АЛМАТЫДАН КӨШЕ АТЫ БЕРІЛГЕН ШОҒАН АБЫЗ ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ? ТАРИХИ ДЕРЕКТЕР

Уақыты: 05.09.2021
Оқылды: 2874
Бөлім: РУХАНИЯТ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Ұлттық мүддемізге сай келетін көп томдық жаңа тарихымыз әлі толық жазылған жоқ. Оның тұжырымдамасын бұған дейінгі олқылықтарды ескере отырып қайта қарап, жаңа ғылыми ұстанымдар мен жаңалықтардың негізінде тыңнан жазатын уақыт әлдеқашан келді», – деп халыққа келелі ой, ұлағатты ұсыныс тастады.

Шынында, тарихи білімі жоқ адам рухани жағынан жұтаң келеді. Өскелең ұрпағының санасында саңылау болмай, басқа жұрттың «сендерде тарих болмаған» деген кекесін сөзіне жауап қайтара алмай, дүдәмал күй кешеді. Ал «Тарихты білу – білімділіктің белгісі, әдебиетті білу –  мәдениеттіліктің белгісі» деген араб халқының даналық сөзі Президентіміздің кемел ойын одан сайын ұштай түседі. Сондықтан Қазақ елінің мемлекеттілігіне ұйытқы болған Сақ-Сармат, Қаңлы-Қыпшақ, Үйсін-Ғұн, Түркі-мұғул (монғол деген сөз ХІХ ғасырдың орта шенінде орыс зерттеушілері бұрмалаған атау. Рашид ад-диннің «Жамиғ ат-тауарихында» Түркі-мұғул деп жазылған – Қ.О.) қағанаттарының тарихын тереңнен оқып үйрену, еліне өлшеусіз қызмет еткен тарихи тұлғалардың мемлекет алдында сіңірген еңбегін, тарихи тұлғасын танып білу – бүгінгі өскелең ұрпаққа үлкен парыз. Сондай тарихи тұлғаның бірі – Шоған абыз Сүйерқұлұлы.

Халқымызда: «Бүтін билікке Төле жеткен, бүтін хандыққа Есім хан жеткен, бұл екеуіне кім жеткен?» деген даналық сөз бар. Шоған абыз – қазақ елін кемелдендірген Есім хан заманында өмір сүрген ұлық билердің бірі. Абыз бабамыз ХVІ ғасырдың аяғы мен ХVІІ ғасырдың алғашқы жартысында Ташкент, Шыршық, Шымған, Бозсу, Майдантал, Тұрбат, Қазығұрт, Шымкент аралығындағы қалың елдің әділ биі, батагөй абызы болған. Ел жадында бірнеше атаның басын біріктіріп, рулы ел жасаған еселі еңбегімен, мемлекет тұтастығын, ел бірлігін жарастыруда өлшеусіз қызмет көрсетіп, абыздық дәрежеге жеткен қайраткер. Осы ретте  Шоған абыздың өмір сүрген ортасын, тарихи кезеңін білу – бүгінгі ұрпақ үшін танымдық маңызы зор, құнды дүние. Бабамыз Есім хан билік құрған ХVІ ғасырдың соңғы ширегінде, яғни, 1584 жылы Шыршық өзені бойында өмірге келіп, 1642 жылы дүниеден өткен. Ал Қазақ хандығының айбынын асырған Есім хан дәл осы кезеңде жарты ғасырға жуық билік құрған.

Мұны айтып отырған себебім, қазақ елінің мемлекеттік құрылымын жан-жақты күшейткен, бір орталыққа бағынған еңселі елдікке қол жеткізген Есім хан өзінің мемлекет басқарудағы озық ойлы кемел ісімен бүкіл Орта Азияға даңқы жайылған хан атанды. Ел билеудегі ерен ісі тарихқа «Есім ханның ескі жолы» деген сол заманға лайықты конституциялық заң ретінде енді. Қазақ елінің тарихында аты мен заты мәңгіге қалған бірегей тұлға.

Тарихи деректерге сүйенсек, Есім хан заманында мемлекеттік билік ісіне, оның ел басқарудағы заң-жарғыларына айрықша үлес қосқан ХVІ-ХVІІ ғасырларда өмір сүрген Досмұхамед би, Тәуекел ханның атынан Мәскеуге екі рет елші болып барған атақты Құлмұхамет бидің ағасы. Халық өте әділ билігіне риза болып Дос би атап кеткен, Жиембет би, Монтай би, Шоған абыз ел мүддесі үшін жасалған «Есім ханның ескі жолы» заңын бекітуге бір кісідей атсалысқан атақты билер.

Есім ханнан қалған осы «ескі жолда» мемлекеттік биліктің ел басқарудағы мынадай төрт таған қағидаты халық жадында сақталып, бізге жеткен. Бұл қағидат сол кездегі билік жүйесінің құрылымын саралаған жарғылық ұстанымға айналған. Әрі сол замандағы мемлекет ұстанған Конституциялық заң нормасының төрт саласы ретінде бекітілген. Бұл:

«Хан болсын,
Ханға лайық заң болсын!
Би болсын,
Би түсетін үй болсын!
Абыз болсын,
Абыз сайлау парыз болсын!
Батыр болсын,
Жорық жолы мақұл болсын!»
– деген қағидаттар.

Қысқаша айтқанда, оның мән-мағынасы тереңде жатыр. Бірінші – «Ханға лайықты заңның болуы», яғни, сол заманда да жалпы мемлекет ұстанатын Ата Заңның болғандығын көрсетеді. Сондай-ақ, әр елдің Тұңғыш Президентіне арналған заңы бар екенін ескерсек, Есім хан тұсында заң күшін иеленген бұл қағидат хан біткеннің халық үшін, мемлекет үшін қызмет көрсетудегі жөн-жосығын және саяси-құқықтық тұжырымдамасын айқындап берген.

Екінші – «Би түсетін үйдің болуы», сот істері, мемлекеттік дәрежеде жүргізілетін құрылтай-кеңестер, әрқилы дау-шарларды қарайтын сот орындары мен билер бас қосатын алқалы отырыстардың сақадай сай болуы, оның жасау-жабдығы, ас-суының талапқа сай жабдықталуы, билер сотының сапалы, әділетті өтуіне жағдай жасаудың заңдылық өлшемдерін бекіткен.

Үшінші – «Абыз сайлаудың парыз болуы», ел басқаруда және заң шығаруда мемлекеттік биліктің бірден-бір жүйесі, халыққа қызмет көрсетуде бүгінгі депутаттар атқарып жүрген парламенттік қызметті абыздар орындаған. Ғұламалық білім, шешендік өнер, әділ билік, даналық ақыл-ойымен даңқы шыққан, халық қадір тұтқан, қалың елге құрметі асқан адам ғана абыздық дәрежеге көтерілген. Ондай адамдарды абыз деп тану халық жиналып бас қосқан ұлы құрылтайда жарияланған. Ел басқаруда сайланған абыздардың дәрежесі – бүгінгі кездегі мемлекеттік билік бөлінісімен салыстырғанда, сенатор лауазымына тең келеді. Яғни, Президент жеті сенаторды өзі тағайындайтынын ескерсек, айтулы абыздарды сол кезде Есім хан тікелей өзі таңдауы бек мүмкін. Сондай хан сеніміне ие болған абыз бидің бірі – Шоған абыз.

Төртінші – «Батырлардың жорық жолын мақұлдау» үлкен мемлекеттік саясат. Мұнда, әсіресе халықаралық сыртқы қарым-қатынас, іргелес елдермен тату-тәтті тұру мәселесінің құқықтық міндеттерін қарастырған. Өйткені, қазақ елі әлімсақтан мемлекеттік құрылымын әскери демократиялық үлгіде ұйымдастырған. Өзге елдерге қарсы жорыққа аттануды Хан Кеңесінде ұлық билердің бірауыздан мақұлдауы немесе мақұлдамауы құқықтық тұрғыдан шешілсе ғана жорыққа шыққан. Қазақ елі өздігінен ешкімге соғыс ашпаған, өзгеге жөн-жосықсыз ұрынбаған.

Ел басқаруда мемлекетке сіңірген ерен еңбегі үшін абыздық дәрежеге көтеру немесе сайлау – қазақ елінде ежелгі заманнан қалыптасып бекітілген лауазым. Тарихи жылнамаларға зер салсақ, абыздық лауазымды беру ықылым замандағы Ғұн, Үйсін мемлекетінде, одан берідегі Түркі қағанаты дәуірінде мемлекеттік биліктің биік дәрежесі саналған. Оған дәлел, шығыстүркістандық ғалым Нығмет Мыңжанұлының Шыңжан халық баспасынан 2005 жылы шыққан «Үйсін туралы жалпы шолу» деген еңбегі. Онда: «...Үйсін елінде бүкіл елді басқаратын өкіметтік ұйымы болды. Оның негізгі лауазымдары мынадай», – дей келе алтыншы бағанада:  «Абыз (бас бағамдар) – бұл лауазымға екі адам тағайындалды», – деген нақты дерек келтіреді. Ал өзімізбен туыс Түркия елі бүгінгі таңда мемлекеттің Премьер-Министрін «Бас бақан» деуі бұл лауазымның осы «бас бағамнан» алынғанын байқау аса қиын емес. Абыздық лауазым сол Ғұн мен Үйсін мемлекеттеріне тікелей мұрагерлік еткен Түркі қағанатында да сақталған. «Ұлы Түрік қағанаты, Қытай деректері мен түсініктері» деген ғылыми еңбекте: «... Данай тегін Сүй әулетіне (Яңди заманы) 605-617 жылдар аралығында Қарсана қағанмен бірге Кіндік қағанатқа келіп паналады. Яңдидың Ляудұңға жасаған жазалау жорығында көрсеткен ерлігі үшін оған алтын таңба – күлгін шашақты санаткер абыз деген лауазым берілді», – деп жазылған. Яғни, Данай тегін жанкешті адал еңбегімен абыздық дәрежеге қол жеткізгенін көрсетеді.

Жалпы, қазақ елінің мемлекеттік билігінде абыз – абыздық лауызым тым ертеден келе жатқан мемлекеттік билік лауазымы екенін осы деректерден анық байқауға болады. Жоғарыда мысалға алынған Үйсін мемлекетінің құрылым жүйесіндегі «бас бағамдықтан» бөлек, «мүзәлім-лауазымдар» реттік санында бірінші «Аба сардар», екінші «Абыз», алтыншы «Ақылгөй абыз», одан соң «Бас ақылгөй абыз», «Төреші абыз», «Санаткер абыз» деген билік мансаптары тіркелген. Бұл лауазымдар оны иеленген кісі атымен бірге жылнама мәтіндерінде үнемі кездесіп отырады.

Қазақ елінің бұдан берідегі тарихында ұлт пен ұлыс атынан жосылта сөйлеп, ел бірлігін жөнге салатын аузы дуалы абыздар, халыққа әйгілі болған тұлғалар көптеп саналған. Қазақтың ауыз әдебиеті мен жыр-дастандарында, әпсана-әңгімелерінде абыздық қадір-қасиетімен халықтың ерекше құрметіне бөленгендер қатарында Асан абыз (Асан қайғы), Әнет баба (Ақжол би), Шоған абыз, Нысан абыз, Бұқар жырау сынды ірі мемлекет қайраткерлері болған. Бұлар өздерінің асқан ақыл-парасатымен Қазақ елінің ұмытылмас мәңгілік мақтанышына айналған тарихи тұлғалар.

Академик, ғұлама ғалым Салық Зиманов құрастырған «Қазақтың Ата Заңдары» деген он томдық еңбекте «Есім ханның ескі жолы» туралы көптеген ғылыми зерттеулер берілген. Соның ішінде Ералы Саққұлақұлының (1846-1932 ж.ж, атақты Саққұлақ бидің баласы) берген деректерінің орны бөлек. Осы жазба дерек арқылы жеткен «Есім ханның ескі жолы» Заңының ІV бабындағы «Қылмыстарға берілетін жаза» бөлімінің «Үкім» тармағы 118 тармақшадан тұрады. Мұның өзі көлемі мен мазмұны жағынан орта дәрежелі заң кодексіне пара-пар келетін ереже-қағидалар екенін көрсетеді. Олай болса, өз заманында кемелдікпен жасалған «Есім ханның ескі жолы» құқықтық реформасына Досмұхамед би, Жиембет би, Монтай би, Шоған абыз сынды аталарымыз бір кісідей үлес қосқаны анық. Өйткені, Есім хан қазақ елінің хан тағында тапжылмай 47 жыл билік құрған. Яғни, Шоған абыздың 58 жылдық ғұмырының қырық жеті жылы «Еңсегей бойлы Есім ханның» ел билеу қызметімен қатар жатыр. Сондықтан, Есім хан жаздыртып, конституциялық дәрежеде заңдастырған бұл құқықтық құжаттың дайындалуына, оны талқылап бекіттіруде аталған билер ерекше еңбек сіңірді деп білеміз.

Олай дейтініміз, Есім хан билік құрған ХVІ ғасырдың соңы мен ХVІІ ғасырдың бас кезі (1598-1645) Қазақ елінің ынтымағы жарасқан, елдің береке-бірлігі күшейген, Хан жарлығының қағидатына сай әділ биліктің салтанат құрған кезі. Әсіресе, қалалы жер мен далалы өңірде билер ел басқару ісіне кеңінен араласты. Оны Есім ханның тікелей басшылығымен Ташкент қаласының бас биі етіп Досмұхамед биді тағайындауынан көреміз.

Халық арасында «Дос би» деген ардақты атқа ие болған ол айналасына өзі сынды билігі әділ, ісі кәміл, халыққа қиянат жасамайтын турашыл билерді жинайды. Салық төлемдерін шектен тыс көбейтпей, бұқара жұртшылықтың қас-қабағына қарап ел басқарған Дос бидің беделі халық алдында зорая түседі. Алайда кейін Ташкент әмірлігіне тағайындалған қатаған Тұрсын хан халықты «баж», «хараж» салығымен қатты қанап, елдің көзін салықтан аштырмай, аяусыз қинайды. Оның үстіне Ташкентті жеке билеу мақсатымен, өз атынан ақша шығарып, мемлекет ішінен мемлекет құруды көксеп, бүлікшіл әрекетке барады. Бұл әділетсіз қылығы үшін тақтан тайдырылған Тұрсын хан беделі биік Дос биді өлтіруді ойластырады. Ебін тауып Шымған жайлауында үш әйелі, он тоғыз баласы және сол күнгі қонақтарымен бірге демалып жатқан Дос биге Тұрсын хан қырық қарақшысын жұмсап, бір түннің ішінде бәрін қырғызып тастайды. Бұл қанды оқиға туралы сол кезде Ташкент хандығында кеңесшісі болған жиырма төрт жасар Әбілғазы баһадүр хан «Шүбһа и уәйіл-даг» (Таудағы жұмбақ қырғын) деген естелік кітап жазған екен. Тұрсын хан бұл жауыздығы үшін Есім ханның қаһарлы жазасына ұшырап, басы алынады.

Біздің айтпағымыз, мұндай ел мүддесі әлекке түскен қысталаң шақта қарапайым бұқара халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған Дос би сияқты ұлық билердің қатарынан табылған Шоған абыз Ташкент өңіріндегі шоқтығы биік билердің бірі еді. Ел тағдыры шешілетін осындай қанды оқиғалардың қақ ортасында жүріп, Шоған абыз өз ұрқынан басқа, әр атадан тараған талай  елдің басын қосып, ірі-ірі рулы елдің дәрежесіне жеткізді. Нағыз абызға тән айтулы еңбек сіңіреді.

Сол заманда абыздық дәрежеге жеткен ұлық билердің бірі Шоған абыз Хан Кеңесі мен Билер Кеңесінің алқалы отырысына үнемі қатысқан. Ташкент, Шыршық, Бозсу, Шымған, Майдантал, Тұрбат, Қазығұрт, Шымкент, Түркістан арасында жалпақ жатқан қалың елге билік айтқан Шоған абыз өзінің әділ билік, елді ұтымды басқарудағы зор беделімен Есім ханның ұлық билерінің бірі атанды. Бұған қоса, Шоған абыз Ташкент қаласының бас биі Досмұхамед – Дос бимен ауылы аралас, қойы қоралас, сол кездегі Албан-Дулаттың атасы бір ағайындас, арасы ажырамаған жапсарлас елдің тумалары, әрі сол кезеңнің замандастары еді. Ел үшін ерен туған мұндай ұлық билердің бірін-бірі қолдауы, «бірлік бар жерде, тірлік бар» деп ынтымақтасып, ағалы-інілі екі елдің жамағатын жұмған жұдырықтай береке-бірлікте басқаруы – өзге елге өнеге болып тараған. Бұған Шоған абыздың көпке үлгі болған мына бір даналық сөзі дәлел.

«Құрама жиып ел еттім,
Құралай жиып мал еттім.
Әлсіреген ауруға, 
Берілсін деп дән ектім»,
– деген Абыздың аталы сөзінен-ақ елдік мүдде үшін қажырлы еңбек еткенін анық көреміз. Бұдан басқа елдің татулығы мен бірлігі туралы айтқан дана сөздері ел жадында сақталып, бізге жеткен.

«Ерлігім – батыл елдікте,
Көңілім – далам, кеңдікте.
Ел болып өсіп өркендер,
Сыйластық – тату бірлікте»,
– десе, ендігі бір өсиетінде:

«Ерлігімді – елдігіме тапсырдым,
Кеңдігімді – ұлан далама тапсырдым.
Екеуі де – туым.
Қазақ жүрген жерім – нуым»,
– деп бақ-берекесі, ынтымақ-бірлігі жарасқан қазақ елінің татулығын ту ғылып көтерген.

Ташкент пен Шымкент төңірегіндегі барша Албан баласының басын біріктіріп, ел билігін қолына алған Шоған абыз бірде Қазақ елінің ұлық билерінің алдынан өтуге, бата сұрай Күлтөбедегі Билер Кеңесіндегі жеті биге келеді. Ағайынды төрт шал, өздерінен тараған түрлері сары сегіз баласын қоса ерте барады. Сол келген күні тынығып, ертесі Билер Кеңесіне жүгініп: «Албан елі өсіңкіремей тұрмыз, мына ертіп келгенім ағайынды төртеуіміздің балаларымыз еді, соларға баталарыңызды берсеңіздер», – дейді.

Сонда жеті би: «Сен – Шоған, нағыз абыз екенсің, өз ұрпағыңның қамын ойламай, исі Албан тұқымы өссе екен, іргелі ел болса екен деп, жоғын жоқтап жүрсің. Сені Албанның абызы деу керек. Ердің баласы едіңдер, енді елдің баласы болыңдар», – деп жеті би батасын береді. Бұл туралы «Шоған абыз шежіресі» атты кітаптан толығырақ біле аласыздар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында: «Бостандық бізге оңайлықпен келген жоқ. Ата-бабаларымыз азаттық жолында арпалысты. Талай зұлмат замандар мен нәубеттерді бастан өткерді. Осының бәрі халықтың есінде сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа берілуі тиіс», –  деп өте орынды айтқан. Бұның ең айқын жолы – өз еліміздің тарихын тереңнен білу. Сол үшін де өскелең ұрпағымыз жаңа тұрпатты, тарихи деректерге бай шынайы тарихымызды біліп өсуі керек. Президенттің: «Барша жұрттың, әсіресе, жас ұрпақтың тарихи санасы айқын әрі берік болуға тиіс», – деуі осыдан.

Халықтың, оның ішінде жастардың санасына саңылау түсіретін ең оңай, төте жол – еліміздегі жер аттары мен ауыл-кенттердің және ірі қалалардағы көше аттарын тарихи тұлғалардың есімімен атау. Қазақ мемлекетінің осы күнге аман жету жолында жанын қиған хан-сұлтандардың, батыр-бағландардың, би-шешендер мен абыздардың, Алаш ардагерлері мен мемлекет, қоғам қайраткерлерінің ескерткіш мүсіндерін көптеп орнатудың да тәлімі зор. Өйткені «Бұл кімнің ескерткіші» немесе «кімнің атындағы көше» деген сұрау – тарихты білуге бастайтын тура жол.

Құдайға шүкір, Шоған абызға Хантәңірінің етегіндегі Қайнар ауылында еңселі ескерткіш орнатылған. Сол қолымен жүрек тұсына Құран кітабын қойып, оң қолына айшықты аса таяғын ұстаған қыран қабақ, бадана көзді, қыр мұрынды, айбыны асқақ Шоған абыздың ескерткіш-монументі сәтті шыққан. Даңқты бабасының бейнесін ұрпақ жадынан кетпестей етіп сомдаған мүсінші Құрақбай Үсенұлының шеберлігіне еріксіз риза боласың. Қайта-қайта қарай бергің келеді.

Ендігі кезекте Есім хан заманында тарихи тұлғаға айналған абыз бабамыздың атына Алматы қаласынан көрікті көшенің берілгені қуанарлық жайт.

Шоған абыздан тараған, мұқым Қазақ еліне мақтаныш болған тарихи тұлғалар аз емес. Жоңғар шапқыншылығы үдеген заманда халқына пана болған Сырымбет, Хангелді, Райымбек батырлар, Қарқара көтерілісі басшыларының бірі Құдиярбек Шотаманұлы, би Диқанбай Жанпейісұлы, ХХ ғасырдың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев, Социалистік еңбек ері Молдақын Мүсірәлиев, ірі саясаткер, қоғам қайраткерлері Нұрлан Оразалин, Сағат Әшімбев, Алтынбек Сәрсенбаев тағы басқа да халқымызға кеңінен танылған әйгілі ұрпақтардың қамқоршысы болған, панасы, түп атасы – осы Шоған абыз.

Қанапия ОМАРХАНҰЛЫ,

Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері

Сурет ғаламтордан алынды