Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 30 ЖЫЛЫНДА БІЗ НЕГЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗДІК? ДЕПУТАТ МАҚАЛАСЫ

Уақыты: 21.07.2021
Оқылды: 882
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қарап отырсақ, қазақтың мыңдаған жылдық тарихында бейбіт күн кешкен замандар аз кездеседі екен. Сондай-ақ, ғасырлар бойы жүргізілген соғыстың басым көпшілігі еліміздің еркіндігі мен жеріміздің тұтастығы жолындағы азаттық үшін күрес болғанын аңғару қиын емес.

Тым әріге бармай-ақ кешегі жоңғар шапқыншыларына қарсы жүргізілген майдан, Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама қасіреті, Қазақ хандығын құру барысындағы жорықтар, Алаш ардақтыларын түгелдей жалмаған кеңестік кезеңнің қызыл қырғыны, 1986 жылы желтоқсанда асқақ жігермен қызыл империяның тегеурініне қарсы шығу бір ғана мақсатты – қазақ халқының тәуелсіздігі мен еркіндігін көздеген болатын. Тәуелсіздік қазаққа тектен-текке келді деп жүргендер алдымен осыны ойлағандары ләзім болар еді. 

Иә, біз тәуелсіздікке  қантөгіссіз қол жеткіздік. Десе де оны орнықтыру, халықтың әл-ауқатын арттырып, ел экономикасын қалыпқа түсіру оңай болды деп ешкім айта алмаса керек. Ішер ас пен киер киімнің өзі қат дүниеге айналып, тығырыққа тірелген тұстарымыз да кездесті. Бірақ барша халықтың жігерін жанып, алғы күнге деген сенімдеріне селкеу түсірмеген жалғыз ғана жағдай, бір ғана құдіретті күш болды. Ол – еліміздің тәуелсіздігі!

Бүгіндері әлем мойындаған зайырлы мемлекет ретінде, тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында өз-өзімізден: «Біз неге қол жеткіздік?» – деп сұрауға құқылымыз әрі міндеттіміз. Осы кезде алдымен бейбіт әрі көпвекторлы саясат жүргізе отырып, әлемнің барлық мемлекеттерімен ынтымақтастық орнатуымыз ойға оралады. Әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан бас тарта отырып, көршілес елдермен шегарамызды шегендеп алуымыз, сөз жоқ, тәуелсіздік жылдардағы басты жеңістеріміздің бірі.

Қазақстан бүгінде ғаламдық деңгейдегі көптеген маңызды мәселелердің бастаушысы әрі ұйымдастырушысы ретінде танылып келеді. Оған әлемдік діндердің басқосуын, Сириядағы қақтығыстарды тоқтату жөнінде елордамызда өткізілген келіссөздерді мысал ретінде келтіруге болады.

Ал, ең басты жетістігіміз, әрине, елдегі ұлтаралық татулық пен конфессияаралық түсіністікті сақтай отырып, халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту, экономикамызды қалыптастыру, ғылым мен білім, өнер мен мәдениет, әдебиет пен спорт, әлеуметтік салаларда жеткен жетістіктеріміз дер едім.

30 жыл ішінде Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы мен әлемдік қауымдастық алдында өзін бейбітшіл, зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде танытып, өзгелермен терезесі тең елге айналды. Біздің ендігі міндетіміз – ата-бабаларымыздың қанымен, Алаш ардақтыларының құрбандығымен, мыңдаған боздақтарымыздың азабымен келген осы тәуелсіздікті жоғалтып алмай, кейінгі ұрпаққа аманаттау. Ал аманатқа қиянат жасауға болмайтыны тағы ақиқат!

Мақпал ТӘЖМАҒАМБЕТОВА,

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты