылы оқыту жағдайларын теңестіреміз. Оқушыны бір-біріне тілек айту арқылы жақындастырып, көңіл-күйін көтереміз, бауырмалдығын оятамыз. Сабақ басталар алдында оқушылар үлкен шеңберге тұрады, кезектесіп тілек айтады.

«Ақылдың алты ойлау қалпағы» атты Эдвард де Боно бойынша сабақ өтеміз. Оқушының сыни тұрғыдан ойлауын дамытамыз. Мәселені барынша мұқият талқылап, оқушының жалпы ойлау қызметін жетілдіру үшін ойдың немесе сананың түрлі аспектілерін жандандыру мақсатында қолданамыз. Оқушы мұнда ұсынылған мәселе бойынша өз ойына талдау жасайды. Жасалған жұмыс бойынша өз көзқарасына рефлексия жасай біледі, толыққанды, жан-жақты түйіндеме құрады, жасалған жұмыс бойынша өзінің шығармашылық қатынасын көрсетеді, таным әрекеті үрдісінде қарым-қатынас шеберлігі артады.

Алты қалпақтың әрқайсысы ойлаудың түрлі элементтерін, аспектілерін білдіреді. Оқушыларға қалпақ беріледі (рас қалпақ немесе ойдан шығарылған), олардан мәселені талқылау барысында барлық ой операцияларын (ойлану, талдау) осы қалпақтың түсіне сәйкес келетін шекте жүргізу сұралады. Сынып топтарға бөлініп, бір топқа бір түсті қалпақ беріледі. Мұғалім әңгімені жүргізеді, бағыттайды. Оқушылардың танымын кеңейтіп, білімін тереңдету мақсатында тағы да басқа әдіс-тәсілдер болды. Жаңа иннавациялық әдіс-тәсілдерді пайдалану оқушылардың қызығушылығын арттыратыны сөзсіз.

А.ОСПАНОВА,

Қосағаш орта мектебі биология пәнінің мұғалімі

Кербұлақ ауданы

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды