ТӘУЕЛСІЗДІК ДЕГЕН БІРАУЫЗ СӨЗДІҢ ӨЗІ АДАМҒА АЛАПАТ КҮШ ДАРЫТАДЫ

Уақыты: 14.09.2021
Оқылды: 1423
Бөлім: РУХАНИЯТ

Тәуелсіздік деген бірауыз сөздің өзі адам бойына алапат күш пен қастерлі ұғым беретіні анық. Жай ғана айта салмайсың, оны мақтанышпен, үлкен жүрекпен жеткізесің. Тіпті, ақын болмасақ та өлең жазып, жыр арнағымыз келіп тұрады.

Биыл тәуелсіздігімізге отыз жыл толып отыр. Бір қарағанда аз ғана уақыт болғанымен нағыз орда бұзатын ер азаматтың жасы. Осы кезеңде Қазақстан Республикасы түрлі тарихи сәттерді бастан өткерді. Қолымызға тиген қасиетті тәуелсіздікті сақтап, оны қастерлеп, болашақ ұрпақ қолына табыстау – бүгінгі аға буынның ең асыл міндеті.

Кей кезде отыз жылда біз неге қол жеткіздік деп ойлайтыным бар. Иә, бағдарлап қарасақ, талай жетістікке қолымыз жетті. Ең әуелі дамыған мемлекеттердің қатарында Қазақстан деген тәуелсіз мемлекеттің мәртебесін қалыптастырдық. Шегарамызды шегендеп, әлемдік картада жеке дара ел болып белгілендік.

Міне, біздің басты құндылығымыз осында. Одан кейін ішкі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылық пен оның дамуына күш салдық. Бұл ретте де біздің олжамыз қос қоржынның басы толғандай мол. Отыз жылдың ішінде әлеуеті зор, даму көрсеткіші бар жас Қазақстан деген мемлекетті аяғынан тік тұрғыздық. Небәрі отыз жылдық тарихы бар жас мемлекет үшін бұл мақтана айтарлық іс. Тіпті, азаттығымыздың айшықты белесіне бағалар едім.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің тәуелсіздікке арнаған мақаласында: «Тарихқа көз жүгіртсек, әр буын белгілі бір сынақты басынан өткереді. Біздің бабаларымыз «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаны», аталарымыз алапат ашаршылықты, қуғын-сүргінді, дүниежүзілік соғысты көрді», – деді.

Ендеше, біз және жас ұрпақ осы бабаларымыздың армандап кеткен тәуелсіздігін көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек. Мұның мазмұны өте тереңде. Жастар деп бекерге айтып отырғаным жоқ. Біз қос дәуірдің тәрбиесі мен саясатын көрдік. Сондықтан, тәуелсіздіктің жастары мұны жете түсінуі керек. Неге десеңіздер, егеменді елдің жақсылығы жастарға көп мүмкіндікті сыйға тартты.

Осы орайда Қасым-Жомарт Кемелұлының мақаласынан тағы бір мысал келтірейін. «Тәуелсіздік жылдарында талантымен таңдай қақтырған жас өрендердің тұтас легі өсіп-жетілді. Бүкіл әлемді аузына қаратқан ғажайып дарын иелері де бар. Олар – Қазақстанның мәдени келбетін, елімізді халықаралық аренада танытып, Тәуелсіздік құндылықтарын жер жүзіне паш ететін рухани елшілеріміз, біздің айрықша күшіміз», – деп атап өтті.

Дәл осы сөздің жаны бар, біздің айрықша күшіміз ол – жастар! Тәуелсіз Қазақстан – жастардың қолында. Жалындаған, білімді де білікті жас мамандарға иек артамыз. Әлеуметтік-экономикалық дамудағы жетістіктерге емес, мен осы мақаламда жастарға көңіл бөлгенді жөн көрдім. Отыз жыл ішінде ұлт болып ұйысудың, ел болып бірігудің, жас болып жалындаудың жолы қаланды. Ендеше, бүгінгі жарқын істер болашақ мыңжылдықтармен жалғасатынына сенім мол.

Айбек ҚОНАҚБАЕВ,

Алматы облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы