Ақынын ардақтаған ел

Уақыты: 04.09.2017
Оқылды: 2081
Бөлім: РУХАНИЯТ

Әміре Әрінді аймақтың Құрметті азаматы атандырып, “темір тұлпар” мінгізді

Сауырын төсеген айдынды аспанның жасынындай өткірлікті, үрілген желмен көлбейтін көлдің толқынындай тегеурінділік пен он сегіз әулие шыққан киелі топырақтың бар қасиетін бойына дарытқан Алаштың Айбоз ақыны алпыста! Қаламгерлер «тал түс» деп білер мезгілге ел перзенті абыроймен келді. Сырлы қаламынан төгілген жыр, тарих қатпарынан аршылған кесек-кесек шығармалар мен танымдық дүниелер, журналистік жолдағы қайталанбас өнімді еңбектер беделін биікке көтерді. Сол арқылы халық сүйіспеншілігіне бөлене білген халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Бүкіләлемдік Шыңғысхан Академиясының академигі, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Әміре Әрін асқаралы алпысында туған еліне «Айқабақ» атты шығармашылық кеш тарту етті. Мерейтойдың ең мерейлі сәті облыс әкімі Амандық БАТАЛОВТЫҢ Әміре Әрінге «Алматы облысының Құрметті азаматы» атағын беруімен сәтті шықты.

І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өткен әдеби-сазды кештің шымылдығын М. Төлебаев атындағы ұлт ас­паптар оркестрі Түркештің «Көңіл­ашар» күйімен ашты. Одан кейін бұйрат құмдар арасында өсіп байтақ далаға үнін жеткізген арқалы ақын, қабырғалы қайраткердің өмірі мен шығармашылығы арқау болған  фильм көрсетілді.

Мұзарт таудың мұзбалағы Мұқағали ша­быты шарболаттай қайралған ша­ғын­да «Алпысқа келіңіздер» деп адамзат ба­ласына ақ тілеуін жырмен жолдаған бо­латын. Ақиық ақынның меңзеген асуына алқынбай жеткен арда азаматтың ке­шін­де рухани шараның тізгінін ұстаған Қа­зақ­станның Мәдениет қайраткері, ақын, жур­налист Жұматай Әміреев Қазақстан Рес­публикасы Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құт­тықтау хатын оқып, киелі сахнаға зиялы қауымды шақырып, ақ тілекке кезек берді.

– «Беу, Алпыс! Шолтаң еттің келте күн­дей, Пай, дүние! Есік аттап енге­нім­дей...» деп жырлаған Алаштың айтулы ақыны Әміре Әрін алпыста! – деп тебі­ре­не үн қатқан облыс әкімінің орын­ба­сары Жақсылық Омар мерейтой иесінің асқаралы асуға абыроймен келгендігін, Қараталдан түлеп, шығармашылықтағы айрықша ізімен қазақ әдебиетінің қатепті қара нарына айналғандығын  ерекше атап өтті. Өңір басшысы Амандық Ба­та­лов­тың ыстық сәлемін жеткізді. Соны­мен қатар, Қазақстан Республикасының Ақ­парат және коммуникациялар ми­нистрі Дәурен Абаевтың Астанадан жол­даған «Ақпарат саласының үздігі» төс­бел­гісін салтанатты түрде табыс етті. Одан кейін ҚР Парламенті Сенатының депутаты Аңсар Мұсахановтың құттық­тау хаты оқылса, өз кезегінде сөз алған Қазақстан Жазушылар одағы басқар­масы төрағасының бірінші орынбасары, Ха­лықаралық «Алаш» әдеби сыйлы­ғы­ның лауреаты, ақын Ғалым Жай­лы­бай:

– Қазақ руханиятының қара шаңы­рағы Қазақстан Жазушылар одағының атынан аңқылдаған ақ самалдай болып ақынның тойына келдік. Ақынның тойы – таза, ғажайып той. Бұл айтулы жасқа ке­шегі Ілияс, Сәкен, Мағжан сынды тұл­ғалар жете алмады. Сондықтан бұл ақын үшін оңай белес емес... Әміре досым қашанда дарқан даланың асау өзенде­рін­дей қайсарлығымен, шығармашы­лы­ғы­ның мөлдірлігімен, білім, таным, қай­рат­керлік арнасының кеңдігімен елін сүй­сін­діріп, қаламдастарын тәнті еткізіп ке­леді. Мен бұл қуанышқа толқып, ақ ті­ле­гімді арқалап жеттім,  – деді. Соны­мен қатар, шайырға арналған сезім қы­лын шертер «Қарагер» атты жырын оқыды.

Ақиқатында Әміре Әрін киелі саха­ра­ның төсіндегі сан бұлақтан құралған өзендей арналы жан. Оның бойында түрлі өнер тоғысқан. Ақындығы ала­бө­тен көрінгенімен, кешегі сал-серілердей ақ­қуды күймен қайырып, әнімен та­лай­ды тамсандырса, қаламынан төгілген туындылары талай ғасыр өтсе де тал­ғам­паз оқырмандардың қайталай қауы­шып отыратын рухани қазынасына ай­на­лары сөзсіз. Осындай қабілетке ие Алаш азаматы кеш барысында сөз алып, же­ті­сулық жұртына деген ықыласын жет­кізді.

– Қазақта «төбем көкке екі елі жет­педі», – деген сөз бар. Менікі бір-ақ елі! Өмір деген – үлкен өзен. Бірде ағыстың жетегінде кетесің, бірде қарсы жүзесің. Бірақ соның бәрінен аман өткеретін се­нім деген тылсым күш бар. Адам үл­кен мақсаттарды алға қойып, сеніммен қадам басса көп нәрсеге жететін кө­рінеді. Соны өмірімнен көріп келемін. Қазақтың қасиетті сөзін қадірлеп, ақынын алқалап келгендіктеріңізге рахмет! – деп тебі­ренген шайыр  тағдырының темірқа­зы­ғына айналған хакім Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әні мен итальяндық ән «О, соле мионы» оркестрдің сүйемел­деуімен тамылжыта шырқады.

Әсем әннің сиқырлы әуезінен кейін руханият айдынында жүрген алдыңғы толқын сөз алып, ақжарма тілектерін ақтарды.

– Тойға келген адамның тілек біл­ді­рерде мақтауын асырып қойып, ел ал­дында ұятқа қалмайын деп күмілжіп қа­ла­тын кезі болады. Жөні бөлек бұл той­да, керісінше, Әміреге лайық баға бере алмай қаламын ба, – деп қорқақтап тұр­мын. Өйткені, Әміретай сан салада өзінің еңбегін абыроймен атқарған аза­мат­тығы бөлек інім, рухани қанаттасым, – деген Мемлекеттік сыйлықтың лау­ре­аты Бексұлтан Нұржекеұлы мерейтой ие­сінің азаматтық істеріне, рухани бол­мы­сы мен келбетіне жан-жақтылы тоқта­лып өтті. Лауреат атанғанда алған ша­па­нын ырым қылып рухани інісіне ай­нал­ған айбоз ақынның иығына жапты. Өз кезегінде тебірене сөз сөйлеген Қазақ­стан­ның Журналистика академиясының президенті Сағымбай Қозыбаев ақын­ның тойы мұқым елдің қуанышы екен­дігін айрықша атап өтіп, «Қазақстанның Журналистика академиясының ака­де­мигі» төсбелгісін салтанатты түрде та­быс етті. Ал, «Өлке тынысы» жауап­кер­шілігі шектеулі серіктестігінің дирек­торы Мейрам Жанадилов Әміре Әрін­ұлы­ның Отан алдындағы әскери боры­шын адал атқарғанына тоқталып, Саға­дат Нұрмағамбетов атындағы төсбелгіні өңіріне қадады.

Кеш барысында Қазақстаннның түк­пір-түкпірінен келген зиялы қауым өкіл­дері ақ тілектерін арнады. Солардың қа­та­рында ақынның кіндік қаны тамған Қаратал өңірінің әкімі Қайрат  Бей­сем­баев, «Нұр Отан» партиясының облыс­тық филиалы, Қазақстан халқы Ас­сам­блеясының облыстық филиалы бас­шылары, Қазақстан Ардагерлері қауым­дастығының төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Сма­ғұ­ловтың құттықтауы мен «Қазақстан ар­дагерлері» қауымдастығының арнайы төсбелгісін орынбасары «Құрмет» ор­денінің иегері Әділ Әбдіхалықов табыс етті. Ал қазақ тележурналистикасының қара нарына айналған Нұртілеу Иман­ға­лиұлы ақын досына әзілмен әрленген лебізі мен арнайы жазылған жыр-тілегін ар­нады. Сонымен қатар, қазақ жур­на­листикасында «Шерағаның шекпені» сынды тіркестің қалуы секілді, «Әміре әле­мін» қалыптастырған тәлімгердің «Же­тісу» газетіндегі жас тілшілері шайыр­дың отты өлеңдерін оқып, тың­дарман қауымды рухани сусындатты.

Сарша тамызда өмірге сайын даланы жырмен тербеуге келген қаламгердің қасиетті тойында Ағайша Исағұлова сынды жезтаңдай әншілер мен Сүйінбай атындағы облыстық филармониясы өнерпаздары өнер көрсетті. Оған қоса, арда ақынның аяулы жары Гүлбаршын Әрінова Л. Хамидидің «Қазақ вальсі» мен Ш. Қалдаяқовтың «Қайықта» сынды классикалық әндерін әуелетіп, тыңдар­ман жұртты тәнті етсе, немересі Рамазан Дулатұлы ақын атасының саф туын­дысын сахнада сөйлетіп, көпшілік ықы­ласына бөленді.

Зиялы қауымның алқаусыз айтқан «ғажайып той» деген бағасына  лайықты, жоғары деңгейде өткен рухани кеш ба­ры­сында ақынның ізбасарлары да сахна тұғырына көтеріліп, ағымдағы жылы облыс әкімінің қолдауымен жа­рық­қа шыққан өз кітаптарын тарту етті. Олар Әміре Әрінді «Әмен Сері» деп біле­тіндігін, шайырдың тек же­тісу­лық­тар­дың ғана емес, исі қазақтың мақтанышы екендігін тебіреніспен айтып өтті. Өз кезегінде сөз алған Алматы облысының «Құрметті азаматы» Наурыз Қы­лыш­баев:

– Ақынның қай өлеңін оқысаң да тұнып тұрған философия, елжандылық, махаббат, адамгершілік. Бұл кеш соны дә­лелдеп отыр. Қазақтың небір игі жақ­сы­лары Әміреге таңдай қағып, шы­ғар­машылық өмір жолын әуелетіп айтып отыр. Осынау қуаныш үстінде туыстары, жерлестері – біз шалқып отырмыз, – деп тебіренді. Сонымен қатар, «Әміре кім?» деген сауалға, «Бабаларымыздың ама­на­тын жаңғыртып, оқырмандар сезімін оятып, әр шығармаң рухани қуат берген арқалы ақынсың. Сен, бостандық аңсап қанға батқан Алаштың арыстары мен қазақтың ұландарының ерліктерін паш еткен айбоз ақынсың!..» деп жауап бе­ретіндігін айрықша айшықтады. Осы­лай­ша ақынның бар болмысын, қай­рат­керлігі мен азаматтық қасиетін жан-жақт­ы ашып көрсетті. Сонымен қатар, мерейтой иесінің иығына шапан жауып, бауырлары мен туыстары атынан жол талғамайтын «Тойота» автокөлігінің кіл­тін табыс етті.

Қазақ поэзиясында өзіндік үні және соны соқпағымен дараланған, азамат­тық­тың асқақ белесінен тұғыр сайлаған ел перзентінің «Айқабақ» әдеби-сазды кеші рухани досы, белгілі сазгер Әли Алпысбаевпен қосыла шырқаған «Жан досым» әнімен мәресіне жетті.

 

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ.