Жол сақшысы көмектесті

Уақыты: 22.08.2017
Оқылды: 1487
Бөлім: РУХАНИЯТ

Адамды егде тартқаннан кейін түрлі дерт иектей ме, кім білсін, соңғы уақытта жүрегім сыр бере бастады. Бір күні Жандосов елді мекеніне көлік тізгіндеп келе жатқанымда дем жетпей алқынып, талмаусырап кетіппін. Көзімді ашсам жерде жатырмын. Бетімді салқын сумен шайып бір полиция қызметкері тұр. 

«Не болды?» – деген сұрағыма: «Ағай, айрық жолдың ортасында көлігіңіз жол жиегіне шығып кетті. Сол сәттен бастап сіздің көліктің ізімен жүріп келдік. Байқасақ, көзіңіз жұмулы. Көлікті тоқтатып үлгеріпсіз. Дереу сізді сыртқа шығарып, алғашқы көмек көрсеттік», – деді ақжарқын қазақ баласы. Өзін Қарасай аудандық ішкі істер бөлімінің жол полициясы инспекторы, полиция лейтенанты Диас Айнақұлов деп таныстырды. Біраз танысқасын өзі менің көлігімнің рөліне отырып, Жандосов ауылының дәріханасына алып барып, қажетті дәріні өз ақшасына алып, үйіме жеткізіп тастады. Полиция тарапынан мұндай қамқорлықты бұрын-соңды бастан кешіп көрмеген мен Диас бауырыма дән риза болдым. Қалай дегенмен де, құқық қорғау саласындағы иманды, жаны жомарт жігіттерді көргенде көңілің марқайып қалады екен.
Осындай азаматтық танытатын қызметкерлерді көргенде еріксіз бүтін бір саланың атына кір келтіріп жүрген кейбір сұғанақ, тілемсек шенділерге лағнет айтқың келіп кетеді. Жол бойында әр жүргізушіге қамқор болып, көмек қолын созуға әзір тұратын елгезек, антына адал, өз мамандығына шаң жуытпайтын Диас Айнақұлов сияқты инспекторлар көпке үлгі. Өз ісіне шынайы берілген осындай азаматтарды іріктеп алған Қарасай аудандық ішкі істер бөлімініне алғыстан басқа айтарым жоқ. 
Адам басына қиындық туғанда бір мәрте болса да көмектескен адамды әсте ұмыту мүмкін емес. Тіпті, сол жанға сарайдай үй соғып бере алмасаң да сыртынан тілеуін тілейтін тілекшісі болып жүргеннің өзі үлкен бақыт емес пе?! Олай болса, ардақты інім Диасқа барлық жақсылықты тілеймін. Күзетіп тұрған даңғыл жолы ақ болсын. Әрбір жүргізушінің  жан сарайына үңіліп, көмектесуден жалықпасын. Жолаушының алғысын арқалап, сол тілек мерейін асырсын. Өз  салаңның адал сардары бол демекпін.

Жұмабай ҚҰЛИЕВ,
Қазақстан Жазушылар  одағының мүшесі, ақын, 
ҚР Мәдениет қайраткері.