МҰҚАҒАЛИДЫҢ 90 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ ҚАРАСАЗҒА СУРЕТШІЛЕР КЕЛДІ

Уақыты: 21.09.2021
Оқылды: 1089
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Туған жерім – тұғырым!» жобасы аясында жыр алыбы Жамбыл Жабаев пен ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың мерейтойына арналған кәсіпқой суретшілердің халықаралық пленэрі өтуде. Алматы облысы әкімінің қолдауымен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен облыстық көркемөнер галереясы ұйымдастырған пленэр он күнге жалғасады. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Пленэрге қатысушылар алдымен Мұқағали туып-өскен Қарасаз ауылына ат басын бұрды. Қадірменді қонақтарды Райымбек ауданының әкімі Нұржан Құдайбергенов, «Nur Otan» партиясы Райымбек аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Гүлнара Әріпова, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Әділжан Нөкеев бастаған азаматтар жылы қарсы алды.

Халық­аралық пленэрге қатысушылардың басты мақсаты Жамбыл мен Мұқағалидың рухани мұрасын насихаттау, Жетісу жерінің әсем табиғатын кенеп бетіне түсіру, бейнелеу өнері арқылы өскелең ұрпақтың ел мен жерге деген ыстық сезімін, Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру болып отыр. Халықаралық суретшілер бас қосқан шақта пленэрлік жұмыстардың жинақталған көрмесі ұйымдастырылады. Олардың туындылары арқылы галерея қоры толықтырыла түспек. Жалпы, пленэрге Түркиядан, Қырғызстаннан, Өзбекстаннан, Қытайдан кәсіпқой суретшілердің арнайы келіп, қатысып жатқанын айта кеткен жөн.

Суретшілер Мұқағалидың тас тұғырына гүл шоқтарын қойды. Ақынның әдеби-мемориалдық музейімен танысты. Музейдің ішіндегі шағын мәжіліс залында Райымбек ауданының әкімі Нұржан Құдайбергенов пленэрге қатысушыларды қабылдап, жүрекжарды лебізін жеткізді. Мұқағалидың 90 жылдығына байланысты жүргізіліп жатқан игі істер, алда тұрған шаруалар туралы кеңінен әңгімеледі. Суретшілердің халықаралық пленэріне қатысушылардың ісіне сәттілік тіледі. Бұдан соң облыстық көркемөнер галереясының директоры Қайрат Қаблисанов пен ҚР Суретшілер одағы Алматы облыстық филиалының төрағасы, академик, облыстық мәслихаттың депутаты Ермұхан Жүнісхан сөз алып, осындай игі шараны өткізуге ұйытқы болған облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының атына және Мұқағали туып-өскен қасиетті Қарасазда жылы қарсы алып, үлкен құрмет көрсетіп отырған аудан әкімдігіне, азаматтарына алғыстарын айтты.

Суретшілер атынан Жамбыл ауданындағы Үмбетәлі музейінің меңгерушісі, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Әуелбек Ысқақов сөз алып, жүрекжарды ыстық лебізін бөлісті. Қытай Халық Республикасынан келген қандасымыз Түсіпхан Үлепхан мен Өзбекстаннан келген Дилором Мамедовадай суретшілер Мұқағали мұражайының сондай әдемі жасалғанын, ыстық әсерге толы екенін жеткізді. Ақын туған Қарасаз ауылының келбет-көркіне риза болғандарын білдірді. Жалпы, суретшілердің халықаралық пленэріне қатысушылар Мұқағали мұражайынан, қасиетті Қарасаз ауылынан толайым әсермен аттанды. 

Қанат БІРЖАНСАЛ

Райымбек ауданы

Алматы облысы