Өлең – сөздің патшасы...

Уақыты: 07.09.2017
Оқылды: 1617
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ұлы Абай  мен  Шәкәрімнің  шығармашылық  мұрасы – халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймайтын рухани қазынасы. Оны жас ұрпақ бойына сіңіріп, дәріптеу – аға буын алдында тұрған үлкен міндет. Осыған орай Үшқоңыр ауылындағы орта мектеп-гимназиясында аудандық ХVIII Абай, Шәкәрім оқуларының байқауы өтті. Оған ауданымыздың 25 мектебінен оқушылар қатысып, бақтарын сынады.

Шараның мақсаты – жас ұрпақты  Абай, Шәкәрім оқуларына деген сүйіспеншілігін арттырып, сөз өнеріне тәрбиелеу және ұлттық әдебиетіміз бен мәдениетімізді насихаттау, оқушылардың бойындағы табиғи дарыны мен талантын дамыту. Байқау «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» тақырыбында Абай, Шәкәрім шығармаларын жатқа оқу, «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» тақырыбындағы жас дарындар сайысы, «Көңілім әнді ұғады» тақырыбында Абай, Шәкәрім әндерін орындау сынды үш кезең бойынша өтті.
Бұл сайыста біздің мектеп-гимназияның 7 «б» сынып оқушысы Дамира Куанбаева «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы»  номинациясы бойынша Абай мен Шәкәрімнің 103 өлеңін жатқа мәнерлеп оқып І орынды, Әсемай Тәуипбаева «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда»  жас дарындар байқауы бойынша ІІІ орынды, «Көңілім әнді ұғады» аталымы бойынша Айдана Әсемжанқызы ІІІ орынды жеңіп алып, Мақтау қағаздарымен марапатталды.
Шара соңында 7 «б»  сынып оқушылары Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», «Айттым сәлем, Қаламқас» әндерін нақышына келтіріп  шырқаса,  8 «а» сыныбының «Ару» би тобы «Шашу» биін мың бұрала биледі. Сондай-ақ, Абайдың «Шегіртке мен құмырсқа» мысалынан көрініс көрсетілді. Бұл тағылымы зор шарадан оқушылардың алары мол болды.


Жұлдыз Мамырбаева,
Үшқоңыр ауылындағы орта мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.
Қарасай ауданы.