Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

БАТА БЕРУДЕН БАЙҚАУ ӨТТІ

Уақыты: 11.10.2021
Оқылды: 773
Бөлім: РУХАНИЯТ

Алматы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы, облыстық және Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесімен бірлесе бата беру дәстүрін дәріптеу, батаның тәрбиелік мәнін насихаттау, аталы сөзден ғибрат алуға тәрбиелеу мақсатында облыстық «Батагөй» байқауын ұйымдастырған болатын. Соған орай Тіл сарайында байқау жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті.

Биыл еліміз үшін айтулы жыл екенін айтқан облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Болат Керімбек Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен, Талдықорған қаласының облыс орталығына көшкеніне 20 жыл толуымен және Халықаралық қарттар мерекесімен құттықтады. Келесі кезекте сөз кезегін алған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келімсейіт бірауыз сөзге тоқтаған халықтың бата беру әдебі жөнінде айтты. Ал Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақшабай Керімбеков батаның түрлеріне тоқталды. Сонымен қатар батаны судыратып жаттап алмай, қарапайым да көркем тілмен жеткізу керектігін ескертті.

Онлайн байқау ел арасында кең таралған және үміткерлердің өздері жазған баталары бойынша екі бағытта өтті. Бірінші кезең бойынша аудан, қаладан іріктеуден өтіп, үздік деп танылған қатысушылар екінші кезеңге, яғни облысқа жолдама алды. Барлығы 174 үміткер ұсыныс білдірсе, 37 үміткердің (бейнероликтері) облыстық кезеңге өтті. Қатысушылардың ең кішісі 37 жаста болса, ең үлкен батагөй 85 жастағы қария. Қазылар алқасының мүшесі дінтанушы, психолог Қанат Маратұлы: «Байқауға келіп түскен бейнеролик пен бата мәтіндерін сараптап, көркемдік деңгейіне, түсірілімнің сапасына және бата мәтініне мән бердік, ешкімге бұра тартқан жоқпыз», –  деп барынша әділ, лайық баға берілгендігін айтты.

Қазылар алқасының шешімі бойынша Қожамсейіт Сүлейменов, Камнұр Тәлімов, Бақытбек Қауыш «Шебер орындаушы» аталымы бойынша марапатталса, Рақымғали Өтегенов, Бақытжан Атагелдиев, Мұрат Мықышев «Үздік батагөй» атанды. Ақтық сынға өткен барлық қатысушылар ынталандыру сыйлығына ие болды. Жеңімпаздарға Дипломдар, кітаптар және ақшалай сыйлық берілді. Жиын соңы ақсақалдардың ақ батасымен аяқталды.

 

Әйгерім ИЕБЕКОВА,
Алматы 
облыстық тілдерді дамыту жөніндегі
басқармасының баспасөз хатшысы