ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗГЕ - 30 ЖЫЛ: ТОҚСАНЫНШЫ ЖЫЛДАРЫ ҚАНДАЙ ЕЛ ЕДІК?

Уақыты: 20.04.2021
Оқылды: 1293
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Елу жылда ел жаңа» деп бекер айтылмаса керек. Тәуелсіздік алған жылдан бері талай жаңарып үлгердік. Енді жиырма жылдан кейінгі Қазақстанның кейпін елестетудің өзі біле-білгенге үлкен бақ. Мысал ретінде тоқсаныншы жылға шегініп көрейікші. Халықтың тұрмыстық деңгейі әлдеқайда төмен еді. Қалалар қаңырап, жарық-жылусыз болған күндер әлі есте. Ал қазір ше? Мемлекетіміз әлемнің алпауыт елдерімен бәсекеге қабілетті, дамыған 50 елдің қатарына кіріп үлгерді. Осының өзі қасиетті тәуелсіздіктің айнымас жемісі.

Ғаламды шарпыған коронавирус қаншалықты залал келтіргенімен көп нәрсе үйретті. Одан сабақ алуымыз керек. Болашағы жарқын, келешегі кемел ел ретінде Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қыруар жұмыстар іске асуда. Халықпен ашық диалог орнатып, өзге мемлекеттермен экономикалық қарым-қатынасты тереңдетуге бар күшін салды. Үкіметке де лайықты тапсырма беріп, індеттен қорғанудың тиімді тәсілдерін ұсынды.

Қасым-Жомарт Кемелұлының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласындағы: "Қазіргі пандемия және соның салдарынан туындаған дағдарыс бүкіл әлемнің бұрын болмаған жаңа сынақтармен бетпе-бет келіп отырғанын анық көрсетті. Экономикалық, әлеуметтік, экологиялық, биологиялық және басқа да қатерлерге қоса жер жүзіне жағымсыз идеологиялық вирустар да жайылып келеді. Жаһандану кезінде ел жат жұрттың ықпалына бейсаналы түрде ілесіп кеткенін аңғармайды. Басқаша айтқанда, мәжбүрліктен емес, санасының улануы арқылы өз еркімен торға түседі. Сондықтан, жаңа заманның жақсы-жаманын екшеп, артықшылықтарын бойға сіңірумен қатар тамырымызды берік сақтауымыз қажет. Ұлттық болмысымыздан, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден ажырап қалмау – барлық өркениеттер мидай араласқан аласапыранда жұтылып кетпеудің бірден-бір кепілі", – деген сөздері халқына нақты бағдар берді. Тек сеніммен шығып, осы үлкен жауапкершілікті жүрекпен сезініп, әрекет етуіміз қажет.

Біздің ұлттық болмысымызды айшықтайтын құндылық Қасым-Жомарт Кемелұлы айтып өткен төл мәдениетіміз, салт-дәстүріміз. Өскелең ұрпақтың бойына осы асыл қасиеттерді сіңіруде облыстық ардагерлер кеңесінің атқарып жатқан жұмысы шаш етектен. «Қариясы бардың қазынасы бар» дегендей, өзімізге жүктелген жауапты міндетті абыроймен атқаруға бар күш-жігерімізді саламыз.

Ермек КЕЛЕМСЕЙІТ,

Алматы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы

Сурет ғаламтордан алынды