Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ҰЗЫНАҒАШТА ТҰҢҒЫШ РЕТ ЖҮЗ ЖАСАҒАН ЖАМБЫЛ БЕЙНЕСІ САХНАЛАНДЫ

Уақыты: 23.09.2021
Оқылды: 687
Бөлім: РУХАНИЯТ

Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай Ұзынағаш ауылындағы аудандық Мәдениет үйінде «Екі Жамбыл, екі әлем» спектаклінің тұсауы кесілді. Ақын мерейтойына арнайы әзірленген қойылымды аудандық «Сүйінбай» халық театрының әртістері сахналады. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі мәлімдеді.

Жамбылдың Бұрым қызбен көңіл жарастырған жігіттік шағынан тартымды көрініспен басталған спектакль көрерменді бірден өзіне баурап әкетті. Әрі қарай ақындыққа түбегейлі бет бұрған Жамбыл өмірі қоғамдық кезеңнің әр сәтімен бірге өріліп, жүз жасаған жыр алыбының бейнесі сан қырынан ашыла түсті. Бір сағат көлеміне сыйдырылған спектакль толыққанды осы ауданда өмірге келген туынды.

Олай дейтініміз, қойылымның авторы – ақын, журналист, аудандық «Атамекен» газетінің бас редакторы Рәтбек Терлікбаев. Осы ауданда құрылғанына аз ғана уақыт болған «Сүйінбай» халық театры сахналаған шығарманың режиссері де жамбылдық Ғалымжан Сайлаубеков. Екі ғасырдың куәсі болған әйгілі жыршы-жырау, «ХХ ғасырдың Гомері» атанған ақынның биылғы мерейтой­ына орай өмірі мен шығармашылығын насихаттау, ұрпақтар сабақтастығын үзбей, қасиетті де киелі елдің игі дәстүрлерін жалғастыруды мақсат еткен шырайлы шараны аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырды.

Тұсаукесерге ауданның зиялы қауым өкілдері, мәдениет қызметкерлері және осы ауданда бірнеше күн бойы өтіп жатқан Жамбылдың 175 және Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арналған кәсіпқой суретшілердің халықаралық пленэріне қатысушылар келді. Қойылымды тамашалаған аудан әкімі Нұрлан Ертас спектакль аяқталғаннан кейін көпшілік алдында алған әсерімен бөлісті. Ол өз сөзінде осындай көркем дүние ауданның өз күшімен өмірге келгені үшін зор мақтаныш сезімге бөленгенін жеткізіп, жас театрдың шығармашылық ұжымына алғыс айтты. Автор мен режиссердің еңбегін атап өтіп, шығармашылық табыс тіледі.

Сахна төрінде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Жұмабай Шаштайұлы мәдениет пен өнер төңірегіндегі ой-пікірін ортаға салды. Жазушы жас кезінде дәл осы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының Оралхан Бөкейдің «Қайдасың, қасқа құлыным?» шығармасын тамашалағанын еске ала келе сахна киесіне тоқталып, бүгінгі қойылымда режиссердің заманауи шешімі мен автордың шеберлігін, талғампаздығын бағалады. Қойылымнан жалпы шығармашылық ізденісті байқағанын жеткізді.

Жамбыл туралы драманы қаламгер Рәтбек Терлікбаев биылғы ақпан айында жазған. Қырық жылдан бері осы ауданда қызмет істеп келе жатқан өзіне Жамбыл тақырыбы етене жақын екенін айтады. Туындыны жазу барысында ол ақынның өмірі мен шығармашылығын қайтадан зерттеп-зерделеп, ұлт тұлғасын басқа қырынан ашуға тырысқан. Жазылған пьеса Жамбыл музейінің мәжіліс залында ақын-жазушы, композиторлар, ақын ұрпақтары қатысқан алқалы жиында талқыланыпты. Алайда індеттік жағдайға байланысты шығарманы сахналау мәселесі біраз кідірген.

Осылайша ақынның 175 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралардың бірі және ірісі болып «Екі Жамбыл, екі әлем» спектаклі өмірге келді. Көрермен ретінде біз де тамаша әсер алдық және сол кеште алғашқы қойылым көпшіліктің көңілінен шыққанын байқадық. Алдағы уақытта үлкен сахналарда талғампаз көрерменнің көзайымына айналады деген сенімдеміз.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы

Алматы облысы