ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МУЗЕЙ КҮНІНЕ ОРАЙ ТҮНДЕ ІС-ШАРАЛАР ҰЙЫМДАСТЫРЫЛАДЫ

Уақыты: 18.05.2021
Оқылды: 1606
Бөлім: РУХАНИЯТ

Еліміздегі пандемияға байланысты «Есік» қорық-музейінде 2020 жылдан бастап «Музей түні» іс-шарасы онлайн форматта ұйымдастырылып келеді. 2020 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен Отанымыздың азаматтары мәдени өмірден тыс қалмауы үшін тарихи-мәдени өмірдегі барлық атаулы оқиғаларды онлайн форматта таныстыруды қолға алған болатын.

«Есік» қорық-музейі де онлайн іс-шаралардың бастауын Ақсу ауданының тумасы, "Алтын адамды" алғаш ашушылардың бірі – Б.Нұрмұханбетовтың 17 мамыр туған күніне орай зиратына тәу етіп, сол кісіге арналған «Армандар орындалады» атты фотокөрмені ашудан бастады.

Көрмеде қорық-музей қорындағы археологтың өмір жолы мен еңбектерін көрсететін «Жастық шақ», «Сәулелі жылдар», «Орындалған арман» тақырыптарын қамтыған, 3 бөлімнен тұратын фотосуреттер ел назарына ұсынылады. Көрме ашылуында қорық-музей директоры Г.Мұхтарова Бекен атаның өмірбаяны мен бастан кешкен қызықты күндеріне қысқаша тоқталып, қорық-музейдегі бірге атқарған жұмыстар барысын еске алды.

Б.Нұрмұханбетовтың қазіргі таңдағы артында қалған мұрасын жинақтау, насихаттау жұмыстарын атқарып отырған шәкірттері - «Есік» қорық-музей ұжымы «ҚР Орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар және дыбыс жазбаларының архиві» мекемесі архив қорын толықтыру және ведомствалық архивтер бөлімімен бірлесе фотосуреттерін архивке тапсыру, электронды нұсқаларын әзірлеу жұмыстарын іске асыруда. Археологтың 100-ден астам фотосуретінің сипаттамалары жазылып, электрондық нұсқасы жасалды.

«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» демекші, артында іздеушілері мен шәкірттері тұрғанда Бекен атамыздың есімі ел есінде мәңгі сақталады деген ойдамыз. Көрменің онлайн нұсқасы 18 мамыр - Халықаралық музейлер күніне орай «Есіктегі музей түні» іс-шарасы барысында сағат 19:20–19:30 аралығында көрермендерге жол тартады. Сонымен қатар, 18 мамыр - Халықаралық музей күніне орай кешкі сағат 18.00 бастап онлайн форматта «Есік» қорық-музейінің «Фейсбук» және «Инстаграмм» әлеуметтік желілеріндегі парақшаларында көптеген іс-шаралар атқарылады. Олардың қатарында «Атқа міну мәдениеті – дала өркениетінің мұрасы» атты көрме, сол көрменің аясында ат әбзелдеріне қатысты онлайн экскурсиялар, «Есік» қорық-музейінің қорғау аумағындағы ескерткіштер туралы қызықты мәліметтер, "Алтын адам" туралы 1978 жылы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген және басқа да деректі фильмдер, марқұм К.Ақышев, Б.Нұрмұханбетовтардың сұхбаттары көпшілік назарына ұсынылады.

«Есік» қорық-музейінің Қырғыз Республикасындағы, Түркиядағы әріптестерінің құттықтаулары мен «Түркия музейлері» туралы түркиялық ғалымдардың қызықты онлайн-дәрістері де бүгінгі күннің еншісінде.

Біздің қорық-музейде мереке басталып кетті. Төл мерекемізбен ең алғаш болып Еңбекшіқазақ аудандық мәслихатының хатшысы Б.Ахметов келіп, 18 мамыр - Халықаралық музей күнімен арнайы құттықтап, мерекенің шымылдығын ашты.

Құрметті музей достары! Қызықты ақпараттарды бізбен бірге тамашалауға шақырамыз!

Досым ЗІКІРИЯ,

«Есік» қорық-музейі директорының орынбасары

Алматы облысы