ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫНДА МҰҒАЛІМДЕР МӘСЕЛЕСІ НАЗАРДАН ТЫС ҚАЛҒАН ЖОҚ

Уақыты: 02.09.2021
Оқылды: 2205
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ұстаз – ұлт тәрбиешісі. Педагогика саласында еңбек етіп келе жатқаныма 30 жылдан асты. Осы уақыт ішінде ұлт ағартушысы болған мұғалімдер мәртебесінің қаншалықты төмендегенін де, одан қайта көтеріле бастағанын да көрдім. Кезінде балаларға білім берумен қатар білім ордасының шаруашылық қызметін де атқарғанбыз. Ал қазіргі ұстаздар таза өз міндетімен айналысады.

ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінің бірінде осы мәселені көтеріп, мұғалімдер мәртебесін көтеріп тастағаны есімде. Содан беріде ұстаздар қауымына барынша жағдай жасалып, алаңсыз білім беруіне мүмкіндік берілді.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында да педагогтар қауымын назардан тыс қалдырмады. Ұстаздар айлығының жыл санап өсіп келе жатқанын айтып, дарынды оқушылар тәрбиелеген мамандарды ынталандыру керегін атап өтті.

Тоқырау жылдары мұғалімдік міндетін тастап, саудаға кеткендерді көрдік. Кейіннен педагогикалық мамандықтарға үлгерімі төмендеу талапкерлердің құжат тапсырып, әйтеуір бітіріп шыққанына да куәміз. Ондай оқу бітіріп шыққан мұғалімдердің кейін жарқ ете алмасы да айдан анық еді. Сол кезде біздегі білім саласы терең тоқырауға түскен деп ойлайтынмын. Себебі, профильдік министр ауысқан сайын білім беру саласындағы бағыт-бағдар да ауысып, сала түрлі реформалардан көз аша алмай қалып еді.

Соңғы жылдары жағдай түзелгенін көз көрді. Президентіміз Жолдауында айтқандай, қазіргі кезде мұғалім боламыз деген жастар көбейді. Педагогикалық мамандықтарға арналған байқаудың деңгейі көтерілді. Бұл ұстаздар қауымын қуантады. Ісімізді жалғастыратын, ұл-қыздарымызды оқытатын жалындаған жастардың мектептерге келе бастауы біздің мәртебемізді өсіреді.

Президент өз сөзінде «Біз ұстаздарды қолдау саясатын жалғастыра береміз» дегені мұғалімдер үмітін үкілей түсті. Мұғалімнің тұрмысы түзелсе, бала тәрбиелеу, білім беру саналатын негізгі міндетін жақсы атқарады. Ондай ұстаз алдын көрген бала да қоғамнан өз орнын табатын азамат болып өседі. Келешегіміз білімді, тәрбиелі азаматтардың қолында болады деп сенемін.

Алтын ЖОМАРТОВА,

Тоқжайлау политехникалық колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары

Алматы облысы