ОҚУ ҚҰРАЛДАРЫН СЫЙЛАДЫ

Уақыты: 22.08.2017
Оқылды: 1364
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының желілік кестесіне сәйкес «Ерекше күтімді қажет ететін балаларды оқыту әдістемелері» атты тақырыппен Достық үйінің мәжіліс залында «дөңгелек үстел» өтті. 

Оған облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының,  Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының, қалалық ардагерлер ұйымының, облыстық Обаға қарсы станциясының өкілдері мен «Қамқор» балалар үйінің және есту қабілеті нашар балаларға арналған облыстық интернат тәрбиешілері, шағын және орта бизнес өкілдері қатысты. 
Шараны жүргізген «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Гүлнар Тойлыбаева басқосудың өтуіне ықпал еткен қоғам қайраткері Әмина Рахимованың еңбегін ерекше атап, алғашқы сөз кезегін ұсынды. 
Бала тәрбиесіне барынша көп көңіл бөлетін Әмина Шәріпқызы шараға қатысушыларға аналық алғысын айтып, балаларды келе жатқан жаңа оқу жылымен құттықтап, сәттілік тіледі. «Бәріміз қоғамда өмір сүріп жатқандықтан, қамқорлықсыз бала болмауы керек. Мұндай тағдыр иелері ата-ана мейірімін көрмесе де, қайырымды жандардың қамқорлығынан қуат алса деймін. Мүмкіндігі шектеулі бола тұра бұл балалар барлық мүмкіндікті пайдалана жүріп, өздерінің өмір жолын қалыптастырды. Олар шетел асып, спорттық ойындарға қатысып, алтын, күміс, қола медальды мойындарына ілді. Осының өзі үлкен жетістік. Біз жыл сайын оқу жылы басталар уақытта «Мектепке жол» қайырымдылық акциясын ұйымдастырамыз. Биыл бізге демеушілік көрсеткен – «Алтал» баспа үйі мен «Школьник» дүкенінің меңгерушілері. Олар  балалар үйінің бүлдіршіндері мен оқушыларына кітапша мен оқу құрал-жабдықтарын сыйға тартты. Қайырымдылық жасасақ қайырын өзіміз көреміз. Сол үшін жақсылық жасауға асығайық», – деді Әмина Шәріпқызы. 
Басқосуға арнайы келген «Сити Плюс» ойын-сауық орталығының өкілі балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлау үшін арнайы бағдарламалар ұйымдастырылғанын айтып, мол базарлық тарту ету үшін дайындық жұмыстарының жүріп жатқанын тілге тиек етті.
«Қамқор» балалар үйінің тәрбиеленушілері балалардың жетістігі жайлы түсірілген шағын бейнефильмді көпшілік назарына ұсынды. Тәрбиешілер балаларға үнемі көңіл бөліп жүретін қоғам қайраткері Әмина Рахимоваға рахмет айтып, демеушілік көрсеткен жандарға ризашылықтарын білдірді. Шарада «Қамқор» балалар үйінің тәрбиеленушілері өз өнерлерін ортаға салды. Мектепке қажетті құрал-жабдығы бар арнайы сыйлықты қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Мұрат Қалық балаларға табыстап, ақ жол тілеп, бата берді.

Еңлік КЕНЕБАЕВА.