Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ҰЛТШЫЛДЫҚ ДЕГЕН КІСІ ҚОРҚАТЫН СӨЗ БЕ? ТІЛ САРАЙЫНДАҒЫ ЖИЫН

Уақыты: 23.09.2021
Оқылды: 690
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақстан халқы тілдері күні аясында «Тіл – ең асыл құндылық» тақырыбында республикалық «дөңгелек үстел» өтті. Алматы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен өткен жиынға еліміздің түкпір-түкпірінен белгілі қоғам қайраткерлері, ғалым, профессорлар мен тіл жанашырлары келді. Аймақтағы аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары, оқыту орталықтарының меңгерушілері Zoom платформасы, әлеуметтік желі парақшалары арқылы қатысты. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

«Дөңгелек үстелді» облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Болат Керімбек жүргізіп отырды. Ол тіл ұлттың күретамыры, асыл құндылығы екенін, ана тілді құрметтеу әр уақытта да өзектілігін жоймайтын ұлы іс екенін жеткізе келе шара қонақтарын салтанатты түрде таныстырып өтті.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының авторы, қоғам қайраткері, белгілі суретші Жандарбек Мәлібекұлы алғашқы болып сөз алып, игі шараның мәні мен мазмұнын, тілімізбен бірге діліміз, дініміз, руханиятымыз өркендейтінін жеткізді. Өз кезегінде сөз алған қоғам қайраткері, тіл жанашыры Оразкүл Асанғазы қазақ тілінің бай екенін, бұл туралы көптеген өзге елдің тұлғаларының асқақтата атап өткенін жеткізді.

– Ел мен жердің егесімін дейтін әрбір қазақ азаматы мемлекеттік тілдің мәртебесін өзінің арындай асқақ ұстауы керек. Бүгінде бізге жетіспей жатқан дүние де осы! Тәуелсіздігіміз ғұмырлы, тіліміздің тұғырлы болуы үшін әрбір қарадомалақ күресуі керек, – дей келе Ахмет Байтұрсын­ұлының қазақ үшін сіңірген еңбегін айрықша атап өтті. – Жер бетінде 9 мың ұлт пен 9 мың тіл болған. Бүгінде соның 7 мыңы ғана қалды. Біріккен Ұлттар Ұйымының ұлттармен жұмыс істейтін комитеті бар. Сол жоғалып бара жатқан тілде сөйлейтін адам өмірден өткенде «Мына адаммен бірге өз тілі де өлді. Енді бұл тіл құрдымға кетті» дейді. Қазіргі таңда екі аптада бір тіл өліп отыр. Біз айтқан жеті мың ұлттың бес мыңы құрдымға кетер қылкөпірдің үстінде тұр. Өйткені ол ұлттардың соңғы 5, 10, тіпті 30 адамы ғана өз тілінде сөйлеп тіршілік етуде. Олар өмірден өткенде, тілі де құрымақ! – деген О.Асанғазықызы қазақ тілінің мәңгі жасайтынын айтып, ана тілдің абыройын асқақтату әрбір қазақ баласының мойнындағы үлкен жауапкершілік екенін жеткізді. Сонымен қатар, қоғам қайраткері, тіл жанашыры Асылы Осман да қазақ тілін ерекше сүйетінін, бұл тілдің айрықша бай екенін асқақтата атап өтті. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру үшін қарар қабылдау керектігін де атаусыз қалдырмады.

– Ақ патша заманында да, одан кейінгі 70 жылда да ұлтым деген әрбір азаматтың жанын қиятын қылыш ретінде «ұлтшыл» деген сөз қолданылды. Бір өкініштісі, бұл ұғым-түсініктен, қара бояу-реңнен айырылып барамыз. Талай-талай боздақтар мен арыстардың алтын басын жұтқан, санамызға сіңісті болып қалған ұлтын сүйген ұлтшылдық деген сөз жағымды мағынада қолданылғанымен одан қашқақтап, ұлтжанды, яғни, «итжанды» деген сияқты жасанды, жарымжан сөзді пайдалануға тырысамыз. Ал шындығында ұлтшылдық деген кісі қорқатын сөз бе? Басқасын айтпағанда Еуропаның ондаған елінде «Ұлтшыл социал», «Ұлтшыл христиандық» деп аталатын қаншама партиялар бар? – деген филология ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Әнес тіліміздің түйткілді мәселелерін жан-жақты айшықтады.

Әлемдік тілдердің мәселесіне тоқталып, қазақ тілінің ықылым заманнан бүгінгі күнге дейін түрленіп келгенін атап өткен А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова тіл туралы арнайы заң қабылдау керек екенін атап өтті.

– Қазақ тілі сөйлермендерге емес, тыңдармандарға арналған тіл. Алдыңа бала келсе, жасқа тән ізеттілікпен, қария келсе үлкенге тән инабаттылықпен сөйлейсің. Амандасудың түрлі формасы, оған арналған түрлі қолданыстар бар. Тәуелсіздік алғаннан кейін де тіліміздің формаалуандығы тоқтаған жоқ. Бұл үдеріс тіл өзегінде бар үдеріс. Ішкі ресурстары да жанданып, жаңғырып жатыр. Мысалы, бұрын «ым», «ім», «ың», «ің» жұрнағы арқылы сөз жасалынбаса, бүгін осы жұрнақпен оқылым, тыңдалым, естілім, айтылым, жазылым деген қаншама жаңа сөз қорымызға енді. Осындай жұрнақтардың саны көп, – деп тілдің түрленуін, байи түскенін назарға салған А.Фазылжанова қазақ тілінің мәдениетін, қорын, заманауи коммуникацияға икемделіп келе жатқанын ғылыми тұрғыда талдап жеткізді.

– Тарихымызды ешкім тартып алмайды. Кешегі бабаларымыздың мықты болғаны баршаға аян. Дегенмен қазіргі таңда біз өркениеттен тым артта қалып қойдық. Өркениеттен артта қалды дегеннің көкесін тілге қаратып айтуға толық негіз бар! Ешбір елде тіл орталығы, тіл сарайы деген ұғым атымен жоқ. Ала шапанды өзбек ағайында тіл мәселесі туындамайды. Біз мұнда ана тіліміздің ақсап тұрғаны үшін жиналып отырмыз, – деп шындықты мойындауға шақырған Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» республикалық ұлттық ғылыми-практикалық орталықтың атқарушы директоры Ербол Тілешов тіл мәселесін жеке басқарманың жұмысы деп қарамай, жалпы қазақ ұғымына сіңіру үшін биліктің біртұтас заң шығаруы керектігін атап өтті. Бір мезгілде мектеп бағдарламасындағы проблемаларды жеткізіп, 7-сынып оқулығында Ш.Айтматовтың «Касандра таңбасы» романының жүргенін, оны оқушылар тұрмақ әдебиетшілердің өзі зорға түсінетінін ескертті. Болашағымыз болған жастарға рух сыйлайтын, електен өткен көркем шығармаларды оқыту керектігіне айрықша тоқталды.

Тілдің кешегісі мен бүгіні, ертеңі талқыға салынған алқалы жиын соңында ҚР Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитеті төрағасының, Алматы облысы әкімінің, облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың Құрмет грамоталары тіл жанашырларына салтанатты түрде табысталды.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Алматы облысы