Қонақүй ашылды

Уақыты: 29.08.2017
Оқылды: 1522
Бөлім: РУХАНИЯТ

Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық ОМАР Сарқан ауданына жасаған іссапарында бірнеше әлеуметтік нысанды аралап, жай-күйімен танысты. Кемшін тұстарына қатысты ескертпелерін жасап, нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар Көтентәуіп бабамыздың кесенесіне барып, жаңа бой көтерген қонақүйдің ашылу салтанатына қатысты. 

Жақсылық Мұқашұлы алдымен Лепсі ауылындағы 266 бала оқып жатқан К. Ушинский атындағы мектепке бас сұқты.  Биыл бұл мектепті 15 бала тамамдап, 23 оқушы бірінші сыныпқа қабылданған. Мектепте барлық жағдай жасалған, мамандар жеткілікті, оқулықпен толық қамтылған. Әлеуметтік жағдайларына байланысты қырық алты оқушы тегін тамақпен қамтамасыз етілген. ҰБТ көрсеткіші былтыр 72, биыл 71 пайызды құраған. Осыған орай Жақсылық Мұқашұлы мектеп директорына бірқатар сын-ескертпе айтты. 
– Мектеп жаман емес, заманауи үлгіге сай. Бірақ мектептің жақсы-жаманы құрылыстың қалай жүргізілгендігімен емес, білім сапасымен өлшенеді. Республикада білім көрсеткіші 80,5, облыста 77, аудандарыңызда 72, сіздер 71 пайызды ғана құрап тұрсыздар. Мұғалімдердің сексен пайызы жоғары және бірінші санаттағы ұстаздар. Ал, ҰБТ көрсеткіші төмен. Білім сапасына  көңіл бөлу керек, – деді облыс әкімінің орынбасары. 
Осыдан кейін Ж. Мұқашұлы күніне 25 адамды қабылдайтын орталық ауруханаға барды. Мұнда науқастарға барлық жағдай жасалған, мекеме іші жылы. Ауылда тууға қабілетті 446 әйел бар. Бірақ биыл небәрі 36 сәби дүние есігін ашқан. Дәрігерлердің айтуынша, бұған  қазіргі жастардың бір-екі баламен шектеліп қалып жатқандығы себеп. Сондай-ақ, медицина қызметкерлері ауруханаға қаржылай көмектің керектігін, флюорография, микроскопсынды құрылғылардың және «жедел жәрдем» көлігінің ескіргендігін алға тартты. Маман тапшылығын да жасырмады.  
Әкім орынбасары композитор, КСРО Халық әртісі Мұқан Төлебаевтың музейін аралады. Сонымен қатар, 2011 жылы күрделі жөндеу жұмысынан өткен №54 мектепке барды. Оқу ордасында 144 оқушы білім алады. Отыз мұғалім бар. Оның 19-ы жас маман. Мектепалды даярлыққа он алты, бірінші сыныпқа он бес бала қабылданған. Биыл бала саны да артып келеді. ҰБТ көрсеткіші 73,6 пайызды құрап тұр. 
– Мектептеріңізде оқушы аз, ұстаз көп. Оқулықпен толық қамтылған, ғаламтор қосулы. Ендігі керегі – балалардың білім сапасын арттыру. Қазір білімнің негізгі критерийі – ҰБТ. Қазақстанның бүкіл мектептерінің білімі осымен өлшенеді. Кеңес кезінде стансының мектептері жақсы болатын. Жаңа оқу жылынан бастап білім сапасына көңіл бөліңіздер, – деді Жақсылық Мұқашұлы.
Облыс әкімінің орынбасары осыдан бес жыл бұрын Жетісу халқының қолдауымен бой көтерген абыз бабамыз Көтентәуіп Қоңырбайұлының кесенесіне барды. Бабамызға құран бағыштап, рухына зиярат етіп, кесененің маңынан бой көтерген қонақүйдің ашылу салтанатына қатысты. 
– Өткенді ұлықтау, кешегі батыр бабалардың ерліктерін өскелең ұрпаққа дәріптеу – бүгінгі күннің міндеті. Өйткені мемлекеттің болашағы өткенімізді білуден, оны жас ұрпақтың бойына сіңіруден қалыптасады. Міне, бүгін бабамызға құран бағыштау үшін алыс-жақыннан келетін жұртшылыққа арнайы қонақүй салынды. Өнегелі істің басы-қасында жүріп, қонақүйдің салынуына мұрындық болған Сейдахмет ағамызға, кешегі дүниеден өткен Арман Сейдахметұлына үлкен алғысымызды білдіреміз. Осы кешеннің ашылуымен облыс әкімі Амандық Ғаббасұлының атынан шын жүректен құттықтаймын, – дей келе қонақүйдің лентасын қиды. 
Жиын соңында тағылымды шараға келген жұрт бабамыздың жатқан жеріне тағзым етіп, елімізде осындай игі істер жалғаса берсін деген тілекпен тарқасты.

Айдар ҚАЛИЕВ,
Сарқан ауданы.