БІЗДІҢ МАҚСАТ - ГҮЛДЕНГЕН ҚАЗАҚСТАНДЫ БОЛАШАҚ ҰРПАҚҚА АМАНАТТАУ

Уақыты: 04.11.2021
Оқылды: 2742
Бөлім: РУХАНИЯТ

Тәуелсіздік - таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті ұғым. Биыл Қазақстан Республикасының тәуелсіздік бесігінде тербелгеніне 30 жыл толып отыр. Осы отыз жыл аралығында Қазақстан керегесі кең, терезесі тең, өз алдына дербес, бәсекеге қабілетті, зайырлы мемлекет болып қалыптасты. Қазіргі таңда еліміздегі егемендіктің көрінісін халықтың әлеуметтік жағдайының өсуінен және мемлекеттің қарқынды дамуынан көруге болады.

Тәуелсіздікке апарар жол өте күрделі болды, себебі, көптеген ғасырлар бойы қазақ халқы тәуелсіздік пен егемендік алу үшін күресуіне тура келді.

"Бір ел - бір тағдыр" қағидатына негізделген Қазақстан халқының келісімі мен бірлігі туралы Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың саясаты ел іргетастының қалыптасуына әсер етті. Егемендік жылдарында Қазақстан экономикалық дамуда, азаматтарымыздың өмір сүру деңгейін арттыруда, демократияның берік негіздерін қалауда айтарлықтай табыстарға қол жеткізді.

Елбасы баршамызды Қазақстанның ұлттық рухын – салт-дәстүр, патриотизм, жаңару мен жеңіс рухын нығайтуға шақырды. Қазіргі таңдағы Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың кезекті мақаласын мұқият зерделей отырып, тәуелсіздіктің құнды асыл мұрамыз екендігін, оның қоғамымыз үшін өзектілігін атап өтуге болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біздің міндетіміз - гүлденген және қуатты Қазақстанды болашақ ұрпаққа мұра етіп қалдыру», - деп нақты айтты. Әсіресе, бұл аумақтық тұтастық пен мемлекеттік егемендікті нығайту мақсатында мызғымас құндылықтар болып табылады.

Бұл тұрғыда белгілі қазақстандық конституционалист, профессор Е.Дүйсенов «егемендік» терминін қолдануды ұсынады, өйткені, тәуелсіздік мемлекеттік биліктің бірлігімен, үстемдігімен қатар мемлекеттік егемендікті құрайды. Мемлекеттің егемендігін қамтамасыз ету жүйесінде тәуелсіздік тұжырымдамасына, оның іс жүзінде жүзеге асырылуына үлкен мән беріледі және мынадай мағынада түсіндіріледі:

1) мемлекеттің халықаралық аренадағы толық дербестігі. Бұл дегеніміз қоғамның, мемлекеттік институттардың, басқа да экономикалық, саяси құрылымдардың сыртқы қысымға бағынбай даму жолдарын таңдау еркіндігі;

2) мемлекеттік билік институттарының өз құзыретіне кіретін әлеуметтік, экономикалық, саяси даму мәселелері бойынша шешімдер қабылдауда, ел ішінен мемлекеттік билік пен басқарудың жекелеген субъектілерінен келетін кез келген озбырлықтан, араласудан, мәжбүрліліктен бөлек әрекет ету мүмкіндігіндігің болуы.

Ата-бабаларымыздың аңсаған арманы тәуелсіздіктің бесігінде тербеліп, еркін өмір сүріп жатқан біздер шынайы бақытты жандармыз. Ендігі мақсат - осы еркіндікті баянды ету. Бұл - біздің басты парызымыз. Тәуелсіздік - мемлекет пен ұлт тарихындағы ерекше белес, қазақ халқының сан ғасырлық арманы. Жыл сайын 16 желтоқсанда біз Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнін атап өтеміз.

Тәуелсіздік - бұл байырғы өткен бабаларымыздан бері сақталып келе жатқан ұлы жеңістің тартуы. Қазақстанда тұратын әрбір ұлт өз ана тілінде сөйлеуге, мәдениеті мен дәстүрін дамытуға құқылы.

Қорытындылай келе, тәуелсіздік - Қазақ халқының, ата-бабамыздың бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Әрбір жас буынның жүрегіне Отанға деген шексіз сүйіспеншілікті дарыту қажет. Себебі, тәуелсіздік - кешегі өткен бабаларымыздың аңсауы болған, ал бүгінгі ұрпақтың қолы жеткен киелі кезең. Ұлтымыздың асыл мұрасы болып саналатын тәуелсіздігімізді нығайтып, елімізді көркейту - келешек ұрпақтың басты міндеті деп есептейміз.

Н.КАЛИШЕВА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультетінің мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық құқық және әкімшілік құқық кафедрасының доценті

Д.СЕРІКҚАНОВА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ "халықаралық құқық" мамандығының 4-курс студенті

Сурет - ғаламтордан