Терең ойдан жыр өрді

Уақыты: 22.08.2017
Оқылды: 1693
Бөлім: РУХАНИЯТ

Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен «Текті сөздің төресі – терме» атты облыстық жыршы-термешілер байқауы өтті. 

Бұл бастама – асыл сөздің маржаны мен терең ойдың тұнығын әуезді әуенмен жеткізе отырып, тыңдаушыны ұлттық рухқа, адамгершілікке, тазалыққа, қайырым мен мейірім сияқты көптеген адами қасиетке тәрбиелеуімен құнды. Осыны негізге алған  термешілер ел бірлігі, Алашорданың 100 жылдығы, Қазақстан халқын біріктірудегі тілдің маңызды рөлі туралы көркемсөзден маржан тізіп, жүйрік ойдан жыр тоқыды.
Байқаудың негізгі мақсаты – қазақ халқының мол мұрасы саналатын дәстүрлі ән өнерін кейінгі ұрпаққа жеткізу, сақтау, өңірдің өнерлі өрендерін, жас термешілердің талантын шыңдау, шығармашылық кәсіби деңгейін өсіру, өнерсүйер қауымға кеңінен насихаттау.
Байқауда шығарманың тереңдігіне, мәні мен мазмұнына, қатысушының дауыс мақамы мен орындау шеберлігіне, тіл тазалығы мен сахна мәдениетіне баса назар аударылды.
Дүбірлі додада өңіріміздің әр аудан, қаласынан келген 15 термеші бақ сынады. Олардың өнерін облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары, қазылар алқасының төрағасы Нүсіпбай Әбдірахым, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, дәстүрлі әнші Абылай Қармысов және облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бөлім басшысы Қаһарман Жақсылық таразыға салды.
Кеш шымылдығын ашқан облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысының міндетін уақытша атқарушы Гүлнар Бітібекова дода дарабоздарына жылы лебізін білдіріп, сәттілік тіледі.
«Кіл жүйрікте кім жүйрік» демекші, жарыс болған соң жеңу мен жеңіліс қатар жүретіні заңдылық. Бас жүлдені қарасайлық Нариман Әбдірахманов жеңіп алса, бірінші орын Еңбекшіқазақ ауданынан келген Жұлдыз Ысқақовқа бұйырды. Ал екінші жүлделі орынға алакөлдік Рауан Ексілов пен жаркенттік Жандос Мұқажан лайық деп табылды. Жүлделі үшінші орын үш адамға тиесілі болды. Атап айтсақ, олар Көксу ауданынан Заманбек Болатбек, Қапшағай қаласынан Сәуле Жұмабай және ақсулық Мамырбек Кәдірхан.
Байқаудың ынталандыру сыйлығын Сарқан ауданынан қатысқан Құштар Серік, кеншілер қаласынан келген Тамаша Кәдірбекқызы және талғарлық Лаура Қынтаева иеленді.
Барлық жеңімпазға басқарманың ақшалай сыйлығы мен арнайы дипломы табыс етілді.

 

Мұхтар КҮМІСБЕК.