Толғақ

Уақыты: 25.08.2017
Оқылды: 1357
Бөлім: РУХАНИЯТ

Іңір қараңғылығы қоюланып, ел орын­ға отырғалы қашан. Абыр-сабыр тыйылып, білте шамның жарығымен дастарқандағы асқа енді ғана қол тигізіп, ерін жыбыр­лаған сәттегі тыныштықты көк төбеттің шабалана үргені бөліп кетті. Өршелене арпылдағаны сонша, тіпті қораға ит-құс түсті ме деген ой келген. Оның адамға шабаланғаны киіз үйге аяқ тықыры жа­қын­дағанда анық байқалды.

– Шықшы, біреуді жазым етер, – деп апам айтқанша, Тоқан ши есікті түре сырт­қа беттеді. Үйге асығыс кірген Құ­рал екен. Көйлегінің жағасы жыр­тылған. Құдды әлдекіммен төбелесіп, өші кеткен­дей ентіге демалады. Қолын­дағы бақан­ның айыр ұшы сыртта, басын қолтығына қы­сып алған. Дұшпанымен айқасуға шық­қандай өң-түсі жоқ. Дауы­сы қарлыға шығады.

– Әпке, Жамал көтеріліп... Далаға қашып, әрең ұстадым, тез жүрмесеңіз, Жамал... – деді де сөзінің соңын жұтып қойды.

Апам пайымдады ма, сөз аяғын күт­пей-ақ кебісін киіп, дереу сыртқа шығуға жи­налды. Олардан қалмай мен де Құрал ағаның үйіне тарттым. Екеуі дабырлап, әлдекімді асыға әңгімелеп келеді. Тек апамның: «Е, Алла, өзің жар бола гөр, сәбидің көрер жарығы жақындаған бол­ды ғой...» – деп Құдайға жалбарынғанын жазғы жайлаудың самал желі іліп әкетіп, үзіп-үзіп жеткізді.

Екі үйдің арасы жақын. Тек қой қосыл­масын дегендіктен сарқырай аққан Қара­қия өзенінің екі жақ бетіне тігілген. Апам  туыстығына арқа сүйейтін болар, бір жағынан, Тоқанға бас-көз болсын де­ген ниеті ме, ес білгелі Қасым атаның үйі­мен қысы-жазы қатар көшеміз. Апам­ды Тоқан судан өткізіп әлектеніп жүрген­де, мен тұмсығы онсыз да ашылған бәтеңкені қолыма алып, суға қойып кеттім. Тау суының ызғары шекемнен бір-ақ шықты. Денем түршігіп, үйден жеңіл шыққа­нымды енді аңғардым.

– Әй, шалажансарым-ай, ертең топ ете түсесің. Су кешпе, – деген апамның сөзін елемей, өзенді шалпылдатып, арғы бетке өте шықтым. Құрал ағаның екі иті шабала­нып, жатырқай қарсы алды. Есік түрулі. Ортада жетілік шам әлсіз сы­ғырая­ды. Аяқ жақта әлдекімнің ыңыран­ғаны ма, ысыл­дағаны ма, әйтеуір бір то­сын үн естідім. Кеудем дүрсілдеп, мені лез­де қорқыныш сезімі баурады. Енді ғана ағамның «көтері­ліп» деген сөзі есі­ме түсті. Көтерілген Жамал тәтем екен.

Апам ішке енді де есікті түсірді. Жа­мал тәтем оң жақтағы көнетоз теке­мет­тің үстінде аяқ-қолы байлаулы жатыр. Апам­ды көрісімен жалынғандай дауысы қарлы­ға шықты. Сөйлеп жатыр.

 – Ананы қарашы, маған балаңды бер, – дейді. – Бермеймін, бермеймін! – деп кеудесін көтерем дегенінше, күбінің жақтауына басын оңдырмай соғып алды. Енді, «Ой, басым-ай!»  деп байланған қолдарын жұлқылай түсті.

– Сен аяққа оратылмай, сыртқа шық, – деп апам маған алая қарады. Шошы­насың дегені болар. Менің де көңілім алаң, одан әрі не болғанын көру үшін керегенің жақтауына жабысып тұрмын. Апам мен Құрал тәтенің қол-аяғын шешті. Апам құдды бірнәрсені сылаған­дай қолында­ғысын майшамның шыны­сына жақын­датып, ерітті. Қарсылас­қанына қарамай, Жамалды сылап, сипап жатыр. Жамалдың басындағы орамалы сыпырылып, шашы қобырап бет-аузын жауып кетіпті. Көз алдыма ертегідегі шайтан елестегендей болды. Тау суы мен алыстан жеткен бай­ғыз бен үкінің үні астасып, құлаққа түрпі­дей тиеді. Үй ішіндегі сабылыс, қарбалас тыншыр емес. Бір сәтте Жамал тәтем күш алды ма, апамның дауысы өктем шықты.

– Тәйт, әрі! Шыда, ақылың қайда? Ешкім жоқ бізден басқа. Көп тантыма, – дегенін естідім. Керіле бергенде жетілік шамды Жамал допша домалатты. Шыны­сы пешке тиіп сынған шамның білте­сінен жарық сөнуге таяп, дірілдей түседі. Қараң­ғыда Құрал аға:

– Ой, қолым! Әпке, қолымды аямай шайнап тастады, –  деп жан дауысы шықты. Киіз есіктің етегін ақырын түріп, ішке ендім. Мені елер ешкім жоқ. Төр­дегі тайталас қозбаса, тыншыр емес.

– Әне, әжем келеді. Баланы бермей­мін. Мен перімін! – деген Жамал есікке қол созып күш алды. Екеуін екі жаққа лақтыр­ды. Апам қуатты-ақ еді, абай­сызда қапы қалды ма, есік жаққа ұшып түсті.

– Әй, Құдайым-ай! Жамал-ау, есіңді жишы, – деп орнынан тұра алмай жатып Құралға болысуға ұмтылды. Көзім қараң­ғыға үйренгеннен бе, мен енді тәтемді анық көрдім. Жанары мысықтың көзін­дей жылтылдайды екен. Түндіктен түс­кен ай шам жарығын алмастырғандай қуыс-қуыс­ты қуалай бастады. Түн жары­мы болған-ау, шамасы.

– Құрал, нәрестеге зиян келмесін, он­ша қыспа, – деген апамның сөзінен кейін есіме тәтемнің аяғының ауырлығы мен соңғы кездегі сөзі түсті. Бірде шай үстінде Жамал:

– Әпке-ай, күнім жақын. Қорқамын. Өзіңіз білесіз ғой, тағы ауырып, сіздерді әлекке салмасам... – деген.

Сонда  апам оның өзін қайыра сөй­леп:

– Қайдағыны айтпа,  өзіңе-өзің берік бол. Түнде шырақ жағып, басыңа пышақ жаста, – деп ескерте әрі бұйыра сөйлеген. Жамал осылай боларын білген-ау, ша­масы, бұрын да осылай ауырған-ау деп топшы­лағам.

Әл бермей қанша алысқаны белгісіз, бір кезде Құрал аға әбден титықтады ма, дауысы ширыға шықты.

– Әпке, жіберіп көрейікші, қайтер екен?

– Олай болса, мылтығы қайда, оқтаулы ма? – деді. Мені шақырып, сол жағына қа­рай ыңғайлады.

– Қорықпа, шамаң келсе сол қолынан ұста. Мен тағы бір көрейін.

Шырпы шағып, басынан айналдырды. Жарықпен  бірге Жамал тәте де басын ай­нал­дырды. Осы сәтте көмірдей қою қара ша­шы бетін жауып, түкірігі жан-жағына ша­шырады. Сырт көзге  албастыдай көрі­неді. Апам өзімен өзі. Әлденені айтып, күбірлеп жүр.

– Әпке, оқтадым, – деп Құрал қолын­да­ғы мылтығын керегеге қайта ілді.

– Толғағы жиілесін, сәл шыдасақ, таң да атып қалды. Көрдің бе, әлі де қуатты, қараң­ғыда далаға жіберсек, ұстатпай кетер, – деді апам ентіге дем алып. Сілесі қата шар­шағаны байқалды.

Мына екеуі  Жамал тәтемді атып таста­ғалы жатыр ма деген ой келді. Жүре­гім аузыма тығылып, қорқыныштан діріл­деп кетсем керек.

– Бар, жатып ұйықта, саған не жоқ?.. «Боранды күні бала құтырады» деуші еді, – деп Құрал жинаулы жүктен көрпе алды. Жамал тәтемнің қиналғанын көргенде, ұйықтау қайда. Дегенмен, көрпеге оранып, жылынуға ниет қылғаным сол еді, Жамал қайтадан алысып, апамды бас салды. Бүркіт­тің түлкіге түскеніндей анамды құмарлана бүріп барады. Жаным шығып кетердей шырқырады.

– Апама тиме! – деп жанұшыра айғай­ладым.

Көмекке Құрал ұмтылды. Күш алған тәтемнің қимылына көз ілесер емес. Жан-жағындағыны лақтырып, тіпті, керегеге табан тіреп тартқанда, тарамысы бырт-бырт үзілді. Жанталаса жүріп, әрең деген­де апамды арашалап алдық. Маңдайыма әлде бірдеңе тоқ ете қалды. Байқасам қан шығып­ты. Қолға ілінген шүберекті бас­тым.

Жамалдың сонша әлденгеніне қайран­мын. Әншейінде жұп-жуас еді, бүгінгісі адам таңғаларлық. Пері әйел болады деуші еді, соның өзі осы келіншек пе? Ойым он сақта. Оны кімге айтайын.

– Таң  атты ғой, қазір мал өреді. Мұның уақыты осы шығар. Жіберейік, тек сен байқа, – деген апамның сөзінен кейін Құрал керегедегі мылтықты алып, иығына ілді. Жамалдың қарсыласқанына қарамас­тан басына ақ жаулығын салды. Апам екі құлаш белбеумен төсінен төмен буып тастады. Апам етжеңді келіншектің дене­сін ары-бері көтеріп, ырсылдап жүр. Жүзіне көз салсам, бетіндегі әжімді бойлай тер сорғалап тұр. Шешемді аяп кеттім. Ақкөңіл, шамасы кел­се, кімге болсын жанұшыра жүгіріп көмегін аямай­­тын кеңпейіл апам-ай! Мына «тірлік» бү­гін біте ме, жоқ па? Ұйқысыз түн өткенін де аңғармадық.

Алыса жүріп Жамалды көндірді ақыры. Енді апам орнынан  тұрып, жолына кедергі болады-ау деген анау-мынауды алып, сыртқа шықты. Мен де соңына ілестім. Арада қанша уақыт өткенін білмеймін, бір кезде Жамал есіктен атыла шығып, шат­қал­дағы қорымды бетке алып, жанұшыра жүгірді. Аяғында шөлкейден басқа дым жоқ. Құрал киіз үйдің ту сыртында кәдуіл­гі аңшыдай мылтығын кезеніп алыпты. Япыр-ау, мынау шынымен атып тастай ма дегенше Жамал арғы бетке өрмелеп шық­ты.

– Құрал, байқа, төбесінен асыра ат. Е, Құдай, жар бола гөр!

– Сен көршілерді тез шақыр, – деді де үйге кірген анам  орамал, әлде  шүберекті жинастырып әлекке түсті.

– Жоқ, ешкімді шақырма, сен керексің. Қолыңа ана пышақты ал, – деп ұзын сапты пышақты меңзеді.

«Бірімізде мылтық, бірімізде пышақ. Міне, керек болса», – деп ойладым. Ай­дың-күннің аманында апамның мұнысы несі?

Біз Жамалдың соңынан жүгіріп  келе­міз. Қораны қақ жарып өтсе керек, қой екі жаққа жарылып, дүркірей үріккен. Жануар екеш жануар да бұл көріністен түкке «түсінбеген» тәрізді. Құрал қары кетпеген Қарақияның батыс жағын ныса­наға алып мылтыған кезеп тұр. «Шүп» ете түскен дауыстан кейін денем  дір етті де, мылтық үні тау-тасты жаңғырық­тырып бізге қайта жеткендей болды.

Міне, керемет. Жанталаса жүгіріп, биікке өрмелеп бара жатқан  Жамал жалп етіп құлап түсті. Бытыраның біреуі тиді ме екен. Құрал шамдағайлығынан келін­шегіне бізден бұрын жетіпті. Түні бойы алысып, шаршағаны ма, Жамал көк­майса­да шалқайып түсіп, жайбарақат жатыр.

– Су, су...

– Су ішуге болмайды, – деді де апам алып шыққандарын қорым шетіндегі жайлы жерге жая бастады. Келіншекті екеулеп көтермелеп жатқызды. Жоқ, Жа­мал бұрынғыдай емес, ерікке көнген сыңай байқатады. Тек ішін бүгіп, қина­лып жатыр.

– Сәл сабыр ет. Міне, былай қарай икем­делші. 

Апам беліндегі белбеуді қайта бай­лады.

 – Құрал, сен көршілерге хабарла, – деді де, қиналған келіншекті баяғы мейір­бан мінезімен сәбиіндей айналып, толған­ды.

Енді мені жандарынан қуды. Қанша уақыт өткенін қайдам, даланы нәзік, құлаққа жағымды үн жарып кетті. Бұл  жас нәрестенің үні еді... «Іңгә, іңгә» – дейді шарылдай түсіп.

– Жаңағы пышақ қайда?

Жанына жақындаған маған: «Қара­ма, қолыңдағы пышақпен мына тұстан кес!» – деп, өзі қолымның қарынан ұстады. Әлдене «сыр» етіп кесілгендей болды.

– Міне, сен енді  мына «бұзықтың» кіндік тәтесі болдың?, – деп апам шөкім­дей ғана шүберекке оранған нәрестені қолыма ұстатты.

Жамал енді әлсіреп, қос жанарын жұмуға ынғайланды. Апам екі бетінен әлсіз шапалақтап ұйықтатпады. Мен қолымдағы қызылшақаны үйге әкеттім. Осы кезде көршілер де жиналды.

Екі адам Жамалды көтеріп, жайлы орынға жатқызды. Манағының бәрі ұм­тыл­ды. Самауыр қойылып, аз ғана қойлы ауыл мәре-сәре болды. Ертесіне Қиалан қария нәрестенің құлағына «Жайлау» деп үш рет айғайлады. Жара­сып-ақ тұр, шы­нында да жайлауда туды ғой.

Жамал өзіне-өзі келгенше, апам жиі барып тұрды. Кейінірек апамнан осы жайды есіне салып:  «Жамал тәтем өткен­де жынданды ма, не болды?» – деп сұра­дым.

 – Жоқ, балам. Бұл ілуде бір болатын толғақ. Үлкендер мұны ұстамасы бар әйелдерде ғана болады дейді. Жамал аяғы ауырлап, босанарда өстіп қина­латыны бар. Мұндай толғақ өмірге қауіпті. Қайта Құдай сақтады, – деп күрсінді анам.

...Осы оқиға бүгін еріксіз есіме түсті. Өйткені араға отыз жыл салып, ойда-жоқта баяғы кіндік балаға кездестім. Жайлаудың екі жасында Жамалдың кезек­ті бала үстінде қайтыс болғанын есті­генмін. Жеткіншек кезім болса да сол бір келін­шекпен арпалысқан жайлаудағы түн тап бүгінгідей есімнен еш кеткен емес.

Міне, менің алдымда ашық аспан астында дүниеге келген нәресте емес, ұзын бойлы, сіріңке қара жігіт тұр.

Мен өзімді таныстыруды артық көр­дім. Өйткені, ол маған кіндік бала емес, жақын ағайынның қызын алған күйеубала ретінде кездесіп тұр. Халқы­мыздың «Тау мен тау кездеспейді, адам мен адам кездеседі» деген сөзінің жаны бар-ау. Неге екені белгісіз, әңгіме ара­сында Жайлау:

– Тәте, мен анасыз жетім өстім. Өмір­ден көп қиындық көрдім. Әкем қайта үйленгеннен кейін өгей шешенің қаты­гездігінен бе, ерте есейдім, – дегені.

Мұны неге айтты екен?.. Әлде, сол түнгі оқиғадан хабары бар ма?

Иә, «Ел құлағы – елу» деген. Қарақия­ның бауырында, көрші отырған шопан үйінің арасында өткен сол бір түннің әңгімесі әкесі арқылы Жайлауға да жетіп, есінде қалған шығар. Біледі. Әйтпесе осылайша ақтарылмас еді.

Жас жігіттің бүйректей екі беті, си­диған бойы Жамал тәтені бір сәт көз алдыма әкелді. Япыр-ау, мұндай да толғақ болады екен-ау!

Күмісжан  БАЙЖАН.